Күй Қаршыға халқымен қауышты

Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров атындағы «Қазақтың Қаршығасы» атты облыстық күй орындаушылар байқауына үміттерін үкілеген тоғыз талапкер қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева шараны құттықтау сөзбен ашып, өнер додасына қатысушыларға сәттілік тіледі. Жеребе суыру арқылы өз кезектерін анықтағаннан кейін байқау шарттары түсіндірілді. Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде талапкерлер Қаршыға Ахмедияровтың «Имаш-Байжұма» күйін орындаулары міндетті, сонымен қатар Қаршыға Ахмедияровтың нұсқасындағы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің өз қалауымен бір күйін орындау шарт.

k

k

k

Бұдан соң өзінің таңдауындағы Қаршығаның тағы бір күйін орындайды. Яғни, талапкер қатарынан үш күйді мүдірмей тартып шығуы тиіс. Қазылар алқасының шешімімен бірінші кезеңнен кейін қатысушылар іріктеліп, екінші кезеңге жолдама алады. Атырау қаласындағы өнер мектептерінің түлектері, бұл күнде ауыл мектептерінде шәкірт тәрбиелеп жүрген кәсіби домбырашылар аянып қалмады. Сонымен көсіле қатар шапқан тоғыз жүйріктің үшеуі қазылар алқасының ұйғарымдары бойынша алғашқы кезеңнен кейін өнер додасын жалғастырмайтын болды.

k

k

k

k

Ал, ауыздығымен алысқан арғымақтай арындап, екінші айналымға шыққан алтылықтың да алдында асқан шеберлікті, күй табиғатын жан-тәнімен сүйегіне сіңірген рухани қуатты қажет ететін қиын сынақтар күтіп тұрды. Екінші кезеңге өткен байқауға қатысушылар Қаршыға Ахмедияровтың «Атырау» күйін орындауға міндетті, Қаршыға Ахмедияровтың «Ақмешіт»,», «Алтын ұя», «Мұнайшы Ақжелең», «Жібек-Жетісу», «Күй-Ұран» күйлерінің ішінен 1 күйін жеребе суырып тартады және әр үміткер өз қалауы бойынша Махамбет Өтемісұлының 1 күйін орындайды. «Шапқан аттай, атқан оқтай, көшкен селдей, соққан желдей» жезкиік уақыттың жалына жармасып, замана шежіресін домбыра шанағынан күмбірлете төккен күйшілер зерделі шәкірттей бұл тапсырманы да қағып тастап, маңдай терлерін сүртіп, рухани жан рахатын сезініп отырғандай бей-жай күй кешті.

k

Байқауға қатысушылардың қай-қайсысы да атаусыз қалмады. Құрманғазы, Дина, Зәмзәм Ещанова атындағы арнайы сыйлықтарды атыраулық Е.Ауданов, мақаттық Б.Ернар, атыраулық Т.Оразовтар иеленді. Байрақтары 70мың теңгеден. Ал, үшінші орынға лайық деп танылған махамбеттік А.Нұрмұқанова, қос атыраулық Т.Аққалиев пен А.Изжановтарға 80 мың теңгенің байрақтары табысталды. Екінші орын , яғни 150мың теңгенің сертификаты жылойлық жас күйші А.Изжановқа бұйырды. Бірінші жүлде-200 мың теңгенің сертификаты индерлік күйші З.Қайратовтың қанжығасында кетті. Ал, байқаудың бас жүлдесі-300 мың теңгенің сертификатын исатайлық дәулескер күйші Ж.Оспан жеңіп алды.

Нұрым Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521