«Өнерпаз» есеп берді

Ауданымыздың 90 жылдығына орай «Өнерпаз» мәдениет үйінің «Өнерім саған, туған ел!» атты есептік концерті өтті.

Концертте ауданымызға танымал көркемөнер ұжымдары, жезтаңдай әншілер мен бишілер өнер көрсетті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев мәдениет саласына қосқан үлестері үшін жиырма адамды, бір ансамбльді «Алғыс хатпен» марапаттады.

Белгілі сазгер Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнін өнерпаз Альбина Мидар сызылта орындады. Кәсіпкерлігімен қоса өнер әлемінде жарқырап жүрген Камшат Алиева қазақтың қасиетті қара домбырасында Маңғыстау термесін орындап, жұртшылықтың қошеметіне бөлінді. Одан әрі «Сүгірдің термесін» ұлы Арсений екеуі қосыла орындауға көшті. Қазақтың танымал күйшісі Қазанқаптың «Ақжелең» күйін Рамиль Елемесов домбырада күмбірлетті.

Көркемсөз оқу шебері, Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің 1 орын жүлдегері Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының Махамбет филиалының маманы С.Құжырбаев М.Шахановтың «Сырласу» өлеңін мәнерлеп оқыды.

Өнер көгінде 1987 жылдан келе жатқан «Қазына» ардагерлер ансамблі «Маржан қыз»(Ә.Еспаев), «Еділ мен Жайық»(І.Жақанов) әндерін шырқағанда қол соқпаған жан қалмады. Әнші-сазгерлігімен ел есінде қалған, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнін жезтаңдай әнші Ә. Төлеуов орындаса, Ж.Бейбітова мен Ш.Нұрғалиұлының дуэті «Бір үйдің баласындай» әнін тамылжыта шырқады.

Б.Аруева жетекшілік ететін «Нұр-ару» би тобының кішкентай бишілері «Микки-маус» заманауи биімен көпті тәнті етті. Н.Ислам гитарада белгілі сазгер, бард әнші Т.Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әнін ерекше орындауымен есте қалды. Кішкентай әнші Д.Сатқан Ж.Төлебайдың «Рухтастардың әні бұл» беріле шырқаса, «Еркем-ай» би тобының бишілері (З.Қадимова) «Орыс» биін дөңгелене билегені көптің көңілінен шықты.

Елімізге белгілі ақын Р.Зайтов, танымал әнші, сазгер Ж.Доғалованың «Ризамын» әнін Д.Ағелеуованың орындауында тыңдадық. Данагүл де әнші Жанардан кем айтпайды екен. Мүмкіндігі шектеулі жан Т.Ермұрат патриоттық рухтағы сазгер А. Жаппарқұлованың «Жаса, Қазақстан!» орындағанда ақжаулықты аналарымыз көзіне жас алды.

Белгілі сазгер К.Дүйсекеевтің «Туған өлке» әнін К.Мәутекеева орындаса, қазаққа белгілі ақын Қадыр-Мырза Әлі, әнші, сазгер Е.Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін Ш.Нұрғалиұлы шырқады. Сонымен қатар, сонау 80-ші жылдары құрылған «Сайран» ансамблі жыл сайын жаңарып, 2016 жылы жаңа құраммен толығып, халық алдында өнер көрсетіп жүр. Әнші Е. Ғафуров ансамбль сүйемелдеуімен «Мама»(А.Зацепин), «Ұлытау»(Ж.Сейілов) әндерін шырқағаны жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал белгілі сазгер Л.Жолдасовтың репертуарынан «Жыр жазамын жүрегімнен» музыкасын «Сайран» ансамблінің орындауында тыңдадық. Өнер кешінің шымылдығын квартет сазгерлер С.Қойшығұлов, Д.Юннің «Махамбет гимні» әнімен жапты.

А.Қуанышқалиева.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521