Бұқа ұрлаған баукеспелер

Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарының орта кезінде қараша айының соңы еді. Атырау қаласынан арам ойлы төрт азамат арнайы қару-жарағын асынып, ұрлық жасауға шығыпты.

Астарына Атырау мұнай мекемесінің «Газ-69» автокөлігін мінген. Олар Атырау мұнай айдау мекемесінің қатардағы инженері, Атырау аэропортының «АН-24» тікұшағының ұшқышы, базар басында кәуап дайындайтын ұлты әзірбайжан жігіт және «ГАЗ-69» автокөлігінің жүргізушісі еді. Сол жылы күн ерте салқындап, Жайық өзенінің беті ерте қатып қал-ған болатын. Олар машинамен Аққайың селосына дейін тасжолмен келіп, содан кейін Жайыққа түсіп, мұз үстімен сыдырта жүріп, Чкалов пен Сарайшық ауылдарының ортасында Жайықтан жағаға бір-ақ шыққан.

Сол арада мүйісте «Первомайский» совхозының сиырлары жайылып жүргенін көреді. Көктен іздегені қарсы алдынан шыққанына қатты қуанған олар өз арам ойларын тезірек іске асыруды ойлап, машинамен сиырларды бір айналып өтеді. Малда бақташы болмағандықтан ұрылар көп ойланып жатпай, тезірек ойға алғанды іске асыруды көздейді. Әсіресе, тұмсығына темір шығыршық таққан асыл тұқымды бұқа бірден көзге түскені. Қолға үйретілген мал болғандықтан бұқа бұлардан онша қаша қоймайды. Әзірбайжан жігіті жақындап келіп, балтамен бұқаны қақ маңдайдан соғып құлатады. Ал қалғандары жиналып келіп, малдың терісін сыпырып сойып, лезде санын, қолын бұтарлап, бәрін бөлшектеп, көлікке тиеп алады.

Тек ішек-қарнын тастап, ешкім жоқта із жасыру мақсатында қайтадан Жайыққа түсіп, мұз үстімен жоғары өрлей жүріп кетеді. Жалғансай ауылының тұсында олар балық аулап отырған әуесқой балықшыларға тап болады. Бірақ тоқтамай қастарынан зу етіп, өте шығады. Махамбет ауылына жақындап келіп, Жайықтан қайта өтіп, Махамбет арқылы Атыраудың жолына түседі. Бұл түстен кейінгі мезгіл болатын. Жол бойында сол кездегі Махамбет аудандық ІІБ-ның МАИ бөлімшесінің взвод командирі Карим Бердешов тұр еді. Күре жолды өз бақылауына алған ол Таңдай ауылына қарай бұрылатын қиылыста тұрған болатын. Сол кезде қасындағы инспектор Махамбетке сұранып кетіп, Карим жал- ғыз өзі көліксіз тұрған-ды. Күн жексенбі болғандықтан жол бойында автокөліктер қозғалысы тым көп емес, тек анда-санда ғана бірен-саран автокөліктер жүріп жатқан. Кенет ол Махамбет жақтан келе жатқан «ГАЗ-69» автокөлігін байқап қалады. Көлік жақындағасын тексеріп жіберіп үшін Карим тоқтауға белгі береді. Ол тоқтайды ғой деп есептегендіктен көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірін анықтап алмай қалады. Сол сәтте көлік жақындағанда бейне тоқтайтындай ыңғай білдіріп, әдейі жүрісін баяулатып, дәл Каримнің қасына жақындағанда қатты жылдамдықпен зуылдап, өте шығыпты. Тоқтайды деп есептегендіктен ол қасынан зу етіп, өтіп кеткен көліктің тек артқы нөмірлік белгісінің тек соңғы екі санын көріп, жадына сақтап қалады.(ол кезде нөмірлік белгі 4 саннан тұратын).

«Первомайский» совхозының бақташысы күндегі дағды бойынша малды оңаша мүйіске жайылысқа шығарып, түс ауа сағат 16.00-де келіп, малды жинақтап, айдап қайтатын. Бұл күні де сол уақытында келсе, табында асыл тұқымды бұқа жоқ, тек орнында тастап кеткен ішек-қарындары жатыр екен. Мұны көріп, есі шыққан бақташы атымен ауылға қайта шабады. Аудандық ішкі істер бөліміне түскен суық хабар бойынша кезекші бастықпен хабарласып, тез оперативтік топ жинақталып, оқиға болған жерге шығады. Сов- хоз орталығы Бейбарысқа келіп, бақташыны және тиісті мамандарды алып, бұқаны әкеткен жерге келгенде күн кешкіріп, іңір болып қалып еді. Оқиға орнын анықтап қарауға жағдай болмағандықтан тергеу мамандары келесі күні ерте келіп, жарықпен оқиға орны қаралды.

