Бүгінгі тілдер мерекесі-бірлігіміздің жарқын көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында:
– Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ , мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн, – деп атап өткен еді.
Елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Біздің ауданымызда да бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, жыл басында аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ақын, журналист Қадыржан Қазымбекұлының алпыс жас мерейтойына арналған «Бедел биігіндегі белес» атты шара өткізілді.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, еліміздегі пандемия жағдайына байланысты, әртүрлі тілдік және мәдени шаралар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Фейсбуктегі «Махамбет Мәдениет бөлімі» парақшасы арқылы ұйымдастырылып, жариялануда және көрермен тарапынан қолдау табуда.
Көрнекті ақын, Қазақстан Әнұранының авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 85 жылдығына орай #Jumeken85 өлең эстафетасы басталған болатын. Жыр сәлемдемесін өткізу – «ATYRAY» телеарнасының бастамасы. Басты мақсат – ақиық ақынның шығармашылығын дәріптеу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Атыраудан бастау алған жыр шашуын Қазақстанның әр қиырындағы мектеп оқушылары, одан әрі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғарғы оқу орны басшылары мен зиялы қауым да жалғады. Әлеуметтік желіде қызу қолдау тапқан тілдік шараға қатысқандардың арасында мәдениет қызметкерлері- Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев, аудандық кітапхана басшысы Ш.Ізмағанбетова «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы С.Қойшығұловтар болды.
Биылғы жылы Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен «10 тамыз - Абай күні» болып жарияланып, ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республика көлемінде түрлі шаралар бастау алды.Бұл шараларға еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ат салысып, ұлы ақынның тәрбиелік, ұлағатты сөздері насихатталуда.
Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Абай ауылы» тақырыбымен өзге этнос жастары арасында «Абай оқулары» облыстық байқауын өткізді. Байқауға Атырау қаласы мен аудандардан 6 үміткер қатысып, Абай жырларымен сусындаған жас өнерпаздар өздерінің Ұлы ақынның шығармашылығына құрметі мен сүйіспеншілігін көрсетті. Байқау нәтижесінде, махамбеттік Таяпова Әсемгүл Александровна (беларусь) Бас жүлдені қанжығасына байлады. Аудан жастары «Абай оқулары» аудандық байқауын онлайн жүйесінде ұйымдастырды. Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын Абай шығармашылығы арқылы насихаттау, қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген жастардың қызығушылығын арттыру мақсатындағы байқауға ауданға қарасты ауылдық округтерден 18-29 жас аралығындағы өнерпаздар қатынасып, «Фейзбук» әлеуметтік желісі арқылы «Абай оқулары» аудандық байқауының қорытындылау шарасы өткізілді.
Махамбет ауданының мемлекеттік қызметшілері, барлық ауылдық округтегі мәдениет үйлерінің қызметкерлері, білім ұйымдарының қызметкерлері де бұл бастаманы құп көріп, осы айтулы мерекеге өз үлестерін қосып, Абай өлеңдерін оқу бойынша «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы...» атты бейне шығарылымын ұсынды.
Жастары белсенді елдің-ертеңі жарқын. Жаңашылдықты жаршы еткен аудан жастары да мемлекеттік тілімізді қолдау бағытында тікелей эфирге шығып, өнерсүйер оқырманға көркемсөздер оқып, өз өлеңдерінен жыр шашуларын жолдады. Осы бағытта «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы, жас ақын С.Қойшығұловтың шығармашылық кеші, Жалғансай ауылының тұрғыны, жас ақын Рақымжан Орынбасардың шығармашылық кеші, Таңдай ауылының тұрғыны, жас ақын Ұлмекен Шәукенованың шығармашылық кеші, ортақшылдық жас ақындар Азат Сабиров, Жайнар Ардаққызының шығармашылық кештері және сонымен қатар, Бейбарыс ауылының тұрғыны, Абай өлеңдерін насихаттаушы Хасан Досболатұлының тікелей эфирде көркемсөз оқуы, махамбеттік өнерлі жас Сейтжан Құжырбаев пен сарытоғайлық Нұргүл Жалмұханованың, талдыкөлдік Әсемгүл Таяпованың жеке-жеке онлайн-көркемсөз оқулары ұйымдастырылып, өткізілді. «Сарытоғай» ауылдық мәдениет үйінің «Айналайын Ақ жайық, Ат салмай өтер күн қайда» атты М.Өтемісұлының Жайықтан өткен жеріне бару, поэзиясын жатқа оқуы ұйымдастырылды. Бақсай ауылдық округінің «Таңдай» ауылдық мәдениет үйінің басшысы, қаламгер Қадыржан Қазымбекұлының "Жайықтың бойын жайлаған " атты кітабы бойынша автордың оқырмандарымен тікелей эфирде кездесуі өткізілді.
Биыл аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі арқылы “Махамбет мақтанышы” деп аталатын жоба ұйымдастырылып, киелі Махамбет топырағында туып өскен, өнерінің бастауын ауылдан алып, бүгінде республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрген сахна саңлақтарымен сұхбат өткізіп бастады. Жоба қонағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актері-Ербол Идрисовтен сұхбат алынды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 25 жылдығына орай облыстық, аудандық көркемсөз оқуларының жүлдегерлері, белсенді жастары көркемсөздің әр тақырыбынан өнерлерін ұсынды.
Бөлімге қарасты Махамбет аудандық орталық кітапханасы арқылы да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыру бағытында атқарылып жатырған шаралар ұшан-теңіз. Осы мақсатта, Әйтеке би Байбекұлының туғанына 375 жыл толуына орай «Шешен сөздің төресі», Абай Құнанбаевтың 175 жыл толуына орай «Тұғыры даналықтың болған Абай», Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары», Қ.Смағұлов туғанына 100 жыл толуына орай «Батыр бейнесі-халық жүрегінде», М. Неталиевтің 85 жылдығына арнап «Жырға іңкәр жүрек» т.б. ұлы тұлғалардың шығармашылығы мен биылғы жылы «Бір ел-бір кітап» акциясы бойынша таңдалынып алынған шығармаларын насихаттап, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін, қазақ халқының көрнекті өкілдерінің мерейтойларын атап өтіп және жергілікті қаламгерлермен кездесу кештерін өткізу арқылы , құнды мұраларды келер ұрпаққа жеткізу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып, оқырмандар назарына күнделікті ұсынылуда.
Жалпы жыл басынан бері, Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бойынша ауылдық округтердегі мәдениет ошақтары арқылы 2020 жылдың І жартыжылдығында 280 шара ұйымдастырылып өткізілді. Оның ішінде-162 онлайн шара «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жарияланды оның ішінде тікелей эфирлөр – 27, челендж – 22, онлайн концерт – 95, онлайн кеш – 16,байқау, сайыс – 2,онлайн қаралым саны - 23697 адамды құрады . Өткізілген аудандық байқау, сайыс саны – 3. Аталған бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Тілдер мерекесі - Қазақстан халықтарының өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту, ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу. Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. Тілімізді қадірлейік, құрметтейік.
Гюльнар БЕКБАЕВА,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы