Мазардың тасын ұрлаған кімдер?

Алтын Орданың гүлденген дәуірінде бой көтерген ортағасырлық Сарайшық қаласының ұлт тарихында алар орны ерекше. Заманында Алтын Орда хандарының құтты қонысы, Қазақ хандығының және Ноғай ордасының белді шаһары болған қаланы сақтау, ұрпаққа аманаттау – өмір талабы.

Ақ Жайықтың суы шайып, қаланың біраз бөлігінен айырылып қалғанымызбен, соңғы жылдары табылған ғылыми жаңалықтар нәтижесінде Сарайшық қаласының әлі де көптеген бөлігі зерттеуді талап ететіндігі анықталды. Әмір Темір қиратуға қимаған шаһар Қасым хан дәуірінде де шығыстық үлгідегі таңғажайып қала ретінде қалыптасқан. Қазіргі кезде Сарайшықтың тарихына үңіліп, туризм тұрғысынан дамытудың маңыздылығы жоғары. Туризм саласы қазіргі таңда әлемде тез қарқынмен дамып келеді. Кейбір елдер туризм арқылы өздерің экономикалық әл-ауқатын арттырып отыр. Осы орайда Сарайшық қаласының туризм орталығына айналуы көпшілікке пайдалы екендігі сөзсіз.

1

Алайда, кейбір жергілікті тұрғындардың ұнамсыз әрекеттері көңілге сыз келтіреді. Мысалы, 2 жыл бұрын Сарайшық қазбасының темір қоршауын кесіп алып кеткен қылмыстық оқиға тіркелді. Одан соң 2019 жылдың жаз мезгілінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жасөспірімдер қазбадағы ашылған адам сүйектерін бүлдіріп сындырған.

Ал биыл шілде айында Сарайшықта тағы да бір өкінішті жағдай орын алды. 2017 жылғы қазбада Жайық жағасында қыш кірпіштен тұрғызылған мазардың орны ашылған еді. Мазар астындағы жерленген мәйітті зерттеу кейінге қалдырылған, яғни жерлеу шұңқыры қазылған жоқ. Оған сол жылы реставраторлар ішінара қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Түркістан қаласынан арнайы дайындалған кірпіштер сатып алып келіп, қабырғаларын биік етіп қалап қойды. Үстіне металл жабынды тұрғызылды. Жақында әлдекімдер осы нысанның кірпіштерін бұзып, көлікке тиеп әкеткен. Қазақтың дәстүрінде әдейі мола бұзу, мола тонау ұят саналатын әдепсіздік. Ал заңда вандализм әрекеті деп бағаланады. Ата-бабаларымыз қолмен жасаған тарихқа тас атып, өткенге топырақ шашу елдігімізге сын, дәстүрімізге жат. Қазір үйіндіге айналған орын өте сұрықсыз күйде қалды.

m

Сарайшықта соңғы қазба жұмыстары нәтижесінде қала цитаделінің солтүстік қақпасының орны анықталған. Оны алдағы күндері қайта қалпына келтіру жұмысы басталады. Егер осындай игі істі бұзу әрекеттері жалғаса берсе, Сарайшықта аспанасты музейін құра аламыз ба?

Сарайшықтың ертеңін бүгін өзіміз ойламасақ, кейін ұрпағымызға ештеңе қалдыра алмасымыз анық.

Ж.БАЙҒАЛИЕВ,

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи- мәдени музей-қорығы инспекторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT