Ә.Александрқызы: «Анамның тілі – аяулы үні»

Анамыз - қазақ ұлтының қызы, Қызылқоға ауданының байырғы тұрғыны. Жастайынан еңбекке ерте араласқан әкеміз бен анамызды тағдыр өзі-ақ жарастырып қосқан-ды. Әрине, әкеміздің тағдыр жолын барша ауылдастар жақсы біледі. Сондықтан бүгінгі тақырыбыма сай анамыздың еңбегімен бөлісуді жөн көріп отырмын.

Бала үшін тіл үйретудегі мықты іргетастың негізін қалаушы бірден-бір тұлға – Ана. Әдетте әр баланың тұлға болып қалыптасуы үшін алғашқы бал татитын былдырлаған тілінің шығуына анасының ықпалы орасан зор болмақ. Құрсақта жатқанынан анасының неге жерік болып, неге аңсары ауғандығы, бәрі дерлік балаға дариды. Біздің анамыз жалпы тіл әдебиеті мен тарихқа жетік. Неше түрлі жыр-дастандарды, әңгіме-аңыз, хикая мен ертегілерді жақсы етіп айтып, әр кешінде бесік жырымен бала тербететін. Осындай көрініс мен ес білгелі шаңырағымыздың дәстүріне айналып, бақытты балалық шақ пен алаңсыз гүл дәуреніміз өтті. Осы дәстүр қазірде жалғасын тауып, анамыз біздерден кейінгі немере-жиендеріне де ертегі мен жыр-дастандарды жақсы баяндап отырады. Қайсыбір қоғамдық іс- шараларға қатыспас бұрын анамыздан орынды сөйлеу әдебін, қандай тақырыпта айтылатын ән мен жырларды да сұрап, ақылдасып отырамыз. Анамыздың тілге деген, ұлтқа деген жанашырлығы үлкен патриоттық сезіммен ұласып қана қоймай, бала тәрбиесіндегі ұлт пен ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор үлесімен балаларының санасына сіңіре білді. Тіптен өзге этнос өкілі әкемізге де қазақша тіл үйретіп, ұлттық салт-дәстүрлерді де ұстануды үйретті. Қазір де шаңырағымыздың шаттығын қазақ тілінде шырқап, қазақ тілінде жырлап жүргеніміз – анамыздың көрегендігі.

«Әр сөздің әріптерін нақты, түсінікті етіп ашық сөйлеу – үлкен өнер. Сенің тілің қаншалықты таза әрі айқын болса, соншалықты сенің ойың ұшқыр әрі еркін болады»,- деген анамның сөзі санамызда жаңғырып тұрады. Ана тіліміз арқылы дін мен қоғамымызды һәм тарихымызды ұғып, өткеніміз бен келешегімізге көз тастай аламыз. Ана тіліміздің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Ұлы Абай атамыз «Қайран тіл, қайран сөз наданға қадірсіз» десе, қазақтың көсемі Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын» ерте ескерткен. Қазақтың көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсірепов ағамыз: «Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» деп, тіл мәртебесінің тұла бойын көкпен астастыра сипаттайды. Міне, осындай тіл құдіретін анамыздың құрсағынан тән мен жанымызға сіңіріп, есейе келе әдебиет, мәдениет пен өркениет кеңістігінен қажетімізше дамып, ел болашағына тіл арқылы өз үлесімізді қосып жүргеніміз кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Ана тіліміздің самғар қанаты талмасын! Тіліміз жасай берсін! Қазақ тілі – менің ана тілім, ал ана тілім - менің аяулы үнім,- деп тілге деген құрметіммен басымды иіп, тағзым етемін.

Ә.АЛЕКСАНДРҚЫЗЫ,

беларус ұлтының өкілі,

Талдыкөл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT