Киелі Сарайшық топырағында дүниеге келіп, жастайынан қара сөзді серік еткен айтыскер ақын, «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры Серік Мақсотұлы Қойшығұловты жұрт жақсы біледі. Талай айтыс додалардың көрігін қыздырып, сөз саптауымен, ойлы орамдарымен озық шығып, ауданымыздың абыройын аспандатып жүрген азулы ақынмен сәті түскен сұхбатты сіздерге ұсынамыз.
-Радиоайтыстағы жеңісіңіз құтты болсын! Бұл айтысқада шақырту алдыңыз ба? Әлде?...
- Иә, бұл айтыс «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстан ақын-жыршы, термешілер Одағының «Қазақ Радиосымен» бірлескен жобасы. Осы Одақтың төрағасы Жүрсін Ерман ағамызға хабарласып өзім қатысу туралы ұсыныс бердім. Ұсынысым қабылданып, ақтөбелік жүйрік ақын Марат Ахметовпен сөз сайыстырдым. Бұл онлайн айтыстың ерекшелігі әлеуметтік желі арқылы халықтың дауысы мен пікірі арқылы жеңімпаз анықталады. Мені қолдаған тыңдарманға үлкен алғыс айтамын.
- Айтысқа қалай келдіңіз? Алғашқысы есіңізде ме?
- Мектепте оқып жүрген кезде әуестеніп өлеңдер жазып жүрдім. Осы жолда қалыптасуыма, әдеби тұрғыда жетілуіме ұстаздарым Зәмзә Хайрушева, Майра Баймұқановалардың үлесі зор болды. Аудандық оқушылар айтысына қатыстырып, өнерімді шыңдап, Қойшығұл ағайым бастаған жанашыр ұстаздарым өз қолдауларын аяған жоқ. Тікелей айтыс көшіне ілесуім 2007 жылы басталды. Сол жылы біздің ауданда орақ тілді, от ауыз Бала Ораз Өтебайұлының құрметіне аймақтық айтыс өтіп, аудан намысын қорғап, алғаш 18 жасымда сахнаға шықтым. Сол айтыста оралдық оғылан Мұрадым Мирланов пен ақтөбелік ақын Жұлдыз Қожабековамен ортаға шықтым.
- Айтысқа арнайы дайындаласыз ба?
- Айтысқа жалғыз отырып, ойымызды қорытып дайындаламыз. Мұнда саған сені ешкім сөз жазып беріп, жаттатпайды. Үнемі іштей дайындық үстінде, ізденісте жүреміз. Айтыста бақ та, бап та керек.
- Ақындар айтысының бүгінгі деңгейіне деген көзқарасыңыз қандай?
- Қазіргі айтысқа халық та жоғары баға беруде. Түрленіп, жаңарып, әр жылда жаңаша ақындар шығып, әр аймақта айтыстар көбірек өтуде. Қазақтың ақсүйек өнері қай заманда да өз ерекшелігі мен құдіреті арқасында биігінен түспейді.
- Айтыскер ақынға басшы болу оңай ма?
- Басшы болу көп жауапкершілікті жүктейді соның ішінде мәдениет саласының қай жағынан қараса да салмағы ауыр. Барлық аудандағы іс-шара мәдениет арқылы ұштасып жатады. Айтыстар мереке-мейрамдармен тұспа-тұс келгенде жұмыс бабында қиындықтар туатыны рас. Бірақ бұл ақын болуға, басшы болуға кедергі емес.
- Шәкірт тәрбиелейсіз бе?
- Айтыскер ақындардың көбірек шыққанын қалаймын. Шәкірт тәрбиелеумен айналысуға да қарсы емеспін. Әзірге айтыскер болам деген жастарды көрмей жүрмін. Себебі ақындық үйрете салатын, дайындай салатын өнер емес. Сан ұрпақты басып өтіп сүйекке сіңетін қасиет. Осы жолда ауданда оқушылар айтысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ниетті жеткіншектер болса, мен уақытымды бөлуге дайынмын!
- Айтыскердің арман-мақсаты қандай?
- Сарайшық туралы өлеңімде айтқандай: «Алдымда тұрған арманым аздап азаяр, Алашқа сенің паш етсем тағы атыңды!» деп сол айтыс өнеріне ден қойып, елдің атын шығарып, өзіндік ізімді қалдырсам деймін. Мақсатым - өз биігімнен аласармай, азаматтық тұлғамды сақтау! Шынайы жауабыңызға рахмет! Бабыңыз шауып, бағыңыз жана берсін!
Сұхбаттасқан: Қазбек АЙТҚАЛИЕВ