Кейінгілер білуге тиіс өлке тарихын түсінікті тілмен тігісін жатқызып, жүректерге жеткізу, деректер мен дәйектерді келтіре отырып, көзіңнің майын тауысып жазғаныңды оқырман санасына орнықтыру оңай шаруа емес.
Осындай жауапкершілігі зор, шығармашылық ізденіс пен ерен еңбекті қажет ететін көп жылғы тірнектеп жиған деректерді бір ізге түсіріп, жүйелеп, кітап қылып баспадан шығару да, қаржы көзін тауып, туындыңды халықпен қауыштыру да кез келген азаматтың қолынан келе бермейтінін де мойындау керек. Осындай ел мен жер алдындағы перзенттік парызын терең сезінген, ықылым заманнан бергі халық ауыз әдебиетінің кәусарынан сусындаған сөзіне ісі сай, «ақырын жүріп, анық басатын» жігіттің жампозы Жұмажан Қадимов ағамыз десек еш қателеспейміз.
«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен «Талайлы тағдырлар» атты кезекті кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кешті өнер майталманы, ақын Қадыржан Қазымбекұлы жүргізіп отырды.
«Болашаққа бағдар жасау үшін өкше ізімізді өшірмеу, өткен заманның өрелі тұстарын кезең-кезеңімен зерделеу маңызды. Ол бүгінгі өміріміздің қадірін түсініп, қасиетін бағамдау үшін де қажет екені даусыз» деп кітабының алғы сөзінде өзі жазғанындай мінберге көтерілген мемлекеттік қызмет ардагері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Жұмажан ағамыз оқырманға ұсынылып отырған осынау еңбегі Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына орай өлке тарихы мен тарихи тұлғалар өмірінің беймәлім тұстарын баяндауға арналғандығын айтқан автор қоңсы қонған қырғыз ағайындар баяғыда «Манас» жыры негізінде көне тарихын жүйелеп алғандығын алға тартып, бізге де төл тарихымызды түгендейтін кез келді деген ой, ұсынысын айтты.
Келесі кезекте сөз алған бірге өскен қатар құрбысы Қ.Сисенов бұл кітап бұдан бұрын жарық көрген Ж.Қадимовтың «Зерде танымы» атты тағылымы мол туындысының заңды жалғасы екендігіне тоқталып, бір істі қолға алса, тау қопарғандай бар ынтасымен кірісетін қасиетін жақсы білетінін еске алып, араға жыл салып, тағы да өлке тарихына қатысты сериялы кітаптар жалғасын тауып жатса,таңдануға болмайтынын жеткізді.
Жасы жетпістен асса да кітапты рухани серігіне айналдырған ардагер дәрігер Е.Сабыров осыдан он шақты күн бұрын сұратып алып оқыған Ж.Қадимовтың «Талайлы тағдырлар» кітабына кәдімгі әдебиетші ғалымдардай бүге-шігесіне дейін талдау жасап, автордың алға қойған мақсатын, кейбір астарлы ой иірімдерін ашып көрсетті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженов жаңа кітаптың тұсауын кесу рәсімін жасады. Автордың қолтаңбасы қойылған «Талайлы тағдырлар» оқырмандарға таратылды.
Н.Ерғалиев