«Алтын жүрек» қайырымдылық кеші

Бүгінде «Алтын жүректі» меценаттар қатары көбейіп, елімізде игі істердің қарқын алуына түрткі болуда. 2007 жылдан бері 84 коммерциялық ұйым мен жеке азаматтар «Алтын жүрек» лауреаты атанды.

Олардың ішінде жетім балаларға көмек көрсеткен, білімге қосқан үлесі үшін, спорт дамуына, мүгедек, жарымжандарға, ардагерлерге қамқорлық, денсаулық саласына, Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін, «жыл меценаты», ақпараттық қайырымдылық, «жылдың үздік қайырымдылық қоры», «жыл ұйымы» аталымдары бар. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» деген осы да.

Жастар демалыс саябағында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтын жүрек» қайырымдылық кеші өтті. Ауданның 90 жылдығына орай, әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты өткен кешке келушілер легі бір сәтке толастамады. Әсіресе, балалардың қарасы көп болғанын байқадық. Жалпы бұл кеш бақсайлық науқас бүлдіршін А.Бақтығалидың еміне қаражат жинау мақсатында өткен-ді. Арнайы қойылған жәшікке жиналғандар ақша салуға кірісті. Кешті Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің мұғалімі Бұлан Нұрғалиев жүргізді.

Жалпы Аяулым Бақтығали 2015 жылы 10-сәуірде Таңдай ауылында өмірге келген. Небәрі үш жастағы Аяулымның ас қорыту мүшелері зақымданған, яғни ауыз қуысы, өңеш бойы, асқазаны химиялық күйік алған. Бүгінде сәбидің өміріне қауіп төніп тұр. Оған хирургиялық емін алуға, ота жасатуға қомақты қаражат керек. Бүлдіршіннің ата-анасы Жансерік Мүсірепов пен Жанаргүл Оразбаева бауыр еті баласы үшін жанын салып, еміне қаражат таба алмай қиналғандықтан кәсіпкерлер қайырымдылық кешін жасауды ұйғарыпты. Қазақта «Көп түкірсе, көл» демей ме. Қайырымдылық кешін ашқан кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Жексенбай Пазулов бұл ерекше кешті кәсіпкерлер бірігіп ұйымдастырып жатқанын, тек қайырымдылық қана емес, мұнда кәсіпкерлер бар өнерін паш ететінін, сонымен қатар сату-сатып алу аукционы да өтетінін, одан түскен қаржы таңдайлық кішкентай Аяулымның еміне жұмсалатынын мәлімдеді. Викториналық сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушы ірі ұтысқа ие болатынын да еске салды.

Кеш шымылдығын ерлі-зайыпты кәсіпкерлер, «Молшылық» дүкені иелері Камшат Алиева мен Евгений Питерсков авторлық туындысы «Жаса, мәңгі Махамбет» әнімен ашты. Жұртшылық қошеметіне Есбол ауылының кәсіпкері, «Асхат» тойханасының иесі Гүлшат Бисешова да ие болды. Ол сазға толы «Анашым» әнімен көпшілікті өзіне баурап алды. Ал кәсіпкер Нұрмұхан Түсекенов қазақтың қара домбырасы шанағынан күй төгілтуімен есте қалды. Кезек викториналық сауалдарға жалғасты. Жеті сұраққа жауап берген тұрғындар тегін шаштараз қызметін З.Қисметова) пайдаланып, «Ақниет» дүкенінен 5000 теңгеге азық-түлік( Н.Есенғалиев) алса, «Мирас» кәсіпорнында тегін кілем жуғызуға, қыз-келіншектерге арналған Ү.Туленованың тегін маникюр қызметі, «Танаист-К» кафе-барында (Х.Қалықов) 5000 теңгеге кешкі ас ішуге, «Мира» сұлулық салонынан шаш әсемдеуге, монша қызметін пайдалануға сертификат алды. Бірнеше дүкені, наубайханасы бар кәсіпкер Н.Есенғалиевтың келіні Айнұр Хайрушева «Туған өлке» әнін тамылжыта шырқай жөнелді.

Аудан облысқа белгілі кәсіпкер, танымал бизнес-тренер, «БайСапа» ЖШС директоры Равиль Жұмалиев аукцион жүргізуге кірісті. Алдымен лотқа қойылғаны «БайСапа» ЖШС өнімі-темірден жасалған гүл себеті, домбыра, екі кішкентай көпшік, қазақы кәжекей жоғары бағаланып, лезде сатылып кетті. Домбыра «Нұр-Риза» цехында жасалған, оны жасаған шебер Н.Бисенбаев, дизайнері Д.Сарсекенов. Бұл домбырада қазақтың туы бейнеленіпті. Декоративтік құрақ көпшіктерді тіккен шебер әрі дизайнері Ш.Торбаева. Жеке кәсіпкерлік «Табын-К» 2017 жылы іске қосылған, бүгінде екі бағытта жұмыс істейді. Оның бірі перделер шығару болса, екіншісі, құрақ көрпе, көпшіктер шығару екен. Ал қазақы кәжекей «Балымжан» тігін шеберханасында тігілген бұйым. Бұл бұйымды тігінші А.Төлеуова тіккен. Жеке кәсіпкерлік 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді, кәсіпкер киімнен басқа құрақ көрпе де жасайды. «Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, балаларды да ұмытпай, оларға тегін балмұздақ таратты. Ал «Қазақ жастары» әнін Дәурен Сатқанның орындауында тыңдадық. Тұрғындарға сауал қою одан әрі жалғасты. Олар «Атамұра» дүкенінен 5000 теңгеге тауар алу, кәсіпкер И.Розеновтің тегін шаштараз қызметін пайдалану, тіс емханасының иесі М.Чечиннің 5000 теңгеге тіс емдеу қызметі, «Тыныс» фотостудиясынан тегін фотосессия, «Мира» сұлулық салонының шаштараз қызметі, «Жайық-Агро» ШҚ жетекшісі Ж.Меңдібаевтың КЖО тегін көлік жуу қызметі, «Ерасыл» сұлулық салонының қызметіне сертификат алып қуанып жатты. Жас кәсіпкер Ибатолла Бағытжанұлы Аяулым анасы Жанаргүл Оразбаеваға ақша жәшігін табыстап, дертінен тез айығып кетуге тілектестік білдірді. Кәсіпкер Р.Жұмалиев «Атырау-қалам» әнін әуелете шырқады. Соңы жастардың би кешіне ұласты.

Бұл үлкен қалаларда өткізілетін қайырымдылық шараларынан кем түспеді. Бұған дейін түрлі рақымшылық, қайырымдылық көрсетілетінін тек телеарналардан ғана тамашалап келсек, енді соның куәсін Махамбеттен көрдік. Кей тұрғындар мазмұнды да есте қаларлықтай кешті ұйымдастырғандарға алғысын жаудырып жатты. Қазақта «Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды» демей ме. Мұндай қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрса, қандай ғанибет болар еді. Адал ниетпен жасалған жақсылық қашанда абырой алып келеді. Өзі жетістікке жеткісі келген адам жақындарына жәрдемдесіп, олардың жетістікке жетулеріне қолғабыс етуі тиіс. Себебі, сенің айналаңдағылардың жағдайы қаншалықты жақсы болса, өзіңе де соншалықты жақсылық жасаған боласың. Біз бұл әлемде бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Расында шын мұқтаждың алғысынан асқан разылық жоқ. Лайым тек «Алтын жүректі» азаматтар қатары көбейіп, мұқтаж жандар азая берсін.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521