«Хиуаз» әнін Мәскеуде әуелеткен махамбеттік

Жас болса да оның өнерде талғамы бөлек, арманы басқа. Ол – басқалар секілді жеңіл жолды таңдамады.  Ол - қазақ халқының талай дарынын әлемдік сахналарда жарқыратқан классикалық ән мектебінің шәкірті.  Ол-бала күнінен домбыра мен гитараның үніне сусындап өскен, талай мәдениет майталмандарының алдына отырып ән шырқаған.  Оның отбасы да өнерден құр алақан жандар емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, жас та болса  ауданымыздың мәдениет саласында  өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан, ерекше дарын иесі, лирикалық баритон дауысты әнші Шыңғыс Нұрғалиұлы. 

Шыңғыстың өнерін, даусының даладай кеңдігін, талғамын, сахналық образын,  қабілетін бұған дейін аудан сахнасынан талай көріп, халық өз бағасын беріп жүрген-ді. Бірақ, ол кезде үлкен өнерге енді қадам басқан бала Шыңғыс еді. Ал, бүгінде білімі мен білігі жарасқан, таңдауын таразылаған, талғамы жоғары , талантты, өнерге келгенде талапшыл азамат Шыңғысты көрдік.   Жақында елімізге  танымал дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры,  Сәуле Жанпеисованың өзі ауылымызға арнайы ат басын бұрып,  шәкірті Шыңғыс Нұрғалиұлының жетістігіне, өнеріне, өзіне зор баға беріп, осындай ұлды өсірген ата-анасына, көтермелеген халыққа алғыс айтқан еді.   Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы демекші, «Өнерпаздың» сахнасынан өрлеп кеткен өнерлі жерлесіміздің жағымды жаңалығымен бөлісіп, сұхбат алуды жөн санадық.

Сәлеметсің бе Шыңғыс! Ең алдымен сұхбатымызды сенің өнер жолына келуіңнен бастасақ. Отбасыңда өнерге жақын жандар бар ма?

  • Қайырлы күн! Алдымен осы сұхбатқа шақырғандарыңызға алғыс білдіремін! Мен де, бауырларым да бала күнімізден ән мен әншінің ортасында өстік десем болады. Әкем де гитара, домбыра аспаптарында сүйемелдеп ән айтады, анам мен ағам да гитараны жақсы тартады. Ал , інім музыкалық мектепті домбыра сыныбы бойынша бітіріп, болашақ мамандығын осы саламен жалғастырмақшы. Отбасылық ансамбль құрмасақ та, талай рет аудан сахнасында әкеммен, бауырларыммен дуэт орындағанымыз бар. Үйдегі басқосуымыз да ән мен күйсіз жалғаспайды. Отбасымның өнерге жақындығы мен осы салаға екі есе жақындата түскендей.

Алғашқы ұстазың кім? Кәсіби сахнаға шығуды, ән айтудың әліппесін үйреткен тәлімгерлерің жайлы айтсаң?

  • Алғашқы ұстазым әлбетте, осы ауданымызға белгілі музыка пәнінің мұғалімі, бүгінде З.Ещанова атындағы Өнер мектебінің директоры Эспусинова Эльмира Жалғасқызы. Осы кісінің темірдей тәртібі, кәсіби шеберлігінің арқасында менің даусыммен жақсы жұмыс жасалып, түрлі ән байқауларына қатысып, жүлдемен оралып жүрдім. Сонымен қатар, аудандық Өнер мектебіндегі ұстазым Шакимова Бибінұр апайымнан,  кейін, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжіндегі  Төрехан Омаржан Досымқызы атты ұстазымнан да вокалдан дәріс алдым.Бүгінде  Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында Халық әртісі Ғ.Есімовтің сыныбында білім алудамын. Вокалдық өнер немесе академиялық ән салу  деп аталатын мамандық бойынша. Бұл ортаға келуім, осы баспалдақтың бәрінен сүрінбей өтуім, әуеллі Алланың, одан кейін маған өнерді танытқан ұстаздарымның арқасы деп білемін.

Сен бүгінде консерваторияның студенті ғана емес белді бір театрдың солистісің. Өнердің қара шаңырағы сені қалай қабылдады?

  • Иә, қазіргі таңда 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлтық опера және балет театрында стажер-солист болып қызмет етіп жүрмін. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Тінишев сынды халық әртістері өнер көрсеткен сахнада ән шырқау мен үшін де үлкен құрмет. Бұл –менің бала күнгі арманым еді. Қара шаңырақтан алып жатқан тәлім-тәрбиемді атйып жеткізе алмаймын. Ол жерде өткен әр күнім бағалы.

