Мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту ісінде де кілтипан көп. Қазір елімізде 85,5 мың мүгедек жұмыс істейді, олар негізінен ІІІ топтағылар. Әлбетте, мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға көңіл бөліп отырғаны қуантады. Дегенмен, бұл еңбекке жарамды мүгедектердің бестен бір бөлігі екенін еске сала кеткен артық емес. Сөйте тұра, олардың физиологиялық ерекшеліктерін де ескерген жөн.
Дегенмен, мемлекетке масыл болмай-ақ, қоғамдық бірлестік құрып, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға тартуда еңбек етіп жүргендердің бірі – Қайдарбек Құрмашев. Өзі жетекшілік ететін «Ақжол» қоғамдық бірлестігі ерлер мен әйелдерге арнап, шеберлік сағатын өткізді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткен шараға «Ара-Шебер» шығармашылық орталығы мен «Жібек» тігін цехы қолдау көрсетті.
«Ара-Шебер» шығармашалық шеберханасының жетекшісі Орынғали Сариевтың қолынан шыққан керемет дүниелер кез келген көрме мен салтанатты шаралардың сәнін кіргізеді. Екі күнге созылған шеберлік сағатында ол қоларбаға таңылғандарға, сал ауруына шалдыққан балаларға шегемен, балғамен, арамен қалай жұмыс жасауды, қауіпсіздік ережесін сақтауды үйретті. Ересектер ағаш бұйымды күйдіру арқылы көркемдесе, балалар ыдыстың ұстағышын қағып, шебердің айтқан ақыл-кеңесіне құлақ асты.
Әйелдерге арналған «Құрақ» атты шеберлік сағатын «Жібек» тігін шеберханасының басшысы Шолпан Торбаева өткізіп, құрақ құраудың қыр-сырымен бөлісті.
– Құрақ құрау – төзімділікті, шыдамдылықты талап ететін ең қиын жұмыстардың бірі. Қолына ине мен жіп ұстаған кез келген жан мұны игеріп кете алмайды. Математикалық есептеу қабілетіңіз де қажет болады. Себебі түсіне, формасына келтіріп құрау керек. Қыз жасауын тігу үшін 1-2 ай уақыт кетеді. Шеберлік сағатыма қатысқандардың бәрі де өте алғыр, қолдары епті, тапсырманы лезде орындайды. Қолөнер шеберлігін мүмкіндігі шектеулі жандарға үйрету маңызды. Мәселен, бұл сал ауруына шалдыққан адамдардың ақыл-ой түйсігін дамытуға мүмкіндік береді,- дейді Ш.Торбаева.
Шеберлік сағатына қатысып, тың дүниені үйренгендерге сертификат пен бағалы сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде «Ақжол» мүгедектер қоғамының жетекшісі Қ.Құрмашев қолдау білдірген өз ісінің шеберлері Орынғали Сариев пен Шолпан Торбаеваны Алғыс хатпен марапаттап, ризашылығын жеткізді.
Қ.ҚАЗБЕК