Ұрпаққа қалдырылған аманат

Кеше ғана жарық көрген Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласын оқып шықтым.

Ең алдымен, мақаланың тақырыбының өзі ерекше. «Ұлы дала» деген тіркестің өзі шеті, шегі жоқ ұлан байтақ, қойнауы қазынаға, қойнауы төрт түлік малға толы даланы көз алдымызға әкеліп, салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдебиеті мен тарихы бар, батыры мен бегі бар қазақ жерін елестетеді және сол ұлы даланың ұрпағы, бір бөлшегі екеніңді сезініп, бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Әрі қарай «жеті қыры» деп алуының сыры қадым замандардан бері жер бетін мекендеп келе жатқан халықтардың көпшілігі, соның ішінде қазақ халқының жеті санында сиқырлы күш бар деп санауында жатыр деп ойлаймын.

Бар тұрмысын, тыныс-тіршілігін табиғатпен үндестіріп өмір сүрген қазақ халқы бір санынан бастап әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелігін саралай білген, орнына, маңызына сай қолданған. Ата-бабаларымыз жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен атап, ата заңдарына, салт-дәстүріне арқау етіп келеді. Жеті ата, жеті жұт, жеті қазына, жеті жетім, Жеті жарғы, жетіқарақшы, жеті амал, жеті қат көк деген ұғымдар қазақ санасына жатталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді.

Елбасымыз да өзінің мақаласында тәуелсіз қазақ елі жастарына, болашақ Мәңгілік Ел ұландарына көзінің қарашығындай сақтап, мақтан етуі тиіс салт-дәстүрін, табиғат байлығын, мәдени мұрасын, әсем табиғатын, ұлы тұлғаларын, музыкасын, қалаларын, бір сөзбен айтқанда жеті кереметін аманат етіп отыр деп түсінемін.

Мақаласының соңында Елбасы: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін», – деген болатын. Олай болса, Абылайдай дана, Абайдай дара, Махамбеттей батыр, Қайраттай қайсар, Нұрсұлтандай көреген көшбасшының ұрпағы осы биіктен таймай, «Қазақстаным», «Отаным» деп мақтанышпен айтып жүретіндей саналы да білімді ұрпақ болады деп сенімді түрде айта аламын.

Ибатолла ИСМАГАНБЕТОВ,

Қосарал орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521