«Қос жұлдызды» – қос жүлдегер

Фото: zh-shugylasy.kz

«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, қай халық болмасын, әлдебір ән шырқалып жатқанын естісе, ентелей алға басып келе жатқан жүрісін ба­яулатып, тіпті тоқтай қалып, құлақ тоспайтын жан кемде-кем шығар, сірә! Әсіресе, біздің қазақтың әнге деген құштарлығы, әнге етене жақындығы тіпті алабөтен. Солай болатын жөні де бар. Өйткені қазақ әнмен егіз жаратылған.

Облыстық мәдениет және тілдерді да­мыту басқармасы, Атырау облыстық ар­дагерлер кеңесі және облыстық ғылыми- әдістемелік халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Қос жұлдыз» ардагерлер арасындағы облыстық ән байқауы өтті. Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық фи­лармонияда өткен байқауда 18 арда­гер бақ сынады. Мақсат – қазыналы қарттардың ерлігін көпшілікке үлгі ету, қарт адамдарға және дәстүрге құрмет көрсету. Халқымыздың әртүрлі жанрдағы өнерін көрерменге ұсыну арқылы ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықтарды дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын насихаттау.

Байқаудың ережесі бойынша қатысушылар Қазақстанның халқ әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, сазгер, «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов және Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Илья Жақановтың әндерін шырқады.

Ардагерлер халық сүйсіне тыңдап, шат­тана тыңдайтын тамаша әуенді әндерді бірінен кейін бірін орындады. Байқау қорытындысында Илья Жақановтың әндерін шырқаған ауданның өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін тасытып жүрген Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Роза Сүгірова үшінші орынды жеңіп алды. Ал Шәмші Қалдаяқов әндері бойынша Махамбет ауданының қатысушысы, Жалғансай ауылдық «Шалқыма» мәдениет үйі жа­нынан құрылған «Аналар» ансамблінің әншісі Клара Көптілеуова Алғыс хатқа ие болды.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT