Еліміз үшін бұл айтулы күнді махамбеттіктер биыл да өз дәрежесінде атап өтті.
«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлына тұрғындарды мерекемен құттықтап,қоғамның дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген бір топ ауыл азаматтарын марапаттады.
Еліне берген антына адал қызмет етіп, өзгенің өмірі үшін, ойланбастан өз жанын қиған бейбіт күннің батыры, ауданымыздың мақтанышы, Ақымғалиев Шалқар Көшкімбайұлына «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Арнайы төсбелгі мен құжатты қолына алған марқұмның анасының жүзіне қарап, қандай атақ-даңқтың да Шалқардай азаматтардың орнын толтыра алмайтындығын түсіндік. Әйтсе, дәл осындай күнде ерлерін ұлықтау елдің ортақ міндеті екенін естен шығармаған жөн.
Ауданның білім беру сапасын арттыруға айрықша үлес қосқаны үшін Махаш Бисеноваға да «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен Талдыкөл мектебінің мұғалімі Ханшайым Аманова марапатталса, «Алтын алқа» төсбелгісі көпбалалы ана Айгүл Абуталинаға табыс етілді.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісімен» денсаулық сақтау саласының ардагері Сабиров Ермек Сабырұлы марапатталды. Сонымен қатар бір топ сала қызметкерлеріне облыс, аудан әкімінің «Алғыс хаттары» табысталып, мерекеде мерейлерін тасытты.
Махамбет аудандық мәслихатының депутаты А.Құрманбаев та халықты мерекемен құттықтап, Маруа Себекбаева, Асылбек Лұқпанов, Ерлан Қуанышев, Сақыпжамал Өтешоваға арнайы «Алғыс хатын» табыс етті.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
А.САТАЕВА