Бірақ автокөлік ізінен басқа еш белгі қалмаған екен. Көліктің іздерін зерделегенде оның Жайықтан жағаға шыққаны, жайылып жүрген сиырларды бір айналып шығып, бұқаны бөлшектеп, тиеп алғаннан кейін қайтадан Жайыққа түскен іздері анықталса керек. Жайық үстінде әртүрлі бағытта жүрген басқа автокөліктердің іздері көп болғандықтан іздеген іздерді анықтауға мүмкіндік болмапты. Оперативтік топ ізден басқа айғақты заттар болмағанымен, болған қылмысты қалайда ашу, ұрыларды табу мақсатында жақын ауылдардың адамдарынан сұрастырып, ауыл басшыларына әдейі хабарлап, сезікті автокөлікті байқаған адамдар болса, хабарласуды сұраған. Үш күннен соң Жалғансай ауылының бір азаматы жексенбі күні түс мезгілінде олар ауыл тұсында мұз үстінде балық аулап отырғанда қастарынан сегіз адамдық «ГАЗ-69» автокөлігі Махамбетке қарай өтіп кеткенін, бірақ оның мемлекеттік нөміріне назар аудармағанын хабарлады. Бұл кезде шұғыл топ бастықтың кабинетінде жасалған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жасалатын жұмыстардың жоспарын жасақтап жатыр еді. Сол кезде қатысып отырған Карим орнынан атып тұрып, демалыс күні түстен соң постыда тұрғанда қасынан «ГАЗ-69» автокөлігі тоқтамай өтіп кеткенін, тек қана нөмірінің соңғы саны «78» екенін айтты. Сол бойда Атырау қаласына келіп, облыстық МАИ бас-қармасының картотекасынан нөмірлік белгісінің соңғы саны «78» болатын ГАЗ-69» автокөліктердің тізімін алдық.

Мұндай көліктер саны 8 екен. Соның ішінде Атырау мұнай айдау басқармасына қарасты автокөлікке назар аудардық. Таңертең сағат 9-да басқарамаға келсек, жүргізуші автокөлігімен кассирді алып, банкке ақша әкелуге кеткен екен. Сол бойда банкке келсек, жүргізуші ұзын бойлы орыс жігіті ойында ештеңе жоқ, банктен ақшамен шығатын кассирді күтіп отыр екен. Машинаның ішін қарағанда, жұққан қан, қызыл түсті қылшықтар байқал- ған. Әуелі жүргізуші мойындамады. Мекемесіне қоңырау шалып, кассирге басқа көлік жіберуді ескертіп, жүргізушіні машинасымен қоса қалалық ішкі істер бөліміне әкеттік. Үйіне барып қараған кезде мұздатқыштан бұқаның бел омыртқасының бір бөлігі шықты. Бұлтартпайтын айғақты заттар табылғаннан кейін жүргізуші болған оқиғаны толықтай мойындап, оқиғаның қалай өрбігенін айтты. Тұрақтары бойынша ұрлыққа қатысқан кісілерді анықтап, үйлерін қарап, қосымша айғақты заттар-екі қос ауыз мылтық, балта, аңшы пышағы және ет қалдықтары алынды.

Өздері қамауға алынып, әреттеріне қарай әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Бұл қылмыстың ізін көп суытпай, тез ашылуына себеп болған, сезікті автокөлік туралы хабарлаған Жалғансай ауылының тұрғыны болса, ал оның мемлекеттік белгісінің соңғы екі санын есінде сақтап, автокөлікті нақтылап берген сол кездегі Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінің МАИ бөлімшесінің взвод командирі Бердешов Каримнің қырағылығы еді. Кейін Карим Ақтау қаласына жұмысқа ауысып, Маңғыстау облыстық МАИ басқармасының бөлім, басқарма бастығы, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. Абыройлы қызмет атқарып, әртүрлі облыстық, республикалық деңгейлердегі марапаттарға ие болып, жасына байланысты полковник шенімен құрметті демалысқа шықты.

С.Жайлаубаев,

бұрынғы Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінің МАИ инспекциясының бастығы,

кейіннен Құрманғазы АІІБ-не Тергеу бөлімшесінің бастығына ауыстырылған,

Ішкі істер органдарының ардагері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521