Жемқорлыққа қарсы жаңа жобалар жөнінде жан - жақты айтылды

Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі, қоғам қайраткері А.С.Соловьева бастаған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ ауданға сапарын халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысудан бастады.

Аталмыш топтың мемлекеттік қызметшілермен, мекемелер мен ұйымдардың, квазисектор қызметшілерімен, партия, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдерімен және кәсіпкерлердің қатысуымен болған кездесу жиынынын аудан әкімі Сырым Мұратұлы кіріспе сөзбен ашып, жиналған жұртшылыққа топ мүшелерін таныстырды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі С.Рысқалиев баяндама жасады. -Махамбет ауданы бойынша 2017 жылы барлығы 34147 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 5810-і (17%) Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік органмен көрсетілген (Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы), ал 25918-і (76%) мемлекеттік органдарда көрсетілген (тікелей мемлекеттік органдар арқылы қағаз түрінде). Электронды форматта, яғни веб портал арқылы көрсетілген қызметтер саны –2419 (7%) (e.gov.kz – порталы арқылы жеке тұлға ), -деді сөзін одан әрі сабақтаған аудан басшысы Сырым Мұратұлы. Ақпараттандыру мақсатында жыл бойына 128 шара өткізіліп, шараға 43931 ауыл тұрғындары қамтылды. Махамбет ауданы бойынша 2017 жылдан бастап 10 ауылдық округ әкімі аппараттары e.gov.kz «электрондық үкімет» веб-порталымен пилоттық негізде өз жұмыстарын бастады, компьютерлік құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Аталған жоба негізінде өткен жылы 3808 тұрғын жергілікті жерде электронды цифрлық қолтаңбаларын алып, 9544 электрондық қызмет көрсетілді (яғни ауылдық округтерде алынған электрондық цифрлық қолтаңба мен электронды көрсетілген қызметтер саны). 2018 жылдың І тоқсан қорытындысымен барлығы 4147 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 1793-і (43%) Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік органмен көрсетілген (Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы), ал 1947-і (47%) мемлекеттік органдарда көрсетілген (тікелей мемлекеттік органдар арқылы қағаз түрінде). Электронды форматта, яғни веб портал арқылы көрсетілген қызметтер саны – 407 (10%) (e.gov.kz – порталы арқылы жеке тұлға ). Аудан бойынша жыл басынан бері барлығы 2952 тұрғын электрондық цифрлық қолтаңбамен қамтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары, биыл тек бірінші тоқсанда қамтылған электрондық цифрлық қолтаңба саны, өткен жылдың 77,5%-ын құрап отыр (2017 жылы – 3808, 2018 жылы І тоқсанда 2952), биыл жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш едәуір өсетінін байқап отырмыз. Оның ішінде мобильдік топпен пилоттық жоба негізінде жергілікті жерде 352 тұрғын электрондық цифрлық қолтаңбамен қамтылып, 2317 электрондық қызмет көрсетілді (яғни ауылдық округтерде алынған электрондық цифрлық қолтаңба мен электронды көрсетілген қызметтер саны). Электрондық мемлекеттік қызмет көрсетуді ақпараттандыру мақсатында І тоқсанда барлығы 95 шара өткізіліп, 9600 ауыл тұрғындары қамтылды. Аудан тұрғындарына электронды мемлекеттік қызметтерді насихаттау мақсатында 30 бейнероликтер көрсетіліп, 2845 брошюралар мен жадынамалар таратылды. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында электрондық қызмет алушыларға арналған өзіне-өзі мемлекеттік қызмет көрсету бұрышы (Connection Point) жасақталып, компьютерлік құрал- жабдықтармен толық қамтылған.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру мақсатында ағымдағы жылы 30 наурызда мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңке барысында 54 тұрғынға әртүрлі сұрақтар бойынша кеңес беріліп, 107 тұрғын электрондық цифрлық қолтаңбаларын алды. Электрондық қызмет көрсетуді насихаттау мақсатында тұрғындарға 120 брошюра таратылды. Сонымен қатар 17-23 сәуір аралығында 10 елді мекенде тұрғындарға «Электрондық үкімет» веб-порталымен жұмыс жасауды үйрету мақсатында семинар тренингтер өткізілді. Өткен жылы және үстіміздегі жылы күні бүгінге дейін кешіккен құжаттар болған жоқ. Аталған жұмыстар жалғасын табатын болады.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ

