Бүгін Қазақстан халықтарының тілдері күні
Біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда адамдарды толғандыратын да, ойландыратын да мәселелер аз болмас. Экономика, әлеуметтік саясат төңірегіндегі әңгімелерден де маңыздысы бар. Ол - тіл мәселесі. Ұлттың ұлт болып қалуы үшін ең алдымен керегі - тілі. Тәуелсіз ел атандық, дербес мемлекет болдық деп сонау 1991 жылдан бері бөрігімізді аспанға атып, айқайлағанымызбен тіл мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында осы тіл жайын айтып, Шерхандар мен Шахановтар шырылдап еді-ау. Жә, ол кезде көп адам бұл шырылды бірі түсінді бірі түсінбеді дей қоялық.
Содан бері қаншама су ақты. Рас, үкіметіміз бұл мәселе төңірегінде біраз шараларды жүзеге асырып та жатыр. Арнайы Заң қабылданды, республикалық деңгейде бағдарлама да жасақталынды. Бағдарлама жасалынған соң тілді дамытуға қаражат та бөлінді. Маңдайшалардан бастап, іс қағаздарына дейін қазақша жазу талабы енгізілді. Басқаны айтпағанның өзінде біздің Махамбет ауданында да тілді дамытуға бағытталып өткізілген іс-шаралар қаншама! Байқап отырсам, ауданда өткізіліп жүрген көркемсөз оқушыларының сайысы, мүшәйралар, шығармашылық саласының өкілдерімен кездесулер, шығармашылық байқаулар, Абай, Мұқағали, Махамбет, Фариза, Жұмекен оқулары бәрі, айналып келгенде, осы тілді дамытудың жетегіндегі шаралар ғой.
Қазақ қоғамында әу бастан-ақ ел зиялыларының айтқандары тілсіз мемлекет болмайды дейтін қағида болатын. «Тілдің атасы» Ахмет Байтұрсынов осы жолда қанша тер төкті. Тегін төкпеген тер. Ол кісі қазақ «Әліпбиін» жасап шықты. Менде 1925 жылы Қызылорда қаласынан басылып шыққан алғашқы «Әліпбидің» көшірмесі сақтаулы тұр. Араб әрпімен жазылған «Әліпби» мектеп табалдырығын аттаған әр оқушы үшін тіптен қолайлы. Ал біздің замандастарымыз мектепте «Әліппеден» бастамап па еді! Араб әліпбиінің бастапқы әрпі «А»-дан, яғни жалғыз таяқшадан тұрады. Қазақта қара танымайтындарды «Әліпті таяқ деп білмейді» деп сөгетіндер әлі де бар ғой. Сол әлібіміз жалғыз таяқ әріп еді. Менің әжем Күнсұлу деген кісі отызыншы жылдардың басында «Сауатсыздықты жою» мектебінде оқыпты. Әуелі латынша, кейін орысша қаріптерді үйренген. Мен де кезінде сол әжемнен біраз нәрсе үйренгем. Кейін университетте жүріп, арабша төте жазуды да меңгеріп кеттім. Өткен жылдары мектептерде «Сауат ашу» деген сабақ жүргенде тек мен емес, бүкіл ел болып «мынауысы несі?» десіп қалған. Құдайға шүкір, биыл білімге жаңа министр келгелі «Әліппемізбен» қайта қауышатын болдық. Мұндағы айтайын дегенім тіл ең алдымен білім беру орындарынан жақсы жолға түсуі тиіс еді. Ал біз болсақ, сол мектепті алғаш аттаған балаға қолайлы деген кітап шығарып бере алмадық.
