«Шежіре тұнған құт мекен – Махамбетім»

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» бағдарламасын қолдау бағытында әрі ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан көлемінде «Шежіре тұнған құт мекен – Махамбетім» атты өнер фестивалі басталды.

Өнер додасын Жалғансай ауылының өнерпаздары алғашқы болып өткізді. Келесі тізгінді Таңдай және Сарайшық ауылдары алды.

Жалғансайдағы мәдениет үйі мерекеге сай безендіріліп, фойеге қолөнер бұйымдары қойылып, мекемелер өмірінен сурет көрмелері ұйымдастырылды. Көрермен ең алдымен «Туған жер тарих толқынында» деген тақырыптағы бейнероликті тамашалады. «Аруназ» бишілер тобы «Шашу» биімен шашу шашты. Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Азат елдің қазақ деген қызымын» өлеңін Жалғансай орта мектебінің оқушысы Асылзада Киікбаева, ал Сағынғали Сейтовтің «От ауызды, орақ тілді бабама» өлеңін Гүлден Ибыраш нақышына келтіре оқып берді.

Сисенбі Құлмағамбетовтің «Сағыныш сазын» Құралбай Әзілхан, «Туған жерін» Гүлсая Меңдігереева, Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барадысы» мен Ш.Қалдыаяқовтың «Кешікпей келем деп еңін» қыздар ансамблі, Теміржан Базарбаевтың «Ауылымын» Бағытбек Нұрмұхановтар әуелете орындап, Жалғансай аспанын әсем әнге бөледі. Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Ерке сылқымды» республикалық «Бейбітшілік әлемі» конкурсының 1-ші дәрежелі дипломының иегері Зухра Ержанова, ал Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқынын» Мұхтар Нәукенов күмбірлетті.

Өмірдің өзінен алынған «Ана қадірі» атты бір актілі көрініс те көрермен көңілінен шықты. Асылбек Еңсеповтің «Әке толғауына» Динара Сәрсекенова мың бұрала билеп тамсандырды. Гүлайым Жотаеваның «Тәуелсіз ел ұланын» Жайлыбай Нұрбақытпен бірге балалар хоры шырқаса, Сисенбі Құлмағамбетовтің «Махамбетім қыраным» әнін дирижер Ардақ Кенжебаеваның сүйемелдеуімен Қайрат Жұмашев хормен бірге орындады. Жалғансайлық өнерпаздар ауыл халқына осындай тамаша демалыс сыйлады.

Бақсайдағы өнер фестивалі Махамбет батыр мен бүгінгі күннің сарбазы көрінісімен ашылды. Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп оқушыларынан құрылған домбырашылар оркестрі Дәулеткерейдің күйі «Қосалқаны», Сағидолла Алпамыс пен Наурызбек Жұмағалиев «Күткендені», Жәнібек Ернар мен Ермекқали Ердәулет Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Ерке сылқымды» халыққа тарту етті.

Республикалық Абай оқуларының жеңімпазы,бірнеше рет жыр мүшәйраларына қатысып, жүлделі орындар иемденген жас ақын Нұрлыбек Бағыт өзінің «Астанам, саған айтам» атты өлеңін оқып берді. Ауылдың ару қыздары қазақ, үнді билерін бұрала биледі.

Гүлбағила Шәмшиден халық әні «Ағайшаны», Гүлнәр Жалмұханова «Ал құрбымды», Әсем Ерболатқызы «Қазақстан, алғаны», Жұмабике Әбенова Мұхиттың «Үлкен Айдайын», Нұрлыбек Бәженов «Ару Ананы», Ерболат Алтыбаев Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекенін» нақышына келтіре шырқады.

Қыз-келіншектер ансамблінің орындауындағы Нұрлан Өнербаевтың «Ауылым» әні мен Таңдай ауылының өнерпаздарынан құрылған хор ұжымының орындауындағы «Күн дидарлы Қазақстан» әні де жүрекке жете орындалды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Латифұлы шараны қорытындылады.

Сан ғасырлық тарихы бар киелі Сарайшық өңірінің өнерлі өрендері де өнер фестивалін өз деңгейінде өткізді. Шараның шымылдығы Тарас Наурызәлінің «Махамбетке» арнауымен түрілді. Ескендір Хасанғалиевтың «Айналдым елімін» Айнагүл Ғаббасова тамылжыта орындаса, «Айналайын» би тобы «Бақытты балалық шақ» әніне билеп берді. Анаргүл Канкомованың репертуарындағы Қадыр Мырза-әлінің «Қазақ осы» әні көрерменді қанаттандыра түскендей болды.

Әжелер ансамблінің орындауында халық әні «Ғазизагүл» мен «Сарайшық саздары», Назерке Қартаңбаева әуелеткен Саркенже Дастанның әні «Жас қала – Астана», квартеттің «Астанаға арнауы», Махмуд Өтеген шырқаған Майра Құспанғалиева әуелеткен «Махамбет құтты мекен» әндері де тамашалаушылар тарапынан зор қошеметке ие болды. Серік Қойшығұловтың «Бүгінгі Махамбет» - көрінісін «Бүлдіршін» бөбекжайы ұжымы сахналады.

Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521