Қазақ өнерінің киесі де иесі

«Дина Нүрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің 60 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдығына арнаған «Шаттық Отаны» концерттік бағдарламасымен ауданымызға гастрольдік сапармен келген өнер ұжымы махамбеттіктерге рухани азық сыйлады.

Сахна шымылдығы «Халықтық» студенттік ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы композитор С.Мұхамеджановтың кең тынысты «Шаттық Отаны» шығармасымен ашылды. Дәулескер күйші, талай байрақты бәсекелерде топ жарған талант, дирижер Б.Долдашевтың қолындағы «сиқырлы таяқшаның» қимылын қалт жібермей, Ұлы Дала сарынын күңіренткен оркестр сан түрлі саз аспаптарының үнін бір арнаға тоғыстырып, шырқау шыңға шығып барып, бір сәтке сап тиылды. Сол-ақ екен, залды сатыр-сұтыр шапалақ үні көміп кетті. Бұдан әрі Динаның жайма шуақ «Әсем қоңыры» баяу бүлкілге басты. Ықыластың «Жезкиігі» де тыңдармандарды бей-жай қалдырмады. Тағы бір болашағынан үміт күттірер талантты әнші Ідірбай Байбақтының орындауындағы «Молдабайдың әні Молдабайды» тыңдағанда әннің ойнақы иірімдеріне елтіп, ерекше бір шабытты күй кешкендей боласың.

Кезінде Бекболат Тілеухан бағын ашқан ән одан бір мысқал да кем емес өз орындаушысын тапқан екен деп қуандық. Көзі тірісінде қазақтың қара домбырасын мұхиттың арғы жағында күмбірлетіп, әлемге қазақ деген ғажайып халық барын мойындатқан біртуар талант Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйін Оспан Жанарыс пен Зинор Нұрай нәшіне келтіре орындады. Көз алдымызға дендеген сырқатына байланысты жат жерде төсекке таңылып, Алладан пәрмен тілеп жатқан ұлы күйшінің жүдеулеу сұлбасы келгендей болды. Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері,ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні-бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бірі ғана» деген болатын. Осынау тамаша концерттік бағдарламаны тамашалай отырып, сол баға жетпес ұлттық құндылықтармен жолыққандай әсер аласың. Вокалдық әншілер тобы құлаққа сіңісті Қазақстан композиторлары әндерінен попурри орындап, жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Колледжінің камералық хоры орындаған «Су тасушы қыз», «Жанарым», сондай-ақ «Ямайка» италия халық әндерінің классикалық үлгідегі нұсқалары ұсынылып, тыңдармандарды еріксіз өзіне баурап алды.

Күйші жігіттер тобы бір-біріне ымдап, қол қимылдарымен бір-біріне асыра отырып, орындаған күй тартыс та сәтті шықты.Шапқан сайын еті қызған арғымақтай бауырын жаза түскен оркестр қыза-қыза Түркештің «Көңілашарын» төкпектетті. Қазақ өнерінің жарық жұлдызы Н.Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы дауылдатып, селдетіп, күңірентіп барып, концерттік бағдарламаның соңғы нүктесін қойды.Әп-сәтте құйып өткен нөсерден кейін ес жия алмағандай әрі-сәрі күй кешіп отырған зал толы тыңдарман сілтідей тына қалды. «Д.Нүрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Г.Садуақасова сахна төріне көтеріліп, өнер ұжымы атынан аудан әкімі С.Рысқалиевке алғыс хат табыстады. Аудан тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлаған өнер ұжымына ыстық ықыласын білдірген аудан басшысы Сырым Мұратұлы да хатқа қатталған тілегін жолдап, Махамбет бейнесі тоқылған кілемшені тарту етті. Осыған дейін бірнеше Еуропа елдерін аралаған өнер ұжымы шілде айында Австрия, Италия елдеріне гастрольдік сапарға аттанбақшы. Ол жақта да қазақ өнерінің құдіретін паш етіп, көк байрағымызды желбіретіп, елге аман-сау оралыңдар деген жүрекжарды тілегін арнаған аудан басшысы өнер ұжымына сәт сапар тіледі.

Н.ЕРҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521