Шалқар Ақымғалиевті еске алды

Береке ауылында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ішкі істер органының қызметкері полиция сержанты Ақымғалиев Шалқардың рухына арналған кеш өтті.

Оған Махамбет аудандық әкімінің орынбасары Аманшиева Светлана Ертілеуқызы қатысты. Қаза тапқан сержант Ақымғалиев Шалқар Көшкінбайұлының рухына бір минут үнсіздік жарияланды.

-Иә, қазақ деген қиындықтан қорықпайтын, мойымайтын, батыл да батыр халық болғандықтан, соның бір үлгісі ретінде еліміздің тыныштығын күзетіп, бейбіт күнде мерт болған полиция сержанты Ақымғалиев Шалқарды атап кетуге болады. Ол өзі құтқаруға тырысқан жанның жарқын болашағы, өмір сүруі үшін жанын пида етті. Оның еліне деген жанашырлығы, отансүйгіштігі әсіресе жастарға әркез үлгі болып қала бермек, сержант Ақымғалиев Шалқарды әрдайым есте сақтау, ұлықтау, үлгі тұту, соған ұқсап тәртіпті және қырағы болу, тайсалмас батыл да табанды қимылдарға әзір болу, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстау, қызметке байланысты қиындықтарға төзу, шыдамдылық таныту – әр ҚР азаматының міндеті болып саналады – деді С.Ертілеуқызы шарада сөйлеген сөзінде.

"Жағалауда ролик теуіп болған соң тынығып отырып, суицид куәгері болдық. Сосын полицияға хабарластым. Оқиға орнына патрульдік полиция лезде жетіп, батып бара жатқан қызға жүзіп жетті. Су суық, бойжеткенді ағыс әкетіп бара жатты. Бірақ полицей өмірін қатерге тігіп, оны құтқару талпыныстарын жалғастыра берді", -деді сөз алған оқиға куәгері Райымбек Сарбалин.

Ауыл ақсақалы Е. Кисимов, ауылдық округ әкімі С. Жағыпарова,Шалқардың әкесінің ағасы Д. Хисинов, мектеп директоры Л. Бахитовалар да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Береке орта мектебінің өнерпаз оқушылары бүгінгі күннің батырының рухына арнап ән шырқады.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521