Күлкіге қарық қылды

Индер аудандық мәдениет бөлімі жанындағы «Ақ Жайық» театры махамбеттік өнерсүйер қауымға жазушы, аудармашы, драматург Есенжол Домбаевтың «Келін» комедиясын ұсынды.

Бір-бірімен ілік-шатыс, туыс болып келетін қазақ ауылында кездесетін тұрмыстық түйткілдер, бір-бірін көре алмаушылық, сүйіспеншілік, махаббат мәселелерін қамтитын драмалық шығарма өмір шындығынан алынған. Ауылдағы бұлаңдаған бойжеткен өзінің сүйген жігітінен аяғы ауырлап қалады. Ал, екеуінің қосылуларына ата-аналары қарсы. Әсіресе, жалғыз ұлы Ағатайды әлпештеп өсірген анасының қиялы аспанда. Болашақ құдағайына: «сенің қызың менің табалдырығымды аттап баспайды, балама алғызбаймын, ол оқыған, тоқыған адам, тең-теңімен тезек қабымен дегенді білмеуші ме едің?» деп мұрынын шүйіріп, менсінбейді. Ал, көз әйнегін мұрынының ұшына іліп алып, газет оқудан бас көтермейтін отағасыға бәрібір, қолды бір сілтейді. Ақыры қыз оң жақта отырып босанып, торсық шеке ұл туады. Ал, бұл кезде жігіт жақ тойға қызу дайындалып жатады. Генералмен құда болатынын естіген анасы бүкіл ауыл өнерпаздарын жинап алып, беташар, ән-шашу айтатын, билейтін өнерпаздарды сүзгіден өткізеді. Көп күттірген келін де төбе көрсетеді.Өзі жартылай жалаңаш, шала мас. Тілі бұралып, әрең сөйлеген келін: «ешқандай беташар деген болмайды, өйткені менің бетім ашылған, бұрында тұрмыста болғанмын, той маған түсінікті орыс тілінде өтетін болсын» деп өз шартын қойып, қиғылықты салады.Шайпау ененің есі шығып кетеді.

Ақыры жаңа келінмен тіл табыса алмаған енесі оны үйден қуып шығады. Сол кезде көп сөйлемейтін, сөйлесе шағып алатын шалы: «баяғыда айтпап па едім мен саған, сол ауылдың қызын баламызға алып берейік деп, бәрін істеген өзің, енді бар сол бұрынғы болмай қалған құдағайыңның табанын жала, келінді алып кел» деп намысына тиетін сөздер айтады. Баласы үшін ештеңеден тайынбайтын да, арланбайтын анасы: «барсам барам, жаласам жалаймын табанын» деп үйден шыға жөнеледі. Сол кезде өздерімен өздері қалған жастар сылқ-сылқ күліп: «спектакль аяқталды» дейді. Сөйтсек, екі жастың адал махаббаттарын сақтап қалу үшін бірге жүрген достардың Ағатайды өтірік үйлендіріп, анасын қалалық келінді көрместей етіп бездіріп жүрген әрекеттері екен. Көп ұзамай ортақ немерелерін көтерген қос құдағай да төбе көрсетеді. Бір-бірін жаңа көргендей екі жастың құшақтары айқаса кетеді. Бәрі абыр-сабыр болып, сәбидің шілдеханасын бірге тойлауға кірісіп кетеді. Иә, өмірде не болмайды. Ата-аналар арасындағы кикілжіңнен туған текетірес екі жастың арасына сына қағады. Бірақ өз махаббаттары үшін күресе білген қос ғашық қиындықты жеңіп шығып, мұраттарына жетеді. Жалпы шағын ұжымның сахнадағы қимыл-қозғалысы, образға енудегі шынайылығы тартымды да нанымды шықты. Индерлік өнерпаздардан үйренетін үрдіс көп. Ал, Махамбет Оңдағани ағамыз отымен кіріп, күлімен шығып, өгіздей өрге сүйреген Алға халық театрынан көптен бері хабар жоқ...

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521