Ұстаздарың жайлы айтқанда Сәуле Жанпейісованы қоспадың. Ол кісінің сенің өміріңде, өнеріңде ұстаздан да жоғары алатын орыны барын сен туралы жылы лебізінен байқаған едік?

  • Иә, рас айтасыз! Менің өнерге баулыған ұстаздарым бір төбе болса, Сәуле апайым бір төбе.  Ол кісінің қамқорлығын, көмегін, қолдауын мен өмірде көп көріп келемін. Апайымыздың «Аманат» деп аталатын  өнер мектебінде жұмыс жасап жүріп танысқан едік. Осылайша, Сәуле Стаханшылқызы менің үлкен қалада, үлкен сахналарда өнер көрсетуіме ықпалдасып, өзінің шәкірті етіп  қасына ертіп, тәрбиелеп жүр.

Осы жылы Мәскеу маңында жеке кеш өткізіп, жаңа тарихи әннің тұсауын кестіңдер. Сәуле Жанпеисова өзінің осы бір ерекше туындысын орындауды саған тапсырыпты.  Ресейлік жерлестер жылы қабылдады ма?

-Иә, Мәскеуде өткен жеке концертке мұрындық болған апайымның Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арнаған «Хиуаз» әні болатын.  Бұл әннің алғашқы тұсаукесері ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасында кесілді. Кейін, бағдарламаны тамашалаған Ресейдегі қандастарымыз жеке концерт беруімізді сұрап, арнайы шақырту жіберген еді.  Олар бізді өте жылы қабылдады  Демеушілердің арқасында сол жақта болып, керемет кеш өткізіп келдік. Әнін Сәуле Жанпеисова, сөзін қызылордалық ақын Нұрсұлтан Мықтыбай жазған «Хиуаз» әні тыңдарманның жүрегіне жетті деп ойлаймын. Осындай көркем , тарихи туындыны орындау мүмкіндігі маған берілгеніне қуаныштымын. 

 

 «Хиуаз» әні бағымды ашты деп әңгіме барысында айтып қалдың. Ресейліктер әнді естіп, арнайы шақырту жіберді.  Осы ретте Халық Қаһарманының туған жері Құрманғазы ауданы әнге де, әншіге де лайықты бағасын берді деп естідік?

  • Мәскеуден келген соң Хиуаз Доспанованың туған жеріне арнайы ат басын бұрып, Құрманғазы ауданына, Хиуаз ауылына барып кеш өткіздік. Қазаққа Хиуаздай Халық қаһарманын сыйлаған топырақта тұрып ән салу үлкен мәртебе болды.  Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев  осы әннің орындаушысы ретінде маған ауданның мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін, «Құрманғазы ауданына 95 жыл» мерекелік медальін табыстап, зор құрметке бөледі.  Батыр апамыздың елінен осындай ерекше қошемет көріп қайттық.

Классик әншілерден кімді үлгі тұтасың? Үлкен қалада біліміңді жалғастыра жүріп,  алдағы күнге қандай мақсат қойдың?

  • Өзіміздің классиктер қатарына ең алдымен Ермек Серкебаев, Ғафиз Есімов ағаларымызды қоямын. Сонымен қоса, Дмитрий Хворостовский, Титто Гоби сынды шетелдік классик әншілердің де өнерін үлгі тұтамын. Академиялық –опералық ән айту мамандығы бойынша 12-ші жыл білім алып жатырмын. Бұл өте қиын, көп еңбекті қажет ететін сала. Менің мақсатым-елімізде классикалық өнерді  дамыту. Шет елдерге біздің туындыларды осы жанр арқылы паш ету. Үлкен қалада бұған мүмкіндік өте көп. Сондықтан армандарыма жету жолында тынбаймын.  Бойымда 1 пайыз талант болса, 99 пайыз еңбектену керек екенін жақсы білемін.

Болашақта мүмкінік болса, өңірдің, ауданның мәдениет саласына қандай үлес қосар едің?

  • Аудандағы «Өнерпаз» мәдениет үйі менің бір үлкен мектебім болды. Сол жерден үлкен сахналарға қадам бастым. Алдағы уақытта ауданымыздың мәдениет саласын дамытуға барынша үлес қосамын. Талантты жерлестерімді танытуға, демеуге, Махамбеттік дарындарды қолдауға қашанда дайынмын.

Сұхбатыңа рахмет Шыңғыс! Сені әлі де биік сахналардан көрейік!

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521