Баяндамада айтып өткендей, аудан деңгейінде Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ құрылып, өз жұмысын жүргізген. Махамбет аудандық әкімдігінде 2017 жылдың І және ІІ жартыжылдық қорытындысы бойынша тұлғалардың қызметінде сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жағдайлар мен себептер анықталмаған. Ресми интернет-ресурсының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары орналастырылған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері басым бөлімдер деп есептелетін аудандық жер қатынастары бөлімінде қазіргі уақытта азаматтарға жер телімдерін жеке меншікке пайдалануға құқық беретін құжаттарды қабылдау электрондық форматқа ауыстырылған. Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жанындағы Тұрғын үй бөлу жекешелендіру комиссиясы өз отырыстарын жариялықпен өткізіп келеді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен хаттарына арналған пошта жәшіктері және сенім телефондары оңтайлы жұмыс істеуде. Аудандық әкімдіктің Фейсбук әлеуметтік желісінде арнайы аккаунты ашылып, тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде ауданның мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлық көрініс- терінің алдын алуға мақалалар жарияланып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» ахуал қалыптастыру үшін барлық мекемелердің көрнекті жерлеріне және ауылдық округтердің орталық алаңдарында баннерлер ілінген. Махамбет аудандық әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда белсенділік танытқаны үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан әрі қаралып отырған мәселеге орай Махамбет аудандық арнайы мониторинг тобының жетекшісі, мәслихат депутаты А.Құрманбаев қосымша баяндама жасады.

ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕН ҚАРЛЫҒАШТАЙ

-«Парадан жиған түйеден, адалдан жиған ешкі артық, бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық, сақалын сатқан кәріден, ел сыйлаған есті артық» деп өз сөзін өлең жолдарымен түйдектете бастаған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Тілектесұлы Бердалин осынау жемқорлық деген жеті басты дию жөнінде адамдардың бойында жиіркенішті сезім қалыптастыру бағытындағы небір шұрайлы сөздерін жеріне жеткізе айтты. Құрамына тәуелсіз белсенді көшбасшылар тартылған топ өңірлердегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысы қай деңгейде,жергілікті тұрғындардың көңіл-күйлері қалай, қай жерден кемшілік жібердік? деген сауалдар төңірегінде пікір жинақтау мақсатында жолға шыққандарын тілге тиек етті. «Тәрбие-тал бесіктен» деген бұрынғы бабалар қағидасымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектептерде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, оған жүз мыңнан астам мүше тартылғанын сөз еткен астаналық мейман қоғамдық бақылау картасы деген жаңа жоба қолға алынғандығын қаперге беріп, бюджет қаржысына салынып жатқан әлеуметтік құрылыс сапасы, жіберілген кемшіліктер туралы кез келген адам тікелей хабарласа алатынын жеткізді.

-Бірде орманнан қалың өрт шығып, бүкіл аң біткен жан сауғалап қаша жөнелгенде, жалғыз қарлығаш өртпен арпалысып, ұрттамалдап, су шашып жүріпті,-дейді Арман Тілектесұлы, сонда аңдар қарлығашқа: «сен не ақымақсың ба, бір ұрттам суға өрт сөнеді деп ойлайсың ба?» депті. Сонда қарлығаш: «әрине, менің қолымнан өрт сөндіру келмес, бірақ аз да болса талпынып, өз үлесімді қосып жүрмін» деген екен. Міне, осы отырған әрқайсысымыз сол қарлығаш құрлы тірлік жасап, жемқорлыққа қарсы күресте өз үлесімізді қоссақ, нұр үстіне нұр. Бұдан әрі Арман Тілектесұлы мемлекеттік қызмет әдебі, кәсіби мемлекеттік аппарат жөнінде айта келіп: -кеше ғана креслоға отырған мемлекеттік қызметкер танауын көкке көтеріп, әкесіндей адамға әкіреңдеп тұрса, ондайларға арамызда орын жоқ деді. Өйткені, бұрынғы бабалар даңқы жемқорлықпен емес, елге деген қамқорлықпен шыққан. Мәскеуден білім алған отандасымыз, қоғам белсендісі, дизайнер Ырза Тұрсынзада ата-бабаның ерлік дәстүрі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, өнер-білімге кең өріс ашу, Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру бағытындағы ойларын ортаға сала келіп, Атырау қаласынан мастер класс ашып, дизайн өнерін меңгеруге ниет білдіргендерді тегін оқытатынын құлаққағыс жасады.

-2017 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар жүргізілді,-деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Қадошұлы. Мемлекеттік органдардың қатысуымен екі мыңнан астам іс-шара өтті. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының өзінде осы бағытта облыс бойынша бес жүздей арнайы шаралар ұйымдастырылды. Бұдан әрі Тоқтамыс Қадошұлы «Жасырын тұтынушы» жобасы арқылы облыстық ішкі істер департаментіне қарасты жеке және заңды тұлғалардың көліктерін тіркеу, есепке алып, есептен шығару, мемлекеттік нөмір берудегі былықтардың бетін ашып, нақты шарасын алып, жұмысын жолға қоюға ықпал еткендігін жеткізді. Аудан тұрғыны С.Жайықов жоғарыда айтылған «Адал ұрпақ» жобасын мектептен емес, отбасынан бастау керек деген ұсынысын айтты. Жиын соңында республикалық мониторингтік топ жетекшісі А.И.Соловьева аудандағы мониторингтік топ мүшелерімен семинар өткізді. Талқыланып отырған мәселеге қатысты бейнеролик көрсетілді.

Н.ЕРҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521