Тарихты іздесең, Таразға бар

Қыркүйек айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауы аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде өткен "Отбасымен музейге" атты облыстық фестиваліне ауданымыздың атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алып, Тараз қаласының тарихи орындарына жолдама алған болатынбыз.

26 қазанда балаларым мен немерелерімді алып, тарихи қала Таразға аттандық.

Пойыз терезесінен дөңгеленіп қалып бара жатқан далаға көзің түсіп, бір сәт қиялға самғайсың. Осыншама ұшан-теңіз қиыр даланы ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғаған бабалар рухына тағзым етесің. Міне, Жамбыл облысының жеріне де аяқ бастық. Ең алдымен «Айшабибі» кесенесіне келдік. Айналасы қоршалып, әдейі күтімге алынған екен. Кесене ішіне кіріп, тәу етіп, сонау заманнан міні құралмай, сырын ішіне бүккеніне таң қалдық. Немерелеріме Айша ана кесенесі осы деп, кесене жарларын ұстап көріңдер деп нұсқау бердім. Бұдан кейін жолбасшымыз Тараз қаласына алып келді. Қарахан батыр кесенесіне барып, оған да тәу еттік. Одан әрі ежелгі Тараздың орнына салынған аспанасты музейін араладық. Ескі Тараз орны «менің сырымды біліп ал» дегендей, үнсіз қалыпта. Немерелерім қазылған жерлердің ара-арасыменен жүгіріп, тастарды алып, «мынау не?» деп қызығады. Ашық аспан музейінің жанында үш қатарлы ежелгі Тараздың өлкетану музейі бар. Ол музейдің іші Тараздан табылған көне жәдігерлерден көз тұнады.

Бұдан кейін Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейіне бардық. Музей қызметкерлері өз демалысына қарамастан бізге музейді қарап шығуға мүмкіндік жасады. Сосын қаланы араладық. Көшелері сәулетіне сай таза қала екенін аңғартып тұр. Әсіресе, адамға ой салатын «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, екпесең, жерге өкпелеме» деген нақыл сөз жазылған тақта еріксіз көз тартады. Қала көшелеріндегі ел қорғаған батырлардың алып бейнесі айбарлы да айбынды көрінеді. Жаңадан ашылған «Желтоқсан» атты мұражайға қазіргі Тараз қаласының, Ауған соғысы батырлары, спорт ардагерлері, Еңбек ерлері эскпонаттары жинақталған. Біз бұл сапарымызда ежелгі Тараз бен жаңа Тараздың өткені мен бүгінгісіне ой жүгірткендей болдық. Өткен тарихымызды оның құндылықтарын бүгінгі ұрпақ өлкетану музейінен көретіні рас. Бізге берілген жолдаманың мақсаты осы болса керек. Отбасыңмен барып, өткен тарихыңа көз жіберіп, ұрпағыңа көрсеткенге, оның құндылығын санасына сіңіргенге не жетсін.

Ұ.ТІЛЕГЕН,

ардагер-ұстаз,

Алға ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521