Сарайшыққа деген сағыныш кітап болып өмірге келді

Сарайшық ауылдық мәдениет үйінде «Алтын бесік –Сарайшық» атты энциклопедиялық жинақтың тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Оны округ әкімі міндетін уақытша атқарушы Ж.Тоқабайұлы кіріспе сөзбен ашты. Келесі сөз кезегі осы энциклопедия жинақтың шығуына демеушілік жасаған жерлесіміз, редакция алқа төрағасы, ҚР Қорғаныс және аэро-ғарыш министрлігі «Материалдық резервтер» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының директоры Бекенов Асхат Хисымеденұлына жолданды. -«Туған жер кім бар сірә, сенен ыстық, өйткені сенде туып, сенен ұштық» деп Қасым ақын жырлағандай, қай қиырда жүрсекте осы атакүлдігім-киелі Сарайшыққа деген сағынышым бір басылмай қойды,-деді тебірене сөйлеп. Осы арада бала болып ойнап, өстік, өндік. Ата-анамыз жұмыс істеп, біздерді үлкен өмір жолына бағыттады. Қазір астаналық болып кеттік. Бірақ «ат айналып, қазығын табады» дегендей, ерте ме, кеш пе, әйтеуір туған топырағыма ораларым сөзсіз. Осы туған жеріме деген перзенттік парызымды қалай өтесем екен деп біраздан бері ойланып жүр едім,-деді Асхат Хисымеденұлы сөзін одан әрі сабақтап,-бір күні фб желісіндегі Сарайшық ауылының парақшасын ашып оқыдым. Авторы Фархат Байдәулетов. Ол Сарайшық парақшасына ауыл тынысын бейнелеген тарихи көне суреттерді жариялай бас- тады. Сол кезде маған кітап шығару туралы идея келіп, мектепте бірге оқыған сыныптасым Тарас Наурызәлиевке хабарластым. Сол кездегі округ әкімі Алмажай апай бұл бастаманы қызу қолдап, барынша көмектесетінін айтты. Сөйтіп, осы қолдарыңа тигелі отырған кітапты жарыққа шығару үшін екі жылға жуық уақыт өтті. Ал, кітаптың алғашқы оқырманы да, сыншысы да өздерің, қадірлі жерлестер. Егер әлі де толықтыру керек, қолдарымызда бұрын соңды ешқайда жарияланбаған материалдар бар, көмектесейік деп жатсаңдар, кітаптың жалғасын шығартуға көмегім аяусыз деген Асхат Хисымеденұлы «Алтын бесік-Сарайшық» атты энциклопедиялық жинақтың тұсаукесер рәсімін жасау үшін ортаға өлке тарихына жанашыр жастардың бірі, фб желісіндегі Сарайшық ауылы парақшасының авторы Фархат Байдәулетов пен кітаптың құрастырушы авторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тарас Наурызәлиевті шақырды. Сол бойда баспа бояуының иісі аңқыған су жаңа кітап зал толы Сарайшық тұрғындарына тегін таратылды.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Қалиев сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына іспен жауап ретінде қолға тиген кітаптың маңыздылығына тоқталды. Кітаптың жарық көруіне атсалысқан А.Бекенов пен Т.Нарузәлиевке ауылдастар атынан алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табысталды. Жалғансайлық ақын А.Есенғалиев кітапқа байғазы ретінде сол бойда суырып салып, өлеңін арнады. Сөз кезегін алған ауылдық энциклопедия құрастырушысы Т.Наурызәлі деректер жинауға көмектескен ауылдастарына ризашылық сезімін білдіріп, «қайда жұмсасаңдар да, қызметтеріңізге әзірмін» деп туған жер алдындағы перзенттік парызын әсте естен шығармайтындығын білдірді. «Сарайшық» парақшасының авторы Ф.Байдәулетов өлкетану бағытындағы жарық көрген бірнеше бағалы кітаптарды ауылына тарту етті. Шара барысында Отан, туған жер, Астана тақырыбындағы патриоттық әндер бірінен соң бірі шырқалып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521