20 түп алма ағашын отырғызды

Жас кәсіпкер И.Бағытжанұлы Сарытоғай ауылының екі тұрғынына өз қайырымдылық көмегін ұсынып, әр үйге 10 түптен барлығы 20 түп алма ағашын отырғызуға шешім қабылдапты.

1 мамыр— Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кәсіпкер ауылдастарын зор қуанышқа бөлеп, жиырма түп алма ағашының көшеттерін шарбақтарына өзі отырғызып берді. Акцияға аудандық кәсіп- керлік және туризм бөлімінің басшысы Ж.Пазулов бастаған қыз-жігіттер қатысып, жас көшеттерді отырғызуға олар да атсалысты. Алдымен кәсіпкер Сарытоғай ауылының тұрғыны Асқар Тасименовтің шарбағына 10 түп алма ағашын екті. Үй иесі бастап, демде шарбаққа ағаштар отырғызылып, оларға су құйылды. Атшаптырым алқапты алып жатқан бау-бақшада алма, шие, басқа да ағаштар өсіп тұр. Алма ағаштары да солардың қатарын толықтырды.

Отбасы атынан Шолпан Шанаева жас кәсіпкерге алғыс айтып, қашанда кәсібінің нәсібін көруге жазсын деп ақжарма тілегін арнады. Ата-енесінің қара шаңырағында кезінде көп жеміс ағаштары болған екен. Одан әрі тұрғын Әлібек Сабырғалиевтың шарбағына да кәсіпкер 10 түп алма ағашын отырғызды. Оған қасына ере келген көмекшілері жерді демде қазып, су құйып, ағаш отырғызуға кірісіп кетті. Ол сөз арасында бұл жеміс ағаштарының сары және қызыл алма беретінін де айтты. Жас кәсіпкер Ибатолла Бағытжанұлы «Құлкеш» жеке кәсіпкерлігін басқарып, құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысады екен.

Бұл шарбақ та бүкіл аумақты алып жатыр. Бұрыннан отырғызылған ағаштар да жайқала өсіп тұр. Шарбағына 10 түп алма ағашы егілгеніне қуанған үй иесі Камшат Шапағатова сөз арасында отбасында төрт ұлды тәрбиелеп-өсіргенін, бір ұлы әскер қатарына кеткенін, тағы бір ұлы Атырауда студент, қалған екеуі мектеп оқушысы екенін жасырмады. Әп-сәтте алма ағаштары отырғызылып, су құйылды. Кәсіпкерге шынайы ризашылығын білдірген К.Шапағатова оған толайым табыстар тіледі. Кезінде өз отбасына көмек қолын созған кәсіпкерлік және туризм бөлімнің мамандарына да алғысын жаудырды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521