Әуен үзілмейтін үй

Қазақта «Өнерлі өрге жүзер» деген аталы сөз бар.

Бейбарыс ауылындағы өнерлі отбасылардың бірі- Дауылбаевтар жанұясы. Өнердің жілігін шағып, майын ішкен қара шаңырақтың отағасы Орынғали аға мәдениет майталманы, талай рет өнерімен республикаға дейін аты шыққан жан.

Жалпы Орынғали аға Тайсойған өңірінде өмірге келген. Ол мектептен соң Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқуға түскен. Сонда жүріп, ақ Жайықтың аруы Қамажай ананы жолықтырған. Екеуі комсомолдық той жасап, үйленген екен. Өмірге алтын асықтай бес ұл-қызды әкеліп, тәрбиелеп-өсіріп, немере-жиендердің қызығына кенелуде. Кезінде саз мектебінде оркестр құрып, онымен Мәскеуге дейін барған. Ол өнерлі ғана емес, аузы дуалы ауылдың ақылман қариясы ретінде ауылдық ардагерлер кеңесін басқарады. Ал шаңырақтың отанасы Қамажай апа өнерімен көзге түсіп, жуырда аудандық «Әжелер-отбасының берекесі» сайысында жүлделі 1 орынды жеңіп алды. 1971 жылы отбасылық жағдаймен Махамбетке қоныс аударған. Орынғали аға мәдениет үйінде көркемдік жетекші, ал Қамажай апа мәдени-көпшілік жұмыстар инструкторы болған екен. Мұнда бірі оркестр ұйымдастырса, екіншісі, хор басқарыпты.

1974 жылы селолық кәсіп-техникалық училищеде музыка маманы тапшы деп, олар Сарайшық ауылына қоныс аударады. Осы жерде он бір жылдай Орынғали аға КТУ №10 музыка маманы, Қамажай апай кітапханашы болып, жұмыс жасаған. Ағай училищеде «Дауылпаз» ансамблін құрса, апай хор ұйымдастырыпты. «Дауылпаз» ансамблі Астанада(Целиноград) өткен республикалық конкурсқа қатысып, лауреат атанған. Ауыл жастарынан 60 адамдық хор ұйымдастырып, облыста жүлделі 1 орын алып, «Құрмет» грамотасына ие болғаны өз алдына. 1981 жылы құрылған отбасылық Дауылбаевтар ансамблі талай рет аудандық, облыстық байқауларға қаты- сып, жүлделі орындарға ие болады. 1985 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен Бейбарыстан (Чкалов) музыка мектебі ашылып, оған О.Дауылбаев директор болып тағайындалады. Отбасымен Бейбарысқа қоныс аударып, Қамажай ана музыка мектебінде домбырадан сабақ береді. Әрі мәдениет үйінде көркемдік сүйемелдеушілік қызметті де қоса атқарыпты. Кейінірек ауылдағы «Балдырған» балабақшасына музыкалық жетекші болып ауысқан. Сол жерде біраз жыл еңбек етіп, құрметті зейнеткерлікке шықты.

Қамажай ана ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әйелдер кеңесінің төрайымы, мүшесі, ата-аналар комитетінің мүшесі, қолөнер шебері болған жан. Кесте тігу, оюлы құрақ көрпелер жасау-ол кісінің сүйікті ісі. Кезінде Қамажай апайдың «Жайық шұғыласы»(«Малды өңір») газетіне етене араласып, штаттан тыс тілші ретінде ауыл-елді мекендерде елең еткізген жаңалықтарды, ауыл өмірінен сыр шертіп, еңбеккерлер туралы ой-толғамдарын талай жазғанына мына бір сарғайған газеттер куә. Шаңырақтағы бала тәрбиесі туралы апаның сөзіне құлақ түрсек.

-«Әр әйел өзін ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін адаммын деп қарауы тиіс. Адамға жақсы қасиет көбінесе анасының ақ сүтімен дариды деп жатады. Қашанда бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс. Ең бастысы, бала жүрегінде жылуы бар, жүзінен иманы төгіліп тұрған азамат болып, өскені абзал,-дейді Қамажай ана.

Мерейлі Дауылбаевтар отбасы 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп-өсірген. Бүгінде Орынғали аға мен Қамажай апа ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, немере-жиендердің қызығына кенеле түсуде. Отбасының балалары, немерелері де шетінен өнерлі. Мәселен, ұлы Махамбет сырнайда ойнайды, әрі ән жазатын сазгер де. Сазгердің «Атырау-әнім», тағы басқа әндері барын жақсы білеміз. Махамбеттің әндері талай байқау, фестивальдарда жиі шырқалып жүр. Ұлы Тәттімбет Бейбарыс ауылдық округінде мемлекеттік қызметте. Ол да шаңырақ құрған, бір отбасының тірегі. Орынғали ағаның немересі Нұрай қобызда ойнайды. Тағы бір немересі Асылнұр облыстық «Атадан қалған асыл сөз» бата беру сайысында жүлдегер атанған еді.

Таяуда өткен мәдениет қызметкерлері семинарында отбасылық ансамбльдер шеру көрсетіп, «Өнерімен өрілген отбасылар» атты сазды бағдарламасын ұсынған-ды. Алдымен сахнаға Дауылбаевтар отбасы шығып, ұлттық киімдегі Орынғали аға мен Қамажай апа домбырада, ұлы Махамбет сырнайда, немересі Нұрай қобызда шыққан ансамбль «Адай» күйін төгілтті дерсің. Бұл күні ансамбльдің сүйемелдеуімен Махамбет сырнайда «Жас дәурен», төл туындысы «Атырауым-әнім» әндерін шырқап, көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Өмірдің дауылдарынан ықпай, адалдықтың ақ туын жықпаған Дауылбаевтар отбасы талайларға үлгі-өнеге.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521