Отбасы – шағын мемлекет. Сол шағын мемлекетте ата-анасының орны қалай ерекше болса, сәбидің де алар орны маңызды.
Бала үшін әке мен ана мейірімінен асқан ештеңе жоқ. Ал ата-ана үшін бала – өмірдің сәні мен мәні. Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген нақыл бар. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Бала – артыңда қалар ұрпағың, атыңның жалғасы, елінің болашағы.
Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Сондай берекелі де өнегелі отбасылардың бірі – Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде ұстаздық ететін Қален Өтеғалиев пен Фариза Жұмабаевалар отбасы. Қос ұстаздың бірі Қален информатика пәнінің мұғалімі болса, Фариза математикадан дәріс береді. Ұстаздар қауымы бүгінде шәкірттеріне онлайн-сабақ беруде. Фариза жолдасы Қален екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп отырған жас шаңырақ иелері. Тұңғышы Нұралы Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде 2 сыныпта оқыса, қызы Нұрайым мектепалды даярлық тобына барады. Ал кіші ұлы Ералы «Нұршуақ» бөбекжайында тәрбиеленуде. Киелі қара шаңырақтың үлкені – әкесі Қами Сариев кезінде «АтырауСуШар» мекемесінде механик болып, ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Ал отанасы Ағила Наурызова – Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі.
Ежелден дана халқымыз қоғамдағы отбасылық құндылықтарға ерекше назар аударған, «шаңырақ ұйытқысы – әйел» деп білген. Мықты мемлекет қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке-бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге қамқор болу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Төскейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ қоғамы отбасы институтының беріктігі мен татулығына аса мән берген. Балиғат жасына жеткен жігіт пен бойжеткен қыздың ата дәстүр салтымен некесін қидырып, үлкендердің батасын алып, шаңырақ көтеруін үлкен қуаныш көреді. Ата-ана керегеміз кеңейді деп шаттанып, отбасын құрған жас жұбайлардың мызғымас татулығы үшін екі тарап та барынша жас жанұяға қолдау көрсетіп жүреді. Міне, бұл жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған кешегі қазақ қоғамының қалыптасқан үрдісі.
Жалпы баланың ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан туған үйдің жылуы баланың көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Жеке тұлғаның, әр адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілікке тәрбиелеуге отбасы-оның алғашқы қадамы болып саналады.
Шаңырақ – қасиетті, өте қажетті, басқа еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Оның алтын тіреу діңгегі бала екені рас. Жанұяның әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демей ме. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те жанұядағы шын ықылас, пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді. Қазақ отбасында әуелі әке, кейін ана отбасы мектебінің ұстаздары десек, қателеспейміз. Ата-анамыз бізге үнемі қолдау көрсетіп отырады. Шынын айту керек, ең алғаш келін болып түскенде анам маған бар ақылын айтып, білмегенімді үйретті. Қазақта «білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» демей ме. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Айтар алғысым шексіз. Біз балаларымызды өміріміздің жалғасы деп білеміз. Қашанда оларға жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысамыз. Әр бала ата-анасына еліктеп өседі ғой. Әрдайым отбасымыз аман, бауырымыз бүтін болсын, - дейді Фаризаның өзі.
Бұл шаңырақта келін мен ене одағы үйлесім тапқан. Адам ең алғаш шыр етіп, дүниеге келген сәтінен бастап, отбасында ержетіп, сол шаңырақтың тәрбиесін алады. Сондықтан жанұя адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Бала қанша білім алып, мектеп табалдырығын аттағанымен, оның өмірінің көп бөлігі ата-анасының қасында өтеді емес пе. Біз де жас отбасына қашанда шаңырақ шаттығы, шуағы тарқамасын демекпіз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА