Қазақтың 80 күйін қалпына келтірген домбырашы Тымат Мерғалиев хақында

...Өнер – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, қасиетті халықтың мол мұрасы. Оның ішінде күй-қазына.

Атырау-күйдің Отаны! Ендеше, Алға ауылында дүниеге келіп, 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен айтулы оқиға «Қазақстанның мәдениетімен өнерінің он күндігіне» (декада) қатынасқан өнердің сайыпқыран саңлағы туралы осы мақаланы жазуды жөн көрдім.Ол белгілі өнер зерттеушісі,Республикамызға танымал өнер қайраткері Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының профессоры, домбырашы -Тымат Мерғалиев.

Домбырашы,өнер зерттеуші, профессор Т.Мерғалиев-қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін салушы-Академик А.Жұбановтың болашағынан мол үміт күткен шәкірті және ізін жалғастырушы.Ол 1936 ж бұрынғы «Бақсай» ауданы «Құлтай» ауылында (қазіргі Махамбет ауданы, «Алға» селосында дүниеге келді. Әкесі-Мерғали,анасы-Балжан қарапайым, шаруа,елге сыйлы қайырымы мол жандар болатын.Жастайынан өнер мен білімге зерек, қағілез, Тымат аға ең алғаш домбыра аспабында ойнауды елдегі Тұрсыналиев Әуелбай атты көкемізден, кейін мектепке барған соң Мұқан, Бәшір атты ұстаздардан үйренеді. 50-жылдардың басында нағашысы Құзырғали Алматы қаласына жоғары лауазымды қызметке ауысып, Тымекендерді жанұясымен көшіріп алады.Тымат аға Алматыдағы атақты №12 орта мектептің домбыра үйірмесінің белсенді мүшесі болып, өнерімен таныла бастайды.

1955 жылы Т.Мерғалиев өнердің «қара шаңырағы» Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясына «домбыра-тенор» мамандығы бойынша,оқуға қабылданып,атақты композитор, Академик-А. Жұбановтың сүйікті шәкірті болады. Қазақ өнерімен мәдениетінің көрнекті қайраткерлері,ғалым-ұстаздар,профессорлар-Л.Хамиди, Х.Тастанов, Қ.Мұхитов, М.Әубәкіровтерден дәріс алады. Консерваторияда оқып жүргенде, жерлес, курстас студенттер Нариман Сиражев, Мендіхан Ғаббасовтармен-үлкен айтулы оқиғалар: 1957 ж Бүкіл дүние жүзілік жастар мен студенттердің өнер фестиваліне (Мәскеу) қатынасып лауреат атанады.

1958 ж. Мәскеу қаласында өткен «Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің он күндігінде»(декада) атақты дирижер Ш.Қажығалиевтың басқаруындағы үлкен оркестр құрамында өз өнерін көрсетеді. Бұл оқиғалардың куәсі болу-кез келген өнер адамының пешенесіне жазыла бермейтін ерекше, қуанышты бақытты сәттер болатын... 1960 жылы консерватория бітірген Тымат аға Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінде жұмыс жасайды. 1962 ж. бастап домбырашылық мамандығын өз қабілетімен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастырып,сол кездегі Қаз. ССР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Өнер институтына аға ғылыми кызметкер болып,жұмысқа ауысады.Ұстазы Академик А.Жұбановпен бір кабинетте қатар отырып,қызмет атқарады.

Тымекең 1962-1968 ж. Академик А.Жұбановпен бірге Қазақстанның түпкір-түпкірін және Ресейдің қазақтар көп қоныстанған Волгоград, Саратов, Астрахань, Орынбор, Омбы облыстарын аралап, бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарияланбаған өте құнды 79 қазақтың халық аспабы, домбыра күйлерін тауып, оларды ең алғаш нотаға түсіріп,күйлердің шығу тарихы мен мазмұнын баяндайтын, «Домбыра сазы» (1972) атты фольклорлы жинақ кітабын шығарады.Т.Мерғалиевтың осы бір құнды еңбегін Консерватория мен музыка колледж студенттері, күні бүгінге дейін оқулық ретінде пайдаланып жүр. Т.Мерғалиевтың ғылыми зерттеу саласындағы тағы бір сүбелі еңбектерінің бірі-1980 жылы жарық көрген халық композиторы,Сейтек Оразалиновтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жаңа дәуір жыршысы»-деп аталатын кітабы.Бұл жинаққа ғалым Т.Мерғалиев халық композиторы Сейтектің бұрын белгісіз болған 27 күйін анықтап,шығу тарихымен олардың нотасын жариялады.

Тымат ағаның 2000 ж. шыққан, «Қазақ күйлерінің тарихы» атты кітабында халық композиторларының 52 сыбызғы, қобыз,домбыра,шертер күйлері енгізілген. Бұл жинақта ежелгі тайпалар Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, көк түріктер заманынан бастау алатын байырғы, көне аңыз күйлердің шығу тарихы, мазмұны жүйелі тұрғыдан әңгіме болып, халық аспаптарының пайда болуы уақыт мөлшерімен көрсетіледі. Кітапта бұрын айтылмай келген халық орындаушылары күйшілер туралы көп, жаңа деректер берілген. «Жақсының аты өлмейді,ғалымның хаты өлмейді» -деген бұл құнды зерттеу еңбектер өнер зерттеуші,профессор Т.Мерғалиевтың кейінгі ұрпаққа қалдырған мәңгілік өлмес, мол асыл мұрасы екені даусыз.

Т.Мерғалиев 1980 ж. өзі білім алған өнердің «қара шаңырағы» Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында профессор болып, шәкірттер тәрбиелеп, оқытушылық қызмет атқарды. 1990 ж. аталған өнер ордасында халық аспаптар факультетінің деканы болды. «Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, Ұстаз шәкіртіне таусылмас талап сыйлайды» -деген консерваторияда еңбек еткен 30 жылға таяу профессорлық-оқытушылық қызметінде Тымат ағаның алдынан 51 шәкірт дәріс алып, Республикамыздың түкпір-түкпірінде муз. колледжілер де, жоғары оқу орындарында, филармонияларда,Академиялық «Құрманғазы», «Отырар сазы», «Тәттімбет», «Дина», оркестрлерінде өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп жүр. «Орнында бар оңалар» -деген бұл күнде Тымат ағамыздың артында сүйікті жары Бөбек жеңгеміз, жоғары білім алған ұлдары Ілияс,Арыстан, Бақыт, Шыңғыс, Тоғжан атты қызы қалды. Бәрі де үйлі-баранды, Алматы қаласында тұрады. Академик А.Жұбановтың шәкірті болып, оның ізін жалғастырған, Атырау өңірінде дүниеге келген қазақтың аспаптық музыка мәдениеті мен өнерінің, домбырашылық күйшілік дәстүрінің өркендеп, дамуына айрықша үлес қосқан,өнер зерттеуші, ғалым, профессор Т.Мерғалиев ағамыз 2009 жылы 73 жасында дүниеден озды.

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521