«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен Атырау облысы айтыскерлерінің «Жекпе-жек» айтысына махамбеттік Серік Қойшығұлов пен индерлік Жәнібек Садыров қатысты.
Ақындар айтысын белгілі жазушы, ақын, Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев жүргізіп отырды.
Бірінші турда Серік- 51 дауысқа, ал Жәнібек-50 дауысқа ие болды. Сонымен қатар өнерпаздар Мұратбек Жұмашев, Дана Ғасырбек ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Келесі бөлім «Жұмбақ айтыста» ақындар Сарайшық, парақорлық, жемқорлық, дін мен сақал, өзге діннің шырмауымен бала-шағасын ертіп, Египет, Сирияға аттанып, жат елде көз жұмған жастары жайы да қозғалды. Залдағылар түгелге жақын Серікті айқайлап, қолдап отырды. Бұл турда Серік-100, Жәнібек-44 дауыс жинады.
Өнерпаз Олжас Аққалиев «Туған жер» әнін шырқаса, Қайрат Жұмашев Шәмшінің «Дүнген қызын» орындағанда қол соқпаған жан қалмады. Айтыстың «Түр-айтыс» түрі де ойдағыдай өтті. Ақындарымыз «аналарымыз алған 21 мың әлегін» де сөз етті. Жиналғандар Амандық Салахановтың, Еламан Ғафуровтың «Ақ бұлағын» тыңдап, бір жасап қалды. Қайым айтыста ақын Серік жаңа көпірге көрімдік сұраса, ал Жәнібек күй қағаны Қаршыға Ахмедияровқа ескерткіш қойылса деген ұсынысын тастады. Ақын, жазушы ағамыз Қойшығұл Жылқышиев бүгінгі айтыс шын айтысқа айналғанын, айтыстың классикалық түрін көрсеткенін айтты.
Айтыс төрағасы Серікбол Панабердиев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жаниба Қарасаева апамыз және жалғансайлық ақын ағамыз Аманкелді Есенғалиев ағамыз сөз алып, жүрек жарды лебіздерін білдірді. Айтысты жүргізуші ақын Қ.Жылқышиев екі ақынның айтыста тең түскенін айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Света Аманшиева өнер сүйер махамбеттік қауымға айтыс рухани азық сыйлағанын, екі ақын да өнер көгінде шарықтап жүргенін айтып, аудан әкімі атынан екі ақынды да «Алғыс хатпен» марапаттап, екеуіне 250 мың теңгеден байрақ ұсынды. «Тамашаны» құрғандардың бірі, өнер майталманы, бірнеше жылдан бері айтысты ұйымдастырып, өзі жүргізіп жүрген ақын, жазушы ағамыз Қ.Жылқышиевтың иығына оюлы зерлі шапан жауып, «Алғыс хатпен» марапаттады.
Жекпе-жек айтыс келесі күні Индер ауданында жалғасатын болады.
А.Қуанышқалиева