Ел іші — өнер кеніші

«Шежіре тұнған құт мекен-Махамбетім!» атты өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған Махамбет ауылдық округі көркемөнерпаздарының сазды бағдарламасы «Бүгінгі Махамбет» көрінісімен ашылды.

Немересінің қойған сұрағына өлеңдетіп жауап берген атасының жауабы шынайы шықпады. Ақынға қара сөзден өлең оңай дегендей, зуылдатып, Махамбет ауылы туралы өлең оқуды шығармашылық ізденіс дей алмаймыз. Оданда аудан, ауыл қашан құрылғандығы жөнінде ресми құжаттар бар, солардың негізінде басқа қырынан келгенде ұтымды болар еді.

Репертуарларын таңдап, өнер ұжымы ретінде қалыптасып қалған «Қазына» ардагерлер ансамблінің орындауындағы «Бейбітшілік сақталады», «Туған ел» әндерін тыңдарман қауым жылы қабылдады. Шынында да бір-бір үйдің немере баққан ата-әжелерінің уақыт тауып, шығармашылықпен айналысып, ішкі жан дүниелерін байытып жүргендері құптарлық. Үш домбырашы ортаға шығып, халық әндерін орындаған дәстүрлі ән жанры ашылмады. Әншілердің даусы қойылмаған, сылбыр орындайды. Жалпы ауданда би өнері жақсы қолға алынғанын айту ләзім.Бұл жолы да «Әсем-ай», «Еркем-ай», «Нұр-Ару» бишілер тобы өз биктерінен көрінді. Ең бастысы, биді меңгеруге деген құлшыныс, жауапкершілік байқалады. Кастюмдері де құйып қойғандай жарасымды.

«Сайран» вокальды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен «Жан досым» әнін орындаған Е.Ғапуров достарға деген сағынышты жеткізгендей. Қазіргі жас өнерпаздармен бірге қызметі басқа салада болса да өнерден қол үзбей, сахнада ән шырқап жүрген Ғасырбек Салиховтың өмірлік ұстанымына риза боласың. «Как прекрасен этот мир» деп өзі әндеткендей, мынау жалғандағы тірлікке сүйсініп, шүкіршілік жасап жүргенге не жетсін, шіркін! Бұлардан басқа әншілер Д.Хансұлтанова, Д.Сатқан, Ш.Төлегенов, Н.Насимовтердің өнері көпшілік көңілінен шықты.

О.Шонаев атындағы орта мектеп оқушыларынан құрылған балалар ансамблі «Махамбет-құтты мекен» әнін хормен көп дауыста орындады. Жалпы алғанда өнер фестивалі ел ішінде еленбей жүрген таланттарды тауып, жұлдыздарын жақпағанмен әртүрлі жанрларды қамтып, барынша талғампаз өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Н.Тельман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521