Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

«Өнерпаз» мәдениет үйінде З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің «Өнерге қанат қаққандар» атты жылдық қорытынды есеп беру концерті өтті.

Ән-күй кешінің шымылдығын домбырашылар ансамблі жерлес сазгеріміз З.Ещанованың «Шашу» күйімен ашты.

Өнер мектебінің директоры Эльмира Жалғасқызы кешті ашып, есепті концертке хош келдіңіздер айтып, жаңадан бірнеше үйірмелер ашылғанын, күні бүгінде білім ордасында 22 сынып, 13 мамандық бойынша 322 оқушымен жұмыс жасайтынын, жеткен жетістіктер көптігін тілге тиек етті. Одан әрі Р.Елемесов басқаратын домбырашылар ансамблі Махамбет бабамыздың «Тарланым» күйін, белгілі сазгер Н.Тілендиевтің «Құттықтаймын, мама!» күйін де ерекше ықыласпен орындады. Ақындар сыныбының бір топ оқушысы «Жырлайды жүрек» деп өз туындыларынан шашу шашты. Ал В. Сағидолла домбырада, А. Сағидолла шертерде күй шертумен есте қалды. Балғын бишілер жеті жұп болып, «Балдырғандар» биін дөңгелене билесе, А.Батырбаева «Танец маленьких лебедей» шығармасын күйсандықта ойнады.Қобызшылар ансамблі Е.Доганың «Вальс» шығармасын орындаса, дәстүрлі ән сыныбының шәкірттері домбырамен халық әндерін орындады.

Сырнайда орындалған күйден соң домбыра 1 сыныбының балғын күйшілері «Келіншек» күйін күмбірлетті. Сарайшық бишілері мың бұралған билерімен көпті тәнті етті. Әскери киімдегі Самат Харун «Туған ел» әнін шырқаса, А.Үмбет күйсандықта чехтің әні «Аннушканы» орындады.

Б.Арыстанғалиұлы соқпалы аспапта «Подмосковные вечера» әнін орындаса, түлек Н.Мүсен дүлдүл күйші Динаның күйін күмбірлете шертті. Сарайшықтық домбыра ұстаған бишілердің «Қазақ» биі де жұртшылықтың ыстық қошеметіне бөленді. Халықаралық, облыстық байқаулардың жүлдегері Н. Тәжмағамбетов сырнайда күй ойнаса, А.Амандыққызы ұлы сазгер Бетховеннің «Сонатина соль-мажорын» күйсандықта ойнауымен ерекше есте қалды. 135 баланы қамтыған шара хордың «Крылатые качели», «Ақ көгершін» әндерімен мәреге жетті.

А.ТЕКЕБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521