Қоғам қайраткеріне арналды

Атырау облысы мемлекеттік архиві КММ аудандық филиалында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сирановтың жеке тектік құжаттарынан көрме ұйымдастырылды.

Оған А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп ұстаздары, «Тұрмыс қызмет» ЖШС қызметкерлері қатысты. Көрмеге келушілер партия-кеңес, комсомол, әкімшілік органдарында, шаруашылықтарында елі үшін қызмет еткен Қуаныш Өтепұлының еңбек жолымен, өмірдеректерімен танысты.

1947 жылы Атырау қаласында өмірге келген ол 1965 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны 1970 жылы ойдағыдай аяқтаған. 1981 жылы Алматы жоғары партия мектебін сырттай бітірген соң «1 май» кеңшарының экономисі, бас агрономы қызметтерін атқарған.

Қуаныш Өтепұлы 1972-1976 жылдары Махамбет аудандық комсомол комитетінің хатшысы лауазымында қызмет атқарып, жастарды елдің ертеңіне жұмылдыра білген жан. Ал 1976-1982 жылдары Қазақстан Компартиясы Гурьев обкомының ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Махамбет аудандық комитетінің 2-ші хатшысы қызметтерін атқарып, шебер ұйымдастырушы, білікті кадр екенін көрсетті.

Ауданда ауылшаруашылық өнімдерінің артуы, құрылыстардың сап түзеуі оның есімімен тығыз байланысты. Кейін Қуаныш Сиранов Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңес төрағасы, аудан әкімі, облыстық әкімшіліктің ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі болды. Ол еселі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, көптеген мақтау қағаздармен марапатталған.

Белгілі қоғам қайраткері Қ.Сиранов 1994 жылдың 28 сәуірінде 48 жасында өмірден озды.

Ә.Есенғалиев,

«Атырау облысы Мәдениет,

архивтер және құжаттама басқармасының

Атырау облысы мемлекеттік архиві»

КМК-нің аудандық филиалының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT