«Алға қойған жоспарым көп»

Жақында Чехия мемлекетінің астанасы Прага қаласында эстрада әншілерінің арасында өткен халықаралық байқауда бақ сынаған қазақ елінің азаматы Гран-примен оралды.

Ол өзіміздің жерлес, Сарытоғай ауылының тұрғыны Шалқар мен Жанат Мырзағалиевтардың ұлы Айдын Жұмабаев. Бұл оның алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін ол 2016 жылы Болгария қаласында поп-рок жанрында өткен халықаралық жарыста да Гран-приді иеленген. 2017 жылы республикалық деңгейде өткен белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Дүйсекеев пен әнші, Қазақстанның және бұрынғы КСРО-ның халық әрітісі, Халық қаһарманы Р.Бағланованың, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі композитор Бейбіт Оралұлының шығармашылығына арналған І халықаралық «Елім менің» байқауларының бас жүлде иегері атанған. Өткен жылы Литва қаласында өткен «Паланга 2018» халықаралық конкурсында да Айдынның айы оңынан туып, бас жүлде иеленумен қатар, кеудесіне «орденін» тақты.

Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка колледжін академиялық ән салу мамандығы бойынша тәмамдаған Айдын қазіргі уақытта Астана қаласында Қазақ Ұлттық «Шабыт» өнер университетінің 4 курсында білім алуда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиевтің шәкірті.

Ол бізбен әңгімесінде ән әлеміне қанат қағуына жол көрсетіп, қамқорлаған Э.Хисмитуллина, өмірден озған Е.Жұмабаев, сондай ақ, Е.Мерекенов, М.Төреханова, К.Киматова, Б.Кохаманов сынды ұстаздарына алғысы шексіз екенін айтып өтті.

-  Өткен жыл мен үшін елеулі сәттермен есте қалды. Алдымызда бағымды сынайтын көптеген конкурстар күтіп тұр. Алла бұйырса, 2019 жылы бұдан да биік белестерді бағындырамын деген үміттемін. Алға қойған жоспарым көп. Ол үшін әрине талмай еңбек ету керек. Әзірге жеке репертуарымда 20-25 шақты ән бар. Орыс тілінде де ән жазу үстіндеміз, -  дейді А.Шалқарұлы. Талай додаларда топ жарып, қазақ елін әлемге талантымен танытып жүрген өнерлі жасқа талабыңа нұр жаусын дейміз.

Б.Сапарова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521