Қазақтың жаны – домбыра!

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды.

Бұл күні ұлттық кодымыздың бастауы, дәстүріміздің дүлдүлі қазақтың қара домбырасы төрге шығарылып, құрметке бөленді. Ел көлемінде тойланған қазақ халқының жан серігі, рухани азығы киелі домбыраның мерекесін өз деңгейінде өткізуге махамбеттіктер де атсалысты.

Ең алдымен орталық алаңдағы М.Өтемісұлының ескерткішінің алдында «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты домбырашылар шеруі болып өтті. Оған З.Ещанова атындағы өнер мектебінің, Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептің және аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің домбырашылары қатысты. «Нарын» базарында өткізілетін ауылшаруашылығы жәрмеңкесі кезінде тұрғындар арасында «Домбыра тарта білесің бе?» атты домбыра тартудан еркін сайыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақ күй өнерінің ұлы тұлғасы, композитор, Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Парасат" орденінің иегері Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектебінде "Қазақтың Қаршығасы" атты домбырашылар концерті өткізілді.

«Жастар» демалыс саябағында «Нұр-Риза» шеберханасының иесі Нұрлыбек Бисенбаевтың қатысуымен аудан жастарына және тұрғындарына домбыраның қыр-сыры мен ерекшеліктерін үйрету мақсатындағы шеберлік сабағы өткізілді. «НҰР-РИЗА» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Бисенбаев Нұрлыбек 2015 жылы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің қолдауымен «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы арқылы 4,0 млн. теңге несие алған болатын. 2016 жылы Алмалы ауылдық округінде домбыра жасау цехын іске қосып, 1 шеберді жұмыспен қамтып отыр. Ол домбыраға қоса, сырнай, барабан, жетіген, қобыз секілді музыкалық аспаптарды жасап, сатылымға шығарады. Сонымен қатар бұзылған музыкалық аспаптарды қайта жөндеп, қалпына келтіреді. Облыстық деңгейде ұйымдастырылатын көрме, жәрмеңкелерде үнемі алдыңғы қатарлардан көрініп, өз өнімдерін халыққа ұсынып жүрген патриот кәсіпкер.

Шеберлік сабағы барысында халқымыздың ұлттық аспабы домбыраның қасиеті туралы түсінік беріліп, атақты күйшілер туралы мағлұматтар айтылды. Жас ұрпақты ұлттық өнерді сүюге, қадірлеуге тәрбиелеуде бұл шараның маңызы зор болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» ұйымының ұйымдастыруымен «Қасиетті домбыра» акциясы өткізілді. Акция аясында 1 шілде күні жергілікті перзентханада іңгәлап дүние есігін ашқан сарытоғайлық Раяна Рахымжанқызына домбыра сыйға тартылды. Шараның мақсаты - қазақтың ұлттық аспабы домбыраны насихаттау арқылы ұлттық мәдениетті сақтау және жандандыру болды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ж.Мұғауова жаңа туған нәрестенің анасына ізгі тілек жазылған құттықтау хаты мен домбыраны табыс етті. Сәбидың анасы Айгүл Шакимова қасиетті аспаптың қызына бұйырғанына қуанып, алғысын білдірді.

Демалыс саябағында аудан өнерпаздарының бастамасымен «Қазақтың жаны - Домбыра» атты концерттік бағдарлама тұрғындар назарына ұсынылды. Шараны аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов құттықтау сөзімен ашты. Одан әрі кезек өнерпаздарға берілді.

Қ.Ахмедияровтың «Атырау» және «Қуаныш» күйлерін Айгүл Нұрмұханова мен Алпамыс Сағидолла күмбірлетсе, Наурызбек Жұмағалиев күйден попурри төгілтті. Домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Балбырауынын», Елжан Қамашев пен Нұрымжан Құмаров «Адай» күйін нақышына келтіре тартып, көрерменнің бойын балбыратты. Қазанғаптың «Ақ желеңін» Рамиль Елемесов орындады. Атасы мен немересі Ғизат Есенғожин мен Азамат Ғизатов Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» желдіртті. Алтынзер Талғат пен Диас Ситалиев «Домбыра» өлеңін оқыды. Мерекелік шараның қорытынды әні Әли Төлеуовтің «Жасай бер, қазақ!» әні болды.

Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521