Ұлы далада ұлы қала

Елорданың 20 жылдығына арнап Жалғансай ауылдық округінің өнерпаздары да сазды бағдарламаларын ұсынды.

Жалғансай ауылдық округ әкімі Кенжебай Садиқов жиналған жұртшылықты Астананың мерейлі мерекесімен құттықтады.

-Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай: ұлан - байтақ даламыздың әрбір сүйем жері – тұнып тұрған тарих. Осынау туған топырағымызды қанын төгіп қорғаған ата-бабаларымыз бар. Сондай-ақ, тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасында Елбасымыз ерен бастамасының нәтижесінде Арқа жерінде асқақтаған Астанамыз сәт санап, сәулеттеніп келеді. Қазақ елін әлемге танытқан Астанамыз жылдан-жылға сәнденіп, қазақ ордасы мәңгі жасасын! Елордамыздың 20 жылдығы құтты болсын!

Ауыл әкімінің құттықтау сөзінен кейін Асылзада Киікбаева «Астана ұлы дала - Елордасы» өлеңін оқыды.

Ауылдың күміс көмей әншілері Н.Жайлыбай «Тәуелсіз ел», А.Орынбасар «Астана», А.Телжанова «Туған өлке», «Балапан қаз» әндерін әуелете орындады.

Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқынын» М.Нәукенов, ал Дәулеткерейдің «Көрұғлысын» С. Нұрбай күмбірлетті. Еркеназ бишілер тобының «Мики - Маус» биі көрерменді сүйсінтті.

Қайрат Жұмашев хормен бірге«Махамбетім қыраным» әнін орындады. Концерт соңы жастардың флэшмоб биіне ұласты.

Таңдай. Махамбет селосындағы жазғы саябақта Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізілген Таңдай ауылы жастарының концерттік бағдарламасы да жоғары деңгейде өткізілді.

Мерекелік бағдарламаны Бақсай мәдениет үйінің директоры Қадыржан Қазымбекұлы құттықтау сөзімен ашты.

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «2018 жыл – Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», - деп атап көрсеткен болатын. Еңселі Елордамыздың биылғы атаулы мерекесі жалпы халықтың ортақ қуанышы. 20 жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенменде осы аз уақыт аралығында Елбасымыз өзінің сындарлы саясаты мен халқымыздың бірлігінің арқасында еңселі Елордамызды Алаш жұртының асқақ айбарына айналдыра алды. Осындай асқақ та айбарлы Астанамыздың мерейтойы құтты болсын!

Таңдай ауылында ақындықтың жолын қуған талантты жастар көптеп саналады. Солардың бірі жас ақын, көркемсөз шебері Дильназ Үмбет пен биыл ғана орта мектепті бітірген Нұрлыбек Бағыт Астананың 20 жылдығына арнап шығарған жаңа жырларын көрерменге ұсынды.

А.Саламат пен А. Мүбарактың, С.Ералханның орындауындағы «Астана» әні,Е.Алтыбаев әуелеткен «Ауылым» әні, Б.Төлеу нақышына келтіре шырқаған «Құстар әні», Н.Мұстах орындаған «Ризамын» әні тыңдарманға ерекше көңіл күй сыйлады.

Қаршығадай талантты өмірге әкелген Таңдай топырағы жас күйшілерден де кенде емес. Солардың бірі домбырасынан күй мен термені төгілтіп жүрген Н. Жұмағалиев сахнаға шәкірті А.Сағидолламен бірге шығып, Құрманғазының күйі «Адайды» орындады. Биші қыздар «Қазақ» биін дөңгелетсе, ауылдың әскерде жүрген жас сарбаздарының құрметіне жігіттер тобы «Рота,подъем!» әнін көрерменге тарту етті.

Сазды бағдарлама жастар флэшмобымен жабылды.

Ақтоғай. Ақтоғай ауылдық округі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын округ әкімі Бағытжан Орынғали жүрекжарды лебізімен ашты.

-Астана- Елбасымыздың өз қиялымен ұштастыра білген жүйрік ойы. Өз қолымен құрастырған ғажайып әлемі. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Қысқа мерзімде бой көтеріп, қанатын түзеп, құлаштап жайған құтты мекен.

Есілдей еркелеп, Бәйтеректей бой түзеген, санада сонша жыл қордаланып, ғажайыптан бұрқ ете қалған әсем қала -Астана асыл мұраттар ғана емес, жарқын мақсаттар мекені.

Астананың 20 жылдығы – ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының мерейлі мерекесі.

Біз ғасырлар тоғысқанда тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз – Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзімізді – келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Осындай қуатты еліміздің Астанасы мәңгі жасасын! – деді Б.Мүтуұлы.

Ақтоғайдың әншілері бұл күні Махамбет аспанын әсем әнге бөледі. С.Құмашеваның «Астанасы», Д.Мұхамбетқалиева- ның «Нұрағасы», Р.Тельманның «Қазақстаным менің», Б.Аманғалиева- ың «Жылқы ішінде бір аласы», Н.Мұхамбетқалидың «О, туған елі», «Ару Ана» әжелер ансамблінің «Керім-ау, айдайы», Ү. Гумарова мен А.Мұхамбетова қосыла шырқаған «Әнім сен едің», Д.Қожрахованың «Бағым сені», А.Сүйекеновтің «Қазағым-ауы» көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Биші қыздар да «Чарльстон», «Қазақ биі», «Хорошие настроение » билерімен тәнті етті. М.Сансызбай Қ.Сариннің «Астана» өлеңін әуездете оқыды.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521