Нұр дидарлы Нұр ағам!

Тұңғыш Президент күніне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Өнерімді еліме арнаймын» атты облыстық мектеп оқушылары арасындағы көркемөнерпаздар байқауы өтті.

Оған төрт адамнан құралған әділқазылар атап айтсақ, «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты басшысының орынбасары Шолпан Есқалиева, облыстық әдістемелік орталығы кабинет меңгерушісі Зина Изтелеуова, Атырау қалалық оқушылар орталығының хореографы Шынар Нұрғалиева, Атырау қалалық Қайыршақты балалар саз мектебінің халық әні пәні мұғалімі Жасұлан Телеубаев қазылық етті.

М.Жәутіковтің «Мәңгілік ел» әнін «Айналайын» балалар ансамблі орындаса, Р.Елемесовтің домбырашылар ансамблі З.Ещанованың «Шашу» күйін күмбірлетті. Ал жас күйші Сағидолла Алпамыс шетел сазгерлерінің әндерінен топтама орындауымен көзге түсті.

Ж.Шағылбаев жетекшілік ететін ер балалар ансамблі күй атасы Құрманғазының «Балбырауынын» бебеулетті дерсің. Енді бір сәт ту түстес көгілдір киімдегі ер балалар ансамблі «Барабаншылар маршын» орындап жатты. Патриоттық рухтағы С.Мұхамбетжановтың «Отан» әнін Игілік Амиров орындаса, «Әсем-ай» би тобының бишілері «Шалқыма» биін нақышына келтіре биледі.

Сахнада бес өркен шығып, тәуелсіздік, туған жер, Отан, Астана туралы жыр шумақтарынан шашу шашты. Қызыл киімді «Қызғалдақ» қыздар ансамблі «Туған жерім бесігім» әнін билеп тұрып, орындағаны да жұртшылық көңілінен шықты. Балғын бишілер «Түймедақ» биімен тамсантты. Айналаны құдды түймедақтар қаптап кеткендей болды. «Ұлар» ұлдар ансамблі елімізге танымал сазгер І.Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін беріле шырқады. Байқау хордың «Қазақстаным менің», «Нұр аға» әндерімен мәресіне жетті.

Әділқазылар алқасы төрайымы, «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты басшысының орынбасары Шолпан Оңайқызы байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Қызылқоға өңірінен бастау алғанын, Мақат, Индер аудандарын аралағандарын, енді Құрманғазы, Исатай аудандарын, Атырау қаласын тыңдаған соң ғана қорытындысы шығарылатынын айтты. Қашанда талаптарыңа нұр жауып, өнерлерің ұштала берсін десті. Байқауды әзірлеген ән-би жетекшілеріне, ұлттық киімдер тіктірген ата-аналарға да ризашылығын білдірді.

А.ТЕКЕБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521