Жүрек қалауы

1980 жылдың қыркүйек айы. Сарайшықта күн сарша тамыз секілді тамылжып тұр. Оқта-текте ауылдың алма бағы бетінен есіп өткен самал жел езілген алманың сүйкімді исімен дел-сал қылады. Күллі тіршілік иесін жайма-шуағымен манауратқан бір маужыр мезгіл.

Ұлы бесін шамасында сабақтан келіп, әжемнің қуырып қойған картобын түбіндегі қызыл қаспағымен қоса соғып алған соң түс ауа село орталығындағы кітапханаға бет алдым. Ол жерде мені жүзінен әркез мейірім шуағы есіп тұратын Зоя апай қарсы алды. Ылғи да осы. Мөлдіреп қана тұратын бір зипа жан. Оның осы бір ізгі болмысын бүкіл ауыл тұрғындары жақсы көріп, сүйсінетін.

Апай менің кітапханаға келгеніме қатты қуанады. Қандай кітаптарды оқитынымды да біледі. Осы жолғы келісімде маған қолға сирек түсетін бір тамаша кітапты дайындап қойыпты.

Мен әдеттегімше сөрелердің арасын аралап, көз жауын алған кітаптардың қайсысын таңдарымды білмей жүргем. Кенет апай: «Тарасжан, мен саған бір кітапты ұсынғым келіп тұр. Амандық болса сен енді бір-екі жылда студент боласың ғой. Сондықтан мен саған мына кітапты берейін» деп бір көкшіл түсті, мұқабасының сыртқы бетінде жапырақтың суреті бар әдемі кітапты ұсынды. Қарасам, қазақ әдебиетінің классигі Өтебай Қанахиннің «Жүрек қалауы» атты романы. Апайдың айтуынша, роман елуінші жылдар студенттерінің өмірі мен тұрмысы, махаббат сезімдері туралы сыр шертеді. Тәтті де мұңлы, қуанышты да өкінішті сезімдерге жетелейді.

Апайдың әңгімесі мені кітапқа оқымай жатып ынтықтырып қойды. Ол кісіге рахметімді айтып, кітапты қолтығыма қысып, үйге қайттым... Бұл Зоя апайдың Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде бірер жыл кітапханашы болып, енді селолық кітапханаға қызмет ауыстырған кезі еді. Ал мен бұл кезде тоғызыншы класта оқимын. Апаймен жалпы бір мектепте оқыдық. Ол кісі бізден алты класс жоғары оқыды. Қос жанары ойға шома мөлдіреп, у-шуға араласпай, ылғи кітап құшақтап жүретін. Арада көп жылдар өткенде мен апайдың сол бір қалпын жақсы көре, сағынышпен ойға алатынмын.

zoia161020

Осы бір кітапқа деген махаббат оны 1976 жылы Сарайшық орта мектебін бітірген бойда Гурьев (Атырау) мәдени-ағарту училищесіне жетелеп апарды. Шыны керек, мұғалімдері мен кластастары Зояны мұғалім болады деп ойлаған. Өйткені олар әулетімен мұғалім еді. Әкесі Қадыр Қарашин ағайымыз біздің кезімізде мектеп директоры болды. Ал оның әкесі Қазмұхамед Қарашаұлы осы Сарайшық орта мектебінің негізін қалаған адам. Бүгінде мектеп Қазмұхамед атамыздың атымен аталады. Одан қалса Қадыр ағайымыздың жұбайы Орынша апамыз мұғалім. Зоя апамыздың бауырлары тағы солай. Бірақ бала жасынан кітапты, сол арқылы кітапхананы сүйіп өскен Зоя кітапханашылықты таңдады. Кеудесіне үлкен парасат ұя салған Қадыр ағамыз бен Орынша апамыз (бүгінде ол кісілер бақилық болған) қыздарының жүрегіндегі асыл арманды түсінді. Ақ батасын берді. Ата-ананың батасы қабыл болып, Зоя өзі армандаған училищеге түсті. Оны 1979 жылы кітапхана ісі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Содан соң жоғарыда аталған Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде бірер жыл істеп, тәжірибе жинақтап, енді міне ауылдың үлкен кітапханасында қызмет етіп жүр.

...Апай туралы осындай ойлардың жетегінде келе жатып, үйге де жетіп қалыппын. Енді кітапты оқуға асықпын. Оған бірден отыру қайда! Сыртта шаруа толып тұр. Аула-қораны қысқа дайындау, көкөністің орнын жинау, картоп қазу секілді шаруалар бастан асады. Алма бақтың бригадирі бақ ішінен шөп шабуға рұқсат еткен. Ол да әлі шабылып бітпей жатыр.

Не керек, осындай шаруалардың арасында уақыт тауып, арада екі-үш күн өткенде кітапты оқып бітірдім де, апайыма апарып бердім. Әдеттегіше жайдары жүзімен қарсы алған апайым: «Қалай екен?» деді. «Керемет апай!» дедім алған әсерімді айтуға одан әрі тілім жетпей. Ал ішкі жан-дүнием болса алған әсерімнен алай-дүлей еді. Бес жыл бір пәтерді жалдап тұрған үш студент – Ахмедияр, Нұрай, Демесін атты жігіттер мен олар ғашық болған Зәру, Кеніш, Жұпар есімді студент қыздардың бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Әсіресе, Ахмедияр мен Зәрудің, Демесін мен Кеніштің махаббаттары неткен таза еді. Әсер дегенді қойсаңызшы, романның соңында республиканың түкпір-түкпіріне жолдамамен тарап кеткен осы кейіпкерлерді менің іздегім келгені және тезірек студент болуды армандағаным әлі есімде. Міне, Зоя апай оқырмандармен осылай жұмыс жасайтын.

jurek161020

Арада жылыстап жылдар өтті. Ауыл кітапханасында жеті жыл табан аудармай қызмет еткен Зоя апай 1987 жылы Сарайшық орта мектебінің кітапханасына ауысты. 1993 жылы Сарайшық орта мектебіне Зоя апайдың атасы Қазмұхамед Қарашаұлының есімі берілді.

Апайдың еңбегі Сарайшықтың күзгі бақтарындай өзінің мәуелі жемісін беріп келеді. Ол аудандық мектеп кітапханалары арасында өткен «Ең үздік кітапханашы 2013» байқауында кітапхананың материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқырмандардың ақпараттық даму деңгейін көтерудегі жетістігі үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасын, диплом-бас жүлдесін, екінші орынды дипломын, Алғыс хатын, облыстық білім басқармасының ІІІ дәрежелі дипломын иеленді. Отбасында отағасы Қалиев Серік ағамыз екеуі Дастан есімді ұл тәрбиелеп, өсірді. Серік ағамыз ұзақ жылдар Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде қызмет етті. Екеуі ұлдары Дастан мен келіні Гитадан Ақпейіл, Дильназ, Айымнұр, Исабек есімді немерелер сүйіп отыр. Бақыт деген осы емес пе? Бір кезде арманыма есік ашып, кітап атты сұлу әлемге ғашық қылған апайымның бақытты болуын мен әркез тілеп жүремін.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT