Махамбеттің Индердегі бір күні

Индер ауданында махамбеттік өнерпаздар өнер көрсетіп қайтты.

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күніне орай ару өзен ақ Жайықты тел емген, қашанда ел-жұрттың қошеметіне бөленген, жайлауын бірге жайлаған, ежелден біріне-бірі туыс болып, достық қарым-қатынасы қан тамырдай араласқан Индер ауданында махамбеттік өнерпаздар өнер көрсетіп қайтты.

Аталмыш шараны айтулы күнге ұйымдастырып, жоғарғы дәрежеде өтуіне мұрындық болған аудан әкімдері мен мәдениет ұжымдарына қос ауданның халқы да дән риза болды. Елімен еселенген Елбасы күніне орай Индер мәдениет үйінде болып өткен салтанатты шараның шымылдығын Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шамұратов Дарын Дүйсенбайұлы ашып, жиылған жұртты мерекемен құттықтап, қонақтардың қадамына құт тіледі. «Индер мен Махамбеттің арасындағы өнердің алтын көпірі үзілмесін»- деген ізгі ниетін де білдірді.

Мереке марапатсыз өтпейтіні белгілі. Аталмыш күнге орай облыс әкімінің, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалының, облыстық, аудандық мәслихаттың «Алғыс хатына» ұсынылған еңбеккерлер де осы кеште марапатталды. «Өнерпаз» мәдениет үйінің мерекелік шарасы күллі қазақ даласында аңызға айналған, батыстың батыр, ақын ұлдары Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлының диалогы мен бүгінгі ұрпақтарының ұлыларды ұлықтауды насихаттаған көрінісінен басталды.

m

mahambet519

Көрермен көңілінде қалған көрініс жас дирижер Рамиль Елемесов бастаған «Дәстүрлі әуен-өнердің өркені» фестивалінің жүлдегері, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы сертификат иегері «Атамұра» ұлт - аспаптар оркестрінің күй-шашуына жалғасты. Әнге айналған ару қыз, социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваға арналған Әбілахат Еспаев пен Садықбек Адамбековтің «Маржан қыз» әнімен Жайлашевтар отбасылық ансамблі де бұл кештің көркін қыздырды. Өңіріміздің мақтанышы, ауылымыздан шыққан талантты азамат Әли Төлеуов болса өз репертуарындағы кең диапазонды, шетелдік, отандық композиторлардың әндерін орындап, халықтың зор қошеметіне бөленді. Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылдың әнісіз батыста кеш өтпейді. Дара ақынның өнерін жалғап жүрген, Еламан Ғафуровтың жетекшілігімен бірнеше облыстық байқауларда жүлдегер атанып үлгерген «Сайран» вокалды аспапты ансамблі мен жеке дауыста Нұрболат Байахмет бұл жолы «Сәйгүлік» әнін орындап жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Дәстүрлі өнерді дәріптеуден шаршамайтын термеші Перизат Жазылбекқызы Нартайдың әні «Игигайды» , Назерке Нұрмолдаева халық әндерінен попурриді шырқаса, бұл кеште Шыңғыс Нұрғалиұлы, Айбек Ілесұлы, Еламан Ғафуров, Гүлсая Меңдігереева, Қайрат Жұмашев сынды аудан өнерпаздары да әсем әннен шашу шашты.

m

mahambet5719

Мерекелік кеште мың бұралған биімен көпшілікті тамсандырған Злиха Қадимова жетекшілік ететін «Әсем-ай» және Білім Аруеваның «Нұр-Ару» бишілер тобы болды. «Махамбет ауданының гимнімен» аяқталған кеш соңында Махамбет ауданының әкімінің орынбасары Аманшиева Света Ертілеуқызы құттықтау сөзімен қорытындылап, индерлік жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шамұратов Дарын Дүйсенбайұлы махамбеттік өнерпаздарға рахметін айтып, аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

mahambet5619

Жалпы қос аудан арасындағы мұндай мәдени байланыстың болуы, өнерпаздардың бір-бірін тек сайыстарда ғана емес осындай керемет кештердің киелі сахнасында көріп, тәжірибе алмасуы арадағы бауырластық пен достықты нығайта түсетіні сөзсіз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT