Қызым үйде, қылығы түзде немесе әлеуметтік желідегі қыздарымыздың әдеттері туралы

Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы «жұлдыз» болғысы келетіндердің арманын ақиқатқа айналдырудың таптырмас мүмкіндігі болып отыр.

Өзіне жұрттың назарын аударып, танымалдыққа жету жолында не жасамай жатыр десеңізші? Бірі ән айтса, енді бірі би билеп, әзілімен де әйгіленіп алғандары тағы бар. Бұрын күлсек, қазір жылайтын күйге түстік. Себебі, ең сорақысы сол «жалаңаштанған тәнін жарнамалайтындар» пайда болды. Күні кеше ұлттық сәукелемізді киіп, жалаңаш тәнін халыққа жария еткен «Шырын» есімді қыз әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Асылында танымалдыққа талпынудың да шегі болуы керек емес пе? Қыздарымызға "әй дейтін әже, қой дейтін қожа" табылмағаны ма?

ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙЫМ

Халқымыз ұрпақ тәрбиесі оның ішінде қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Отбасындағы нәзік жаратылысқа қонағындай қарап, ертеңгі бір отаудың түтінін түтетер ибалы да инабатты келін, абзал ана ретінде тәрбиелеген. «Қызға қырық үйден тыю» дегенді мықтап ұстанған ата-бабамыз олардың жүріс-тұрысы, киім-киісі, сөйлеу әдебіне аса сақтықпен қараған. «Қыз баланың ең үлкен жетістігі бар. Ол дақ түспеген ары» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, ең бастысы, ар-намысын аяққа таптатпауды, ұятына қылау түсірмеуді санасына сіңіріп отырған. Қыз тәрбиесі жайында Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында былай деп жазады: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға кол көтермеген. Оны айтасың, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені, еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз...Қызды тыйып ұстау – тірсектен қағып, еңсесін езу емес, қырық үйден, тіпті қара күңнен де бір абзал өнеге үйреніп, ұлағатты сөз естіп, оңды талғам көрсін дегені. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екенін айтады. Қызды тектеп ұстауды меңзейді. Тыю деген міне, осылардан құралады. Оң жақтағы кезде жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз». Міне, қазақ қызы осындай тәрбие алып, отбасының ұйытқысы бола білді.

АЛ ҚАЗІР ШЕ?

Қазіргі таңда қыздарымызды ата-бабамыз көрсеткен жолмен тәрбиелеп жатырмыз деп толық айта аламыз ба? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Алайда қазір қыз бен қырық тыйымның жолы қақ айырылғандай ма дерсің? Заман талабы деген желеумен бұрымын қырқып, одан қала берді шашын түрлі-түске бояп, қас-кірпігі жасанды күйге түскендер көп арамызда. Ол ол ма, кешегі қыз баласына жарасымды етек-жеңі ұзын киімдерімізді ысырып, етек-жеңі қысқарған, кеудесі жартылай жалаңаш, дене бітімін анықтап тұратын киімдер кимесе, көштен қалатындай бір-бірімен жарыса киетіндерін қайтерсің? Ішімдікке сылқия тойып алып, шылым шегіп, көше бойында төбелес ұйымдастыратын қазақ қаздарының ғаламтордағы бейнежазбаларын көріп, өзегіміз өкініштен өртенеді. Ал ең сорақысы, жалаңаш тәнін жарнамалауға арланбайтын азғындар пайда болды. Жұрт алдына жай шықпай, халқымыздың ұлттық киімі сәукелемізді киіп, жалаңаш денесін көрсеткен бейнежазбаны желіге жүктеген қыз бүгінде көпшіліктің ашу-ызасын туғызуда. Десе де, оның бұл әрекетін қалыпты жағдай деп санайтындар да табылуда. Нәзік болмысымызға тән ар, иба, ұят, намыс деген қасиеттеріміз қайда кетіп барады? «Жаным, арымның садағасы» деген халықтың ұл-қызы неліктен мұндай арсыздыққа баруда?

Бұл тақырыпқа қатысты аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Жібек Мұғауованың айтары бар.

-  Қыз – ұлттың айнасы, отбасы абыройы, ел көркі. Осыны пайымдаған дана халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым» деп, ұлт айнасының кірлемеуін, отбасы абыройының биік болуын, ел көркінің бұзылмауына аса сақтықпен, қамқорлықпен қараған.

Бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақ, отбасы мүшелері, ел болып, ертеңгі ізгі ана, отбасы ұйытқысы, ел көркінің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмыла тәрбиелеген. Қыз баланың тәні мен жан құпиясына жанашырлықпен қарап, көздің қарашығындай сақтай білген. Сондықтан да ата-балаларымыздан жалғасып келе жатқан осы дәстүрді, бабалар аманатын орындау – қазіргі заман қауымының міндеті. Отбасынан басталатын қыз бала тәрбиесін білім мекемелерінде жалғастыру,жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастыру – заман талабы. Алайда қазіргі заманның ақпараттық мүмкіндігі зор болып, отбасынан, ұстаздарынан,туған-туыстарынан алған тәрбиені жаулап алу қаупі төнуде. Ол қауіп-әлеуметтік желіге байланған ұрпақтарымыздың жаман-жақсысына көңіл бөлмей, кез келген ақпаратты сол күйінде қабылдауы. Осы жағдайды пайдаланғысы келген кейбір ұлтты ішінен ірітуге, тәрбие ауа- нын басқа арнаға бұруға, сол арқылы ұлттық намысты аяққа таптатуға, сөйтіп, халқымыздың сан ғасырғы асыл мұраларына көлеңке түсіруге арналған жымысқы әрекеттері жиі көрініс табуда. Соның бірі жақында желіні шулатқан Шырын есімді 18 жастағы тараздық студент қыздың жалаңаш денесіне ұлттық бұйымдарды тағып түскен суретін желіге жүктеуі. Сол әрекетін өзінше «дұрыс» санап, оны анасы мен жақындарының қолдап, түсінетіні туралы айтқаны. Қандай ана, қандай туыс өз үрпағының ел алдында қарабет болуын қалайды? Сонда олар үшін қасиетті де киелі саналатын ұлттық зергерлік бұйымдардың бір өзі 500 жылқының құнына баланатын,тек қана тұрмысқа шыққанда киілетін қалыңдық бас киімі ойыншық болғаны ма? Жоқ! Мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды.Еліміздің Ата Заңында: «Қазақстан Республикасы демократиялы,зайырлы,құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Оның ең басты құндылығы –адам және адам өмірі»дегенде, сол адами құндылықтарға тәуелсіз қазақ елінің азаматы ретінде құрметпен қарау деген қайда? Оны қызықтаған жастарымыздың әсіре қызылға «лайк» басып, қолпаштауы олардың мақсатты әрекеттеріне қолдау беруі екенін өздері де түсінбей қалды. Осы орайда, өте жас кезінен әлеуметтік желіде отыратын ұрпағымызға желідегі жарияланғанның бәрін керемет деп қабылдамауына бағыт-бағдар беру, өз көзқарасының болуына үйрету, белгілі мақсаттағы немесе еріккеннің ермегі санайтындарға қалай тосқауыл қою керектігін бойларына сіңіретін өте қарулы күш, қуатты құрал керек болып отыр. Ол - көзі қарақты ата-ана, жіті көз ауыл-аймақ, туған –туыс, ұлағатты ұстаз, қоғам және қоғамдық мекемелер деп ойлаймын. Қоғамдағы осындай жат әрекеттерге сыни көзбен қарай саналы да тәрбиелі, өз көзқарасымен ерекшеленетін ұрпақ тәрбиесі туралы ойларыңызды күтеміз,ағайын!Сіз не дейсіз?

PS.Қазақта қызы дұрыс тәрбие алмағанға «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген. Жат жұрттыққа жаралған қыздың болашақта қандай келін, жар, ана атануы ата-анасының берген тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұлттың болашағы қыздың құрсағынан басталады дейміз. Ендеше, ұлтымыздың болашағы қыздарымыздың тәрбиесіне атүсті қарамайық.

Б.САПАРОВА.

Ержан ИМАНҒАЛИЕВ, «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы:

«Әйел кісінің ашық-шашық киінуі күнәлі іс»

Дана қазақ «есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген. Етек-жеңі жинақы киіну, орамал тағыну әйелді қорлау емес, керісінше дәрежесін көтеру болып табылады. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінде Алла Тағала айтады: «Ей, Мұхаммед! Мүмін әйелдерге де айт: “(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары) және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көрік-зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін...»делінген. Демек, әйел кісінің ашық-шашық киінуі күнәлі іс саналады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521