«Үйлену оңай...»

Дарынды да талантты жастардан құралған Атырау жастар театры «Үйлену оңай...» тақырыбындағы комедиялық қойылымдарымен ауданымызда болды.

Қазіргі заманда кездесетін өмір шындығын, заманауи бимен, әзілмен аралас- тыра отырып, терең ойға жетелейтін қойылым көрерменнің, оның ішінде жастардың көңілінен шықты.

Бұл қойылымның авторы режиссер Мұханғали Томанов. Қойылым махаббатқа мас болып, бас қосқан үш жас отбасы туралы. Қойылым екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде жаңа өмірге қадам басқан жастардың некелерін қиып, отау құрған сәттері бейнеленеді. Ал екінші бөлімде, сол жастардың некелерін қиып берген АХАЖ қызметкерін күйеуі құрсақтағы баласымен бірге тастап кетеді. Сәбиін өмірге әкелген жас ана не істерін білмей, жаңа туған шақалақты көшеге тастап кетуге мәжбүр болады. Алланың қалауымен сол жермен өтіп бара жатқан мүгедектер арбасына таңылған әйел адам баланы тауып алады. Осынау құбылысты тасадан бақылап тұрған жас ана ақырғы сәтте сәбиін қимай, аналық сезімі оянып, баласын қайтадан бауырына басады. Ең соңында қателігін түсінген баланың әкесі де қайта оралады. Бақытты өмірлері бітпестей болып көрінген үш отбасында да көп ұзамай ұсақ-түйек нәрселер үшін кикілжің басталады. Күйеу жігіттің алыстағы ауылдан келе жатқан қарындасының жазған хабарламасы үшін келіншегімен арасында түсінбеушілік туындап, ажырасуға дейін апарады. Қойылым соңында барлық түсініспеушіліктер шешімін тауып, жастар отбасыларын сақтап қалады. Әкенің өз отбасын тастап кетуі, анасының амалсыздан баласынан баз кешуі, болмашы бір түсініспеушілік үшін ажырасуға бел буған жас отбасылар бейнесі қойылымда айқын сомдалады.

Жастар театрын құрудағы басты мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету, бойында таланты бар балаларды тап басып тауып, өнерлерін шыңдап, театр өнеріне баулу, осы жастардың әрекетін өзгелерге үлгі ету, олардың қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік жасау болып табылады. Театрымыз өзінің 5-ші маусымын өткізуде. Бұған дейін қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп жұмыс жасап келген едік. Биыл бізге Атырау облысы Жастар Саясаты мәселелері басқармасы да қолдау көрсетуінің нәтижесінде, «Жас интеллектуал» Жастар ұйымы қоғамдық бірлестігі болып жаңа маусымды ашып отырмыз. Жаңа маусым осы «Үйлену оңай...» комедиялық қойылымынан бастау алуда. Бұл қойылымның авторы Мұхамбетқали Хасенов. Негізгі түпнұсқасы 1970 жылдары жазылған. Осы шығарманы жаңа заманға лайықтап өңдеген, қоюшы режиссері Мұханғали Томанов. Суретшісі Темірбек Мұхтаров. Биін қойған хореограф Анар Есенғалиева. Осы қойылымды жақында ғана Атырауда үлкен аншлгапен өткіздік. Енді аудандарды аралауға шығып жатырмыз. Ауыл жастары да өздері сияқты жастардың сахнада жүргенін көріп талпынсын деген мақсатымыз бар. Қазіргі қоғамда үйлене сала ажырасып, балаларын тастап кетіп жатқан жас отбасылар өте көп. Осы қойылым арқылы біз үйленудің оңай екенін, бірақ үй болудың қиын екенін көрсеткіміз келді. Бір сағатқа тақап, оның жартысын бимен, жастарға түсінікті болу үшін жеңіл әзілдермен әрлеп жеткізуді жөн көрдік. Көрермендер жақсы қабылдап жатыр, – дейді Атырау Жастар театрының жетекшісі Гүлнұр Қайырлиева.

Бір сағатқа созылған қойылым көрерменнің көңілінен шығып, театр актерлері қошеметке бөленді. Қойылым соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Амангелді Сисенов, ауыл жастарына осындай тамаша көңіл-күй сыйлап, мағыналы да мәнді, тәрбиелік мәні зор шығарманы ұсынғаны үшін театр ұжымына ризашылығын білдіріп, театр жетекшісі Гүлнұр Саясатқызына аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен естелік сыйлығын ұсынды.

Дінмұхамбет СЕРІКҰЛЫ, Атырау жастар театрының актеры:

- Мен осы Махамбет ауы- лының тумасымын. Қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жатырмын. Өмірге адам болып келгеннен кейін кім-кімде өзінің артына бір ізін қалдырғысы келеді. Мен де қазақ елінің мәдениетін дамытуға өз үлесімді қосуды армандаймын. Себебі, қай елдің де дәрежесі оның мәдениеті және спортымен өлшенеді. Оқуымды бітірген соң өзімнің туған жеріме келіп, жастарды өнерге баулығым келеді.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521