Ата-бабаны құрметтеу – ұрпақ парызы

Ата-бабаларымыз кең-байтақ қазақ жерін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырғаны баршамызға аян.

«Елім-жерім» деп өткен ерлеріміздің өнегелі ерліктерін білу, атын шығарып, ұрпаққа насихаттау-бүгінгі біздің міндетіміз. Десек те әлі де көлеңкеде қалып, насихатталмай жүргені қаншама. Соның бірі – Құрақ Маябасов. Махамбет бабамызды ұлығылағанда, оның атын ескерусіз қалдыру үлкен қиянат. «Жайық шұғыласының» №45 санында жарияланған Мұрат Аташұлының мақаласы көкірегі ояу саналы азаматтарымыздың жүректе жүрген ойларын оятты.

Мен өзім 40 жылдың үстінде қазіргі Сарайшық колледжінде ұрпақ тәрбиеледім. Мамандығымыз тарихшы болмаса да жастарға облысымыздағы, ауданымыздағы бабаларымыздың ерліктерін қолымыздан келгенше насихаттадық. Махамбет бабамызды зерттеген тарихшылардың, әдебиетшілердің, жазушылардың еңбектерінде Құрақ Маябасовтың есімі кеңінен баяндалып, батырлармен бірге аталады. Құрақты сол кісі үшін патша өкіметі Сібірге жер аударып, топырақ сол жақтан бұйырған, жалғыз ұрпағы жетім қалған.Ертеңгі күннің не болатынын біле тұра өз басын қатерге тігіп, қиын-қыстау уақытта тығырыққа тірелген Махамбет бабамызды құтқарып қалған Құрақ Маябасовтың ерлігін елеп, есімін көпірге беру туралы Сарайшық ауылының ардагерлері атынан ұсыныс айтқан едік. Бірақ бұл ұсынысымыз оң шешімін табар емес.

Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым-Мұрат Аташұлының төрт жылдан бері қозғап келе жатқан мәселесін толығымен қолдап, Махамбет селосының тұсынан салынып жатқан көпірге Құрақ Маябасовтың есімін беру туралы ұсынысын ардагерлер атынан қолдаймын. «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Тарихқа қиянат жүрмейді. Халқымыздың батыр ұлы үшін жанын шүберекке түйіп, халқым, ұлтым деп отқа түскен боздақ есімін тағылым алу үшін жас ұрпақ білуі тиіс. Бұл сөзді көзі ашық, көкірегі ояу, елін, жерін сүйетін азаматтар қолдайды деп сенемін.

Раул ХАЙРОЛЛАҰЛЫ,

зейнеткер-ұстаз,

Сарайшық селосы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521