«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен Зәмзәм Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің «Өнерге қанат қаққандар» атты есеп беру концертінің шымылдығы домбырашылар ансамблінің орындауындағы З.Ещанованың «Шашу» күйімен ашылды.
Мерекелік көңіл-күйді паш еткендей ойнақы әуенді Құрманғазының «Балбырауын» күйі де өнер мектебінің ұстазы, домбырашы Р.Елемесовтің иек қағуымен жып-жинақы шықты. Облыстық «Жадыра жас дарын» байқауының лауреаты Ә.Жөкесованың орындауындағы халық күйі «Арынғазыны» да тыңдарман қауым жылы қабылдады. Халық күйі «Ел айырылғанды» өнер мектебінің үшінші сынып оқушысы Г.Амангелді саусақтары майысып, соңына дейін жеткізді. Олай дейтініміз, домбыра пернесінің үстінде нәзік саусақтарымен ноталарды дәл басуға тырысса да, қиналып қалып жатқандары да байқалды. Бұл өнер байқауы емес, жоғарыда айтқанымыздай есептік концерт. Сондықтан өздерінің бойымен бірдей домбыраның құлағында ойнайтындай шеберлікке жетпеген шәкірттерге түсіністікпен қарауға болады. Ал, Қаршыға Ахмедияровтың «Қуаныш» күйін орындаған Ш.Шәріпов атындағы аймақтық домбырашылар конкурсының екінші орын иегері С.Алпамыс қазірдің өзінде үлкен сахналарға ұялмай шығаруға болатын дайын күйші екендігін аяқ алысынан аңғартты. Қазақтың бишілік өнері біршама жақсы қолға алынған. Бишілер тобы қазақ билерінен басқа барлық бауырлас ұлттардың биін билеуге машықтанған. Бір сағаттан астам уақытқа созылған концерттік бағдарламаның бәріне бірдей тоқталып,пікір айту міндетті болмас. Ең бастысы, өнерге қанат қаққан шәкірттердің бойын- да өнерге деген құштарлық бар. Бағдарламада әр алуан жанр қамтылған. Қобызшылар, сырнайшылар, күй сандықта ойнаушылардың қай-қайсысы да шеберлік шыңына ұмтылып, кәсіби біліктіліктерін арттыруға деген талпыныс танытуда. Олар төл туындыларымызбен қатар сан иірімді шетел классиктерінің шығармаларын да жүрексінбей, нәшіне келтіре орындап шықты. Тағы бір көңіл бөлерлік жайт, концерт жүргізуші хабарлағанындай, сахнаға шығып, өнер көрсеткендердің көпшілігі түрлі деңгейдегі сайыстардың жүлдегерлері. Бұған қуануымыз керек. Өйткені, өнерді бағалаған мұндай марапаттар көңілді марқайтады. Шәкіртке шығармашылық шабыт береді.
Сондықтан шама келсе, шәкірттеріміз түрлі өнер додаларынан шет қалмауы тиіс. Концерт соңында З.Ещанова атындағы өнер мектебінің директоры Э.Еспусинова сөз алып, балаларының өнерін тамашалауға келген ата-аналарға алғыс сезімін білдірді. Шараға бастан-аяқ қатысып, болашақ өнер қырандарының аяқ алыстарын байқаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев та өз сөзінде балалардың болашақтарынан үлкен үміт күтетінін айтып, қадамдарына сәттілік тіледі. Ата-аналар атынан сөз алған У.Қабдыкаримов ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, шәкірт бойына ізгілік нұрын сепкен өнер мектебінің ұжымына ризашылық сезімін білдірді. Аталмыш өнер мектебінің директоры Э.Еспусиновадан сұрап білгеніміздей, орта мектептің үшінші сыныбын бітірген оқушылар қабілетттеріне қарай өнер мектебіне қабылданатын көрінеді. Сондықтан каникул кезінде өнер мектебімен тығыз байланыс жасап, қажетті кеңес алуларына болады. Баланың бәрі бірдей үйден дайындалып, домбыраға немесе сырнайға бейімделіп келмеуі мүмкін. Ал, мұндағы тәжірибелі мамандар алдына келген шәкіртпен жеке сөйлесу арқылы оларға бағыт сілтейді. Олай болса, бала болашағына ата-аналар да немқұрайлы қарамауы тиіс. Жасыратыны жоқ, күні бүгін балаларды компьютер, интернеттен басқа еш нәрсе қызықтырмайтын болып барады. Ал, балалар бос уақыттарын өнермен шұғылдануға, спортпен айналысуға арнаса, олардың өмірге деген көзқарастары да өзгереді. Жүрегін сиқырлы да, сыршыл әуен тербеген баланың бойында ізгілік нұры тұнып тұрады. Оларда әрдайым адамға жақсылық жасауға ұмтылатын биязы, кішіпейіл, сабырлы да сұлу мінез қалыптасады. Бұзақылық, тәртіпсіздік, қатігездіктен бойларын аулақ салады. Ендеше, өз балаларыңыздың болашағын ойласаңыздар, осы бастан олардың бос уақыттарын мазмұнды да мағыналы өткізудің жолдарын іздестірген абзал.
Н.ЕРҒАЛИЕВ