Қазақ тілін өміршең ету үшін алдымен адамдардың санасын ояту абзал. Отаншылдығымыз да осы тұста байқалады. Сонау сексенінші жылдары ауданымызда «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Мен сол қоғамның хатшысы болып, қызмет еттім. Нағыз аласапыран мезгіл. Сол кезде «Комсомольская правда» газетінде А.Солженицыннің «Как нам обустроить Россию?» деген тақырыптағы мақаласы шықты. Автор сол мақаласында «Қазақстанның кей облыстарын Ресейге беру керек» деген әңгіме айтқан. Мақала ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Біздер, махамбеттіктер бұл мәселеден шет қала алмадық. «Қазақ тілі» қоғамының атынан облыстық радио арқылы тіл қатуға тура келді. Марқұм Сембай Бердімұратов екеуміз облрадиоға барып, мақаланың терістігін, мұның ұлтараздыққа себепкер болып тұрғанын айтып, эфирге шықтық. Біздің артымызды, ала облыстың басқа да зиялы қауым өкілдері мақалаларымен үн қатысты. «Қазақ тілі» қоғамы арқылы мың дана қазақша аударылып басылған Құранды бастауыш ұйымдарға тараттық. Бұл Махамбет ауданына Құран кітабының алғаш келуі болатын. «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымы жұмысының алға жүруіне сол кездері Сайлаубай Тәжбентаев, Хамидолла Тәжмағамбетовтер көп еңбек сіңірді. Қоғам атынан «Телағыс» деген кітапшаны шығаруға көп жүрдік, іздендік. Әр ауылға барып, ақсақалдармен сөйлестік. Біздің жергілікті жерге үйлесімді ырым-тыйымдар, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер жайында деректер жиналды. Тіпті қазақтың жыл амалдары туралы да әр ауылдан ой-түйіндер жинақталынды. Кітапшамыз абырой болғанда бірнеше данамен шығарылып, әр бастауыш ұйымға тегін таратылды. «Бақсай» кеңшарындағы бастауыш ұйымға жүктеп, ақын Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 155 жыл толуын өткіздік. Бұл бір керемет шара болып өтті. Ақын зиратының жаңа табылған кезі еді бұл. Әуелі ақын зираты басында жыр мүшәйрасы болып, Бала Ораз жайындағы әңгімелер айтылды. Әнші, зерттеуші Қуанғали Жұмалиев Бала Ораз әндерін шалқыта орындаса, өлкетанушы, журналист Өтепберген Әлімгереев ақын туралы жақсы әңгімесімен тәнті етті. Сөйтіп, жұмысымызды жаңа қаз бастырып келе жатқанымызда жоғары жақтан ептеп шектеулер де бола бастады. Үніміз шыға қоймайтын жағдайға жеттік. Мен осыған налимын. «Бақсам бақа екен» дегендей, тіл үшін күресте жоғары жақтан тежеуіш күштер бола береді екен ғой.
Қазір ше? Тілді әңгіме етсең болды араздық тудыратындай күй кеше қаламыз. Жарайды. Қазақстан көпұлтты республика бола қойсын. Бірақ, Отан, қазақ Отаны біреу ғана ғой. Тілімізге желімдей жабысып, орыс тілі әлі келе жатыр. Болашақ қалай болмақ? Кім қай жерде өмір сүріп, сол жерде тіршілік етсе, сол жердің тілін білуі қажет дейтін ұстаным да, заң да жоқ. Президенттен бастап, Парламенттегілердің ой-мақсаттары осы қазақ тілін құрметтеуден басталса, нұр үстіне нұр болар еді деп те ойлаймын. Қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың «Тіл бар жерде қазақ бар, тіл жоқ болса қазақ та жоқ. Бұдан артық әңгіме болмауға тиіс» деген тамаша сөзі ойға оралады. Шұбарланған тіл арқылы болашаққа жету мүмкін емес. Басқа тілді меңгеру әркімнің өз шаруасы. Қазір қаладағы балалар мен жасөспірімдердің шәлдүр-бүлдір сөйлегендерін көргенде қаның қайнайды. Оның үстіне ата-аналарының да шатыс тілде сөйлегендерін көргенде, болмаса ауылдағы тойларға келіп мұрындарын шүйіріп, кәкүр-шүкірлеп сөйлегендерін естігенде жаныңды қоярға жер таба алмайсың.
Қазақтың тілінен артық бай тіл жоқ. Мен Абайды айтпағанда өзіміздің Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын жақсы білемін, Махамбеттегі тілдің шеберлігін қараңыздар. Құдай-ау керемет емес пе? Сондай кереметтердің ұрпақтарының тойларда айтып тұрғандарын қараңыздар, мыңқ-мыңқ еткен бірдеңе. Не еркектік жоқ, не елдік жоқ, не тілдік байлық жоқ. Әйелдері болса, байлық пен шайлықты айтып, сумаң-сумаң етеді, әдеттен, ғұрыптан әрірек жатыр. Қалай қаның қайнамайды? Тіл әр отбасының өзінен басталуы тиіс. Өзіміздің ана тілімізді қызғыштай қорып,мәңгілік ету бүгінгі сіз бен біздің ортақ борышымыз болсын, ағайын!
Қ.ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,
Бақсай мәдениет үйінің директоры,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі