«Үздік пошташы» байқауы мәресіне жетті

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің маңызы ерекше.

Өйткені, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды баспасөз, телевидение мен радиосыз елестету мүмкін емес. БАҚ – тек ақпарат жеткізумен ғана айналыспайды, ол – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір.Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг болып саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің ұжымы да осынау кәсіби мерекелерін жан жадыратар жетістіктермен және жақсы көңіл күймен қарсы алды. Медиахолдингтің баспасөз орталығында өткен салтанатты мерекелік шарада серіктестік директоры Баязи Әбдешев ұжымды мерейлі мерекелерімен құттықтап, бір топ қызметкерлерді марапаттап, сый-сыяпаттар тапсырды.

– Журналист – қастерлі мамандық иесі. Оның қызметі халықпен, қоғаммен тікелей байланысты. Осының өзі әріптестерімізге зор жауапкершілік жүктейді. Ел артқан сенімнен шығу – абырой, – деп атап өтті Баязи Мәдешұлы.

Осы мерекелік шара барысында Атырау облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Үздік пошташы» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

«Үздік пошташы» байқауы –«Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының 2018 жылдың II жартыжылдығына газетке жазылу науқанын тиімді ұйымдастыру бағытында ағымдағы жылдың 1 мамыр – 25 маусым күндері аралығында бірлесіп, ұйымдастырған жобасы.

Байқаудың алдына қойған басты мақсаты – облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттеріне жазылым санын арттыру, «ҚазПошта» АҚ-ның үздік қызметкерлерін ынталандыру, «Атырау-Ақпарат» серіктестігі мен «ҚазПошта» АҚ облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайту болып табылады.

Аталған байқаудың шартына сәйкес, байқауға қатысушы «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кез келген пошта қызметкері аталған мерзім аралығында облыстық газеттердің біріне 50 немесе 200-ден аса оқырмандардың жазылуына ықпал етсе, байқау жеңімпазы, яғни, «Үздік пошташы» атанып, тиісінше қаржылық сыйақымен марапатталу көзделген. Мәселен, 50 оқырман жаздырған пошташыға – 25 000 теңге, 75 жазылушы – 35 000 теңге, 100 жазылушы – 55 000 теңге, 150 жазылушыдан жоғары – 75 мың теңге және 200 жазылушыдан асса – 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы қарастырылған.

Бір айта кетерлігі – газетке жазылушылардың жазылым мерзімі 6 айдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ байқау әділ өтуі үшін конкурсқа қатысу мүмкіндігіне тек пошта қызметкерлері ғана ие болды. Ал «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кеңселеріндегі мекемелерге және өздігінен жазылушыларға қызмет көрсететін операторлар қатыстырылған жоқ.

Байқау қорытындысы бойынша ең көп жазылушының газетке жазылуына ұйытқы болған 13 пошта қызметкері жеңімпаз деп танылды. Олардың 5-уі – Құрманғазы, 3-уі – Исатай, 2-уі – Қызылқоға, 2-уі – Махамбет аудандарынан болса, 1-уі – Атырау қаласының Балықшы ауылдық округінен. «Үздік пошташы» атанған жеңімпаздардың алды 60 жаста болса, ең жасы – 28 жаста.

Облыстық басылымдардың әрқайсысына 100-ден аса оқырманды жаздырған Құрманғазы ауданының Балқұдық және Сүйіндік ауылының пошта қызметкерлері Гүлжан Қайырова мен Ләйла Еслямова, Қызылқоға ауданының Миялы стансасының қызметкері Маржан Бейсова – 55 мың теңгенің сертификатына ие болса, 75-тен жоғары оқырманды жаздырған Исатай ауданының пошта қызметкерлері Дина Шарапова, Жұмабике Құлышева, Махамбет ауданы Сарайшық ауылынан Сұлтан Алтын – 35 мың теңгенің сыйақысын иеленді. Ал 50-ден жоғары жазылушымен қамтамасыз еткен Құрманғазы ауданының пошта қызметкерлері Айбарша Ибрашова, Нұрсұлу Алипова, Гүлбаршын Есенғалиева, Исатай ауданынан Назымгүл Қанатова, Қызылқоға ауданынан Райхан Салимова, Махамбет ауданынан Гүлмира Қарымсақова және Атырау қаласының Балықшы ауылдық округінен Сағира Күншекеева 25 мың теңгенің қаржылай сыйлығына лайық деп танылды.

Сондай-ақ «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға және «Үздік пошташы» байқауын ұйымдастыруға қосқан үлесі, серіктестікке қарасты облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарына дер кезінде жеткізу жолындағы ерен еңбегі үшін облыстық филиал директоры Алтын Садықова «Алғыс хатпен» марапатталды.

Байқау жеңімпаздарына арнайы дайындалған «Үздік пошташы» дипломдары мен қаржылай сыйақыларының сертификаттарын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев тапсырды.

Махамбет аудандық Пошта байланыс торабы Сарайшық стансасының пошта қызметкері Алтын СҰЛТАН:

14 жылда бірінші рет сыйақыға ие болдым

Пошташының, оның ішінде хат тасушының жұмысы өте ауыр жұмыстардың бірі. Осы салада жүргеніме 14 жыл болып қалыпты. 14 жылдың ішінде жұмыс барысында талай қиындықтарды бастан өткердік. Қыстың боранды күндеріне, жаздың аптап ыстығына қарамастан газет-журналды халыққа уақытында жеткізу үшін еңбек еттік. Кеңес кезінде халық басылымдарға өз еріктерімен, өздері іздеп келіп жазылып жататын. Ал қазіргідей әр үйдің төрінде ғаламтор орналасқан, оның үстіне қымбатшылық қысқан заманда газет-журналға жазылатын оқырман саны азайып кеткені жасырын емес. Қолымыздан келгенше осы байқауға атсалыстық. Оқырманды үйлеріне іздеп барып жазған күндеріміз де болды. «Атырау-Ақпарат» ЖШС тарапынан жасалған бұл ынталандыру өте құптарлық іс болды деп ойлаймын. Өйткені, мұндай ынталандырулар бұрын тек «Ақжайық» газетінде ғана болатын. Жастардан қалыспай жүріп, 75 оқырманды газетке жаздырғаным үшін 35 мың теңге сыйақыға ие болдым. Осындай байқаулар алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенемін.

Махамбет аудандық Пошта байланыс торабы қызметкері Гүлмира ҚАРЫМСАҚОВА:

Еңбегіңнің еленгені қандай жақсы

- Менің хат тасушы болып қызмет атқарғаныма бар болғаны 1 жылдың жүзі болды.Осы уақыттың ішінде өз жұмысыма төселіп қалдым десем де болады. Мен сияқты жастарға қызметімнің қыры мен сырын үйретіп, жұмысымды ынтамен атқаруға баулыған Тұрсын, Алтын сияқты алдыңғы буын апаларымыздың еңбегі зор. «Атырау-Ақпарат» ЖШС пошташылар арасында байқау жариялағанын естігеннен кейін, бар ықыласыммен газетке оқырман тартуға кірістім. Тынымсыз еңбек етуімнің нәтижесінде облыстық басылымдарға 50 оқырман жаздырдым. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы еңбегім еленіп, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Б.Әбдешевтің қолынан диплом мен 25 мың теңге сыйақы алдым. Бұл мен үшін қуанышты сәт болды. «Еңбегіңнің еленгені қандай жақсы» деген сезімде болдым. Біз үшін осындай ынталандыру байқауын ұйымдастырған «Атырау-Ақпарат» ұжымына алғысым шексіз.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521