Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Ш.Айтматов академиясы және республикалық Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Құрманғазы ауданының, Атырау қаласының Құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевқа арналған әдеби еске алу кеші өтті.
Әдеби кеш жазушы-драматург Рахымжан Қасымғалиұлының шығармашылығы мен өмір жолы туралы түсірілген видеофильмнің көрермендер назарына ұсынылуымен басталды.
Қазақтың елі де, жері де талантқа кенде емес. Қазақ поэзиясының ақша бұлты атанған абыз Әбу, найзағай ақын Хамит, жұмбақ ақын Жұмекен, сын сардары Зейнолла Серікқалиев, Алаш жұртына ғана емес, әлемге аты жайылған Әбіш Кекілбаев, жанартаудай бұлқынған Фариза соңдарына өлмес мұра қалдырып, ұрпаққа аңыз болуда. Олардың ізінен ерген, күні кеше ортамызда жүрген, қара сөздің қаймағын қалқыған Рахымжан Отарбаевтың орны айрықша. Айналасына жастарды жинады. Әсіресе, шеттен келген қандас бауырларымызды қолдағаны туралы әдеби орта жыр етіп айтады. Қаламгер ретінде өзі қазақтың тарихи тұлғаларын сомдады. Бейбарыс сұлтан, Махамбет, нарком Жүргенов, Мұстафа Шоқай сияқты біртуар тұлғаларды ғасырлар қойнауынан суырып алып, ортамызға оралтты.
Рахымжан Қасымғалиұлының шығармалары бүгінде әлем тілдеріне аударылып, қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған жиынның жас ұрпаққа берері мол,- деген облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жазушының жары Сәуле Отарбаеваны сахнаға шақырып, иығына зерлі шапан жапты, халқымыздың дәстүрімен «елдің анасы болыңыз» деген ниетпен ақ жаулық ұсынды.
Шараға мұрындық болған Рахымжан Отарбаев атындағы руханият қоры ұйымдастырған республикалық әдеби-шығармашылық байқау қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар Алғыс хатпен, сертификатпен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, аталған конкурстың проза аталымы бойынша үшінші орынға Ислам Досбай, Балнұр Қажытай, Марат Әзімхановтар ие болды. Екінші орын Сержан Тоқтасыновқа берілді. Бірінші орынды Алмаз Мырзахметов қанжығасына байлады. Драматургия бойынша жеке шапқан жүлдегер Айзат Қадірәлиева марапатталды. Рахымжан Отарбаев атындағы арнайы сыйлық Айнұр Төлеуоваға табысталды. Қаламының желі бар бір топ жас ынталандыру сыйлығын қанағат тұтты.
Сондай-ақ, Рахымжан Отарбаев атындағы руханият қоры тағайындаған жас таланттарға арналған стипендияға проза номинациясы бойынша Бақытгүл Сәрмекова, поэзия номинациясы бойынша Айжан Тәбарак, әдеби сын, аударма жанры бойынша Самғар Тұмарбекқызы ие болды.
Жазушының неміс тілінде және әзербайжан тілінде шыққан «Бас» романының тұсаукесері де осы шара аясында рәсімделді.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ
Бейнерепортажды дайындағандар: Манарбек МАЙШАГИРОВ,
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