«Жас қанаттың» бас жүлдесі кімге бұйырды?

«Өнерпаз» мәдениет үйінде «Жас қанат-2020» жас орындаушылар арасында аудандық ән байқауы өтті.

Байқауға 18 бен 25 жас аралығындағы 12 өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Қатысушылар өнерін мәдениет саласында еңбек етіп жүрген сала мамандары саралап, әділ бағасын берді.

Байқауды Сәтжан Құжырбаев жүргізді. Байқау барысында Шәмші әндері, Ұлы Жеңіске арналған соғыс кезіндегі әндер шырқалды. Шараның шымылдығын ақтоғайлық өнерпаз Дамира Мұхамбетқали Шәмшінің «Қайықта» әнімен ашты. Махамбет ауылынан қатысқан өнерпаз Нұрболат Баяхмет «Сыған серенадасын» әуелетсе, Сарайшық ауылының тумасы Анел Алпысбаева «Әнім сен едің» әнін сызылтты.

qanat-4

Бейбарыстық Шәрбат Қуанышқалиева, ортақшылдық Махамбет Дулатұлы «Сыған серенадасымен» көзге түсті. Талдыкөлдік Сатқан Елдос, бейбарыстық өнерпаз Нұрлан Әділ « Ана туралы баллада» әнін, есболдық Әсем Таңатова, алғалық Орынгүл Сапарова «Қайдасың?» әнін орындауымен есте қалды.

jas-1

Жалғансай ауылының тумасы Молдан Ержан «Қайықта», Ақжайық өнерпазы Асылжан Бағытжанов «Сыңарым» әнін беріле шырқады. Бақсай ауылдық округінен қатысқан Бегалы Төлеу Алматы қаласына кетуіне байланысты «Сыр сұлуы» әнін онлайн форматта берді.

qanat-3

q

Екінші кезең патриоттық рухтағы әндерге арналып, соғыс кезіндегі әндер шырқалды. Дамира, Асылжан «Кестелі орамал» әндерін шырқаса, Нұрболат, Орынгүл «Әлия» әнін орындауымен тыңдарманына жақсы әсер қалдырды. Анел, Шәрбат, Әсем «Ана туралы балладаны» шырқаса, Елдос Сатқан «Катюша», Ержан «Бейбіт күн тілегі» әнін орындады. Ортақшыл ауылының өнерпазы Махамбет «Там за туманами» әнін, Нұрлан «Рота» әндерімен жиналғандар көңілінен шықты. Ал Бегалы Төлеудің «Ана туралы жырды» орындауын бейнетаспадан көрдік.

jyri141020

Өнерпаздарға қатысты әділ бағасын берген мәдениет саласының ардагері Б.Дюсупов, З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің директоры Э.Жалғасқызы, Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның саз пәні мұғалімі Э.Хисметуллина да өз ұсыныс-пікірлерін айтып, кеткен кемшіліктерді саралады.

«Жас қанат» байқауының қорытындысында бас жүлдені махамбеттік Нұрболат Баяхмет жеңіп алды. Жүлделі І орын Нұрлан Әділге(Бейбарыс) бұйырса, жүлделі ІІ орынға Орынгүл Сапарова(Алға) ие болды. Ал жүлделі ІІІ орынды Анел Алпысбаева иемденді. «Алғыс хатпен» Д.Мұхамбетқали, Ш.Қуанышқалиева, Е.Сатқан, Е.Молдан, М.Дулатұлы, Б.Төлеу марапатталды. Барлық жүлдегерлер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломдарына, алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT