Ғарекең салған әндер-ай!

Балалар кітапханасында «Әнін көкке өрлеткен Ғарифолла» кеші өтіп, оған байырғы оқырмандар, зейнеткерлер, кітапханашылар, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталықтың мамандары, мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.

Кешті кітапхана директорының орынбасары Зада Енбаева жүргізіп отырды. Алдымен кітапханашы Г.Есқалиева слайд арқылы Ғ.Құрманғалиев өмірдеректерімен таныстыруға көшті. Ғарифолла Құрманғалиев - асқақ әнші(тенор), ҚазКСР-нің халық әртісі(1954), ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі(1939), тек белгілі ән орындаушысы ғана емес, әнші-сазгер, Мұхит әндерін жалғастырушы деп білеміз. Оның 363 әні бар болып шықты. Әрі екі күйі табылған. Жезтаңдай, күміс көмейәнші, жыршы-жырау, термеші Ғарекең араб тілінің төте жазуымен партиялар жаттаған.

1934 жылы Алматыда өткен бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1 слетіне қатысып, сол жылы Қазақ музыка театрының(Абай атындағы опера-балет театры) құрамына қабылданған. Ол Елемес, Шеге, Сақан, Молда(«Жалбыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Дударайында»), Естай(«Біржан-Сара»), Нарымбет(«Абай»), Тито(«Данси»), Трике(Е.Онегин) т.б. партияларды шебер орындады. Ол 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан. Ғарекең талай спектакль, пьессаларда ойнап, Абай, Нарымбет образдарымен 20 партия орындаған жан.

garifolla1

Кезінде ол Германия,Италия, Қытайда, Ауғанстан жерлерінде ән салды, әншілік-концерттік өнерімен кеңінен танылды. Кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты қыз»т.б. халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Орындаушы ғана емес, өзі де көптеген әндер «Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйген туған өлкемді» шығарды. Әнші Ғ.Құрманғалиев «Әнмен елін тербеткен» кітабын төте жазумен жазған. Нотамен берілген «Әнші даусы» кітабы бар, кейін ол кітап екінші рет шықты. Майдан даласында үш рет концерт қойған екен. Ғарекең әндері «Атырау облысының әншілері» дискісіне енген. Қ.Шәкімовтің «Қазақ дәстүрлі әндері» жинағына енгенін білеміз.

g

Зейнеткер У.Кабдыкаримов өзінің ұзақ жылдар қаржы саласында қызмет еткенін, өнер оңай келмейтінін, адамға өнер табиғи бітетінін, кезінде өзі талай рет Ғарекең әндерін шырқағанын еске алды. Әсіресе, Айбаста 15 жасынан бастап, қолына домбыра алып, Ғ.Құрманғалиев әндерін айтқанын, ол кезде тек ауқатты үйлерде патефоннан Ғарекең әнін талай рет жаттағанын, талай адамдар ән салдырғанын, кейін осы киелі өнер арқасында мәдениет саласына келгенін, тыңдалымнан өтіп, табиғи дауыс арқасында автоклубқа жұмысқа алынғанын, малшы қауымын аралап, Ғарекеңнің, Мұхиттың әндерін шырқағанын айтты.

Соңғы уақыттары Ғарекең әндерін көп адам айта бермейді. Ғасырда бір туатын адам Махамбет ауылының тұрғыны, зейнеткер Ұ.Шонышев та кездесуге шақырған кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, өзінде Ғарекеңнің «Әнші даусы» кітабы барын, күміс көмей, жез таңдай әншінің сазы бөлек екенін, әнші Ғарекеңді тірі кезінде бір-ақ рет көргенін еске алды. Ол халық әндерін бізге жеткізген майталман әнші екенін, өзі үш жасынан бастап ән шырқағанын, сонау жылдары Тасқұдықта тұрған Қуан деген кісі депутат болып, оған әнші-күйшілерді ертіп жібергенінде кездейсоқ Ғарекеңді көріп, әнін естігенін әсерлі әңгімеледі.

Шамамен 1959-1960 жылдар шамасы