Ұлттық дәстүріміз ұлықталған күн

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесіне орай барша қазақстандықтар төрт күн бойы демалғаны белгілі.

Осы атаулы мереке ақтоғайлықтардың ерекше есінде қалды. Өйткені, ауыл ақсақалдары мен жергілікті кәсіпкерлер ақылдасып, ортақ шешімге келген Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Б.Орынғали Атырау-Орал тас жолының ауылға кіреберіс тұсындағы алаңқайға түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырды. Барша ауыл тұрғындарын айбынды Ата Заңымыздың 23 жылдығымен құттықтаған ауыл әкімі мерекелік шаралардың жүру тәртібімен таныстырды. Алдымен ауыл тұрғындары мен қонақтары тай жарысты тамашалады. Он жасар ойын балаларының тақымында бұлтылдаған тайлар жұлдыздай ағып, тоғыз шақырымдық үш айналымды бір деммен шауып өтті. Құйрық-жалы күзелген сегіз тай қатысқан жарыста Орынбасар Сейілханның мерейі үстем болып, демеушілер тіккен ақшалай сыйлықты қалтасына басты. Он екі шақырымдық құнан жарыста да шабандоз Орынбасар Асылханның жүйрігі бірінші болып, мәреге жетті. Сұрастырып білгеніміздей, екеуі де ата қоныстары Қаңбақтыны жайлаған жылқышы Фазылов Орынбасардың немерелері болып шықты. Қазіргідей темір тұлпардан басқаны менсінбейтін, жарықтық жылқыға тек семіз соғым ретінде сұқтанатын заманда қылқұйрықтының баптап, ащы терін алып, жаратудың жәйін білетін ұрпақтар өсіп келе жатқандығы қуантты. Қазір қолмен қой қырқу да көненің көзіндей көзден бұлбұл ұшып барады. Қой қырқу сайысының да өз қызығы өзінде болды. Білек сыбанып шыққан ауыл тұрғындары Ағила Мұқамбетова, Жұмажан Байтуллин, Айбат Ержановтар сайыс шарты бойынша әрқайсысы үш қойдан қырықты. Осылардың арасынан қойдың терісіне қырықтық тигізіп, жарақаттамай әрі тез, таза қырыққан Ағила Мұқамбетова жеңімпаз атанып, өзі қырыққан қойдың біреуін олжалап, үйіне алып қайтты.

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі-теңге ілу де бұл күнде ұмытылып бара жатқандығы жасырын емес. Бұл жолы аттың құлағында ойнаған бес жігіт тұяқтарымен жер тарпып, ауыздығымен жұлқынып тұрған тұлпарларын ойқастатып, ортаға шықты. Өз кезектерінде шауып келе жатып, ат үстінде жер бауырлап, теңгені іліп әкету-әдіс-айланы, әбжілдікті талап етеді. Бес шабандоз сайланып шыққан сайыста сыннан сүрінбей өтіп, қайтып айналып, шауып келе жатып, бірнеше теңгені ілген Руслан Сасықбаев атқа қонса, аруақтанып шығатын бабадан жалғасқан қанында бар қасиетті айғақтап, көпшіліктің құрметіне бөленді. Ал, жұптасып, білек күшін сынауда қызылқоғалық Жасұлан деген азамат ешкімге дес бермей, мерейі үстем болды. Дана халқымызда: «Ат сатсаң-ауылыңмен» деген қанатты сөз бар. Оның мағынасын айтып, түсіндіру артық болар. Сол айтқандай, осындай үлкен шараны ойдағыдай ұйымдастыру бір ғана ауыл әкімінің қолынан келер ме еді? Жоқ, әрине, оған Елбасы айтқандай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бір кісідей түсінетін ауыл кәсіпкерлері Алпысбаев Нұрболат, Мұхамбетов Талғат, Сабыров Жалғас, Өтенов Жаңбыр және басқалары көмекке келіп, демеушілік қолдарын созды. Ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері де аянып қалмады. Далалық қос сияқты құрылған палаткаларда жеңіл дәм ұйымдастырылса, тәттілер мен сусындарға тойған кішкентай бүлдіршіндер де бір жырғап қалды. Қаладағыдай жергілікті кәсіпкерлер орнатқан батуттарда құмары қанғанша ойнаған сәбилердің жүздерінен бақытты балалық шақтың арайын аңдаудың өзі бір ғанибет. Иә, бала кезімізде жаттаған: «оқы-оқы, білім ал, демал деген осы Заң» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралды.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521


Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.
Махамбет селосы, Абай көшесі 10.
тел. 2-11-34, 2-13-49
Факс: 2-11-34
Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

© 2023 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

Әлеуметтік желілеріміз