Жақында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс рөлін кеңейту мақсатында байқау ұйымдастырды.
Еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 21-35 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 17 жеңімпазы қатысқан додада Талдыкөл орта мектебінің «Сәндік қолданбалы өнер» үйірме жетекшісі Асемгул Александровна Таяпова ІІІ орынға ие болды.
- Талдыкөл ауылының тұрғыны Таяпова Әсемгүл Александрқызын «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауына қатысуға лайықты деп санап, үміткер ретінде ұсынған болатынбыз. Әр түрлі тілдік байқауларға, шараларға қатынасып, жүлделі орындарға ие болып, тіл құдіретін анасының құрсағынан тәні мен жанына сіңіріп, есейе келе әдебиет, мәдениет пен өркениет кеңістігінен қажетінше дамытып, ел болашағына тілдерді дамыту, тіл мәртебесін арттыру бағытында өз үлесін қосып жүрген азаматша, бұған дейін де көптеген байқауларға қатысып, жүлделерге ие болып та жүрген еді. Бұл байқауда да үмітімізді ақтап, жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі 3-орынға ие болып, облыстың, ауданның абыройын асқақтатып, қуанышқа бөледі. Әсемгүлге бөлім атынан ризашылығымды білдіре отырып, алдағы уақытта да тек алға өрлей бер, тәлімі мен тәрбиесі мол дүниелерді жас ұрпаққа жеткізе бер, еңбегіңнің жемісі мен жеңісін көріп, талабыңа нұр жаусын дегім келеді, - дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гюльнар БЕКБАЕВА.
«Жайық-Ақпарат»