Өткеніңді сағынсаң, мұражайға кел

Аудандық өлкетану музейінде осындай тақырыппен шара өтті.

 

Бұл күні мұражайға жиналған жастар жәдігерлердің сырына қанығып, қасиетті өлкеміздің құндылықтары туралы білімдерін кеңейтті. Әдемі кештің шымылдығын мұражай басшысы Күляш Байгужина ашты. - Ертедегі дәуірлерден сыр шертетін жәдігерлерді көріп, ата – баба мұрасын сағынышпен еске алатын киелі орын ол – Музей! Музей біздің ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге таныту тұрғысынан алғанда маңызды рөл атқарады. Ол 1000 жылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі, адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Мұражай қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отырған бұл шарамызға Махамбет ауылдық округінде орналасқан Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп – гимназияның, Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектептің және Оңай Шонаев атындағы орта мектептің 7-10 сынып оқушылары қатынастырылып отыр. Мұндағы мақсатымыз – жас ұрпақтың мектептен тыс мезгілде уақыттарын тиімді пайдаландыру, аз уақытқа болса да сан түрлі әлеуметтік желілерден алыстатып, жастардың мұражаймен байланысын орнату. Сол арқылы жас ұрпақты рухани, адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу, – деді К.Байгужина. Шара төрт бөлімнен тұрды.

Атап айтар болсақ, «Жас түсіндіруші» байқауы, «Бұйымтай кімге бұйырады?» сайысы, «Музейдегі квест» интеллектуалды ойыны және қазақтың ұлттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Жас түсіндірушілер музей тарихи - ғылыми деректерді, көне заман ескерткіштерін, олардың үлгі нұсқаларын, өнер туындыларын, мәдени құндылықтардың тарихын егжей-тегжейлі түсіндірсе, «Бұйымтай кімге бұйырады?» атты сайыста қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлері туралы білгендерін ортаға салды. «Жоғалған жәдігерлер» атты квест ойынында қатысушылар қолдарына берілген картадағы жұмбақтарды шешті. Карта сызығымен жүру арқылы жұмбақты шешіп, жауабын табу керек және тапқан жәдігердің жанында пазлдың бір бөлшегі жасырулы болады. 12 сұрақтың жауабын табу арқылы пазлдағы суретті құрастырып шығу міндет. Қай топ бірінші және дәл табатын болса, сол топ жеңімпаз атанбақ. Шара соңында жеңімпаздар анықталды. «Жас түсіндіруші» байқауы бойынша 1 орынды О.Шонаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Талғат Алтынзер иеленді. 2 орын Д.Төленов атындағы мектеп- гимназиясының 9 сынып оқушысы Қуаныш Ақеркеге бұйырса, 3 орынды Е.Ағелеуов атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Диас Ситалиев қанжығасына байлады. Басқа қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Айта кетер тағы бір жайт, халықаралық мұражайлар күніне орай Махамбет тарихи – өлкетану музейі 18 мамыр мен 27 мамыр аралығында «Ашық есік күнін» жариялады. Осы уақыт аралығында мұражай келушілерді тегін қабылдайтын болады.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521