Мәдениет пен өнер — елдің рухани мәйегі

Мұның қаншалықты маңызды, мәнінің зор, тигізетін әсері мен ықпалының мол екендігі туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, бес әлеуметтік бастамасында да айтылып, мәдениет пен өнердің өрісін кеңейтіп, әлеуетін арттыруға айқын басымдық берілген.

Ал бұның өзі егемен еліміздің, ұлан-байтақ жерімізді әр түкпірінде еңбек етіп жүрген әріптестерімізге үлкен міндет жүктеп, атқаратын қызметіне деген жауапкершілігін арттыра түсері сөзсіз. Осы орайда, басқа да салалас құрылымдар тәрізді Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен оған қарасты мекемелер де жұмыстарын қазіргі уақыт талабына сай жүйелі ұйымдастырып келеді. Мамыр айының 21-інде атап өтілетін кәсіби мереке – мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында аудандық газет арқылы атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, болашақта жүзеге асырылуы жоспарланған іс-шаралар жайлы баяндауды жөн санадық. Ауданда қазіргі таңда 1 аудандық мәдениет үйі, 10 ауылдық мәдениет үйі, 2 ауылдық клуб және 13 кітапхана халыққа қызмет етеді. 2017 жылы барлығы 638 мәдени шара өткізілді. Клубтық құрылымдар саны - 80. Мәдениет саласында барлығы 167 адам қызмет атқарады. Ауданның өнерпаздары 2017 жылы 2 халықаралық, 6 республикалық, 3 аймақтық, 13 облыстық, байқау-сайыстарға қатысты.

Ауданда вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық «Сағындырған әндер-ай!» фестивалі, ақын Бала Ораз Өтебайұлының 180 жылдығына арналған «Мен бабында жүрген жүйрігің, бәйгелі жерде жүлде алған» атты облыстық ақындар айтысы, Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған аймақтық ат бәйгесі өтті. Сонымен қатар ауданымыздың «Құрметті азаматы», мәдениет саласының ардагері Махамбет Оңдағанидың 80 жасқа толуына орай «Халықтық өнер саңлағы», ақын, «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» Жәниба Қарасаеваның 70 жасқа толуына орай «Жүрегі жырдан жаралған», ақын, Қазақстан Журналистер, Жазушылар Одақтарының мүшесі, журналист Қажымұқан Есқалиевтың 70 жасқа толуына орай «Өмірі өлеңмен өрнектелген» атты шығармашылық кештер ұйымдастырылды. Жергілікті сазгер, көптеген әндердің авторы, марқұм Қайыржан Ихсановтың туғанына 70 жыл толуына орай «Жайықты әнмен тербеген» атты шығармашылығын насихаттауға арналған кеш ұйымдастырылды. Тілдерді дамыту мен қолдану бағытында «Үш тілді меңгеру-заман талабы» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі жанындағы «Қазына» ардагерлер ансамблінің ауылдық округтерде концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. «Сайран» вокалды-аспапты ансамблінің құрылғанына 50 жыл толуына орай «Есіңде ме сол бір кез?....» атты концерттік бағдарлама тұрғындарға ұсынылды. Аудан орталығындағы демалыс саябағында Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне орай ауылдық округтер өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.

Мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 47 млн. 441 мың теңге бөлініп, Ақжайық, Жалғансай ауылдық мәдениет үйлеріне «ЛЭД-ЭКРАН», «Алға», «Бақжайық», «Алмалы», «Редут», «Сарайшық», «Шалқыма», «Жас дәурен», «Өнерпаз», «Самал», «Есбол», «Бақсай» мәдениет үйлеріне бейнебақылау камералары орнатылды. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйіне сахна жарығы мен дыбыс жазу студиясының жабдықтары алынды. Ауданның Ақтоғай, Береке, Сарытоғай ауылдарында жаңа 200 орындық мәдениет үйлерінің құрылыстары жүруде. Өткен жылы аудан орталығында Халық Батыры Махамбет Өтемісұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Биылғы жылы да ауданымызда мәдени-көпшілік шаралар жалғасын табуда. Өткен 4 ай ішінде аудан өнерпаздары 3 республикалық, 5 облыстық байқауларға қатысты. Атырау қаласында өткен Амал мерекесіне арналған «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп көрісіп, құшақтасып....» атты республикалық ақындар айтысында ақын Серік Қойшығұлов арнайы жүлдені иеленсе, «Тіл шебері-2018» мемлекеттік қызметшілер арасындағы байқауда Меденов Саян бас жүлде, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауында Сәкес Бекарыс бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауларға жолдама алды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Рухани қазына» атты мәдениет қызметкерлерінің аудандық форумы болып өтті. Алға халық театрының өнерпаздары белгілі жазушы-драматург, сатирик, аудармашы Есенжол Домбайдың туғанына 80 жыл толуына арналған «Халықтық» атағы бар театрлардың фестиваліне қатысып, «Біздің ауылда қызықтар бола береді» комедиясын сахналады.

Махамбет ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Шежіре тұнған құт мекен-Махамбетім!» атты ауылдық округтердің өнер фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы күз айларына осы айтулы мерекеге орай ақындар айтысы, ат бәйгесі, театрландырылған қойылым ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аудандық орталық кітапханадағы кітап қорының жалпы саны- 275113 дана. Оның ішінде қазақ тіліндегісі - 150758 дана. 2017 жылы жаңа 6683 дана әдебиеттер алынды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық өлкетану мұражайының, Ғ. Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханасының бірлесуімен ұйымдастырылған «Рухани қазына» атты облыстық фестиваліне Махамбет аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі атынан Ортақшыл ауылдық кітапханасының меңгерушісі Әлия Нұрмұханова қатысты. Махамбет аудандық кітапханасының және өз ауылының өлкетану жұмысын насихаттап, жоғарғы жетістікке жетіп, «Рухани қазына» облыстық фестивалінде «Үздік маңызы бар ауылдық кітапхана» аталымы бойынша Махамбет аудандық, Ортақшыл ауылдық кітапханасы алғыс хатпен және «Рухани қазына» фестивалінің кубогімен марапатталды. Міне, осылайша қай кезде, қандай қоғамда да мәдениет пен өнер елдің рухани мәйегі, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасқан ұлттық құндылықтарын халық арасында насихаттап, көпшілікке жеткізуші бірден-бір құрал ретінде өркениет көшіне ілесіп, қашанда жұртына жақсы сөзін арнап, дұрыс жолына жөн сілтеген, кемел келешекті меңзеген бабалардың дәстүрін жалғастыра бермек.

Нұрғали АРУЕВ,

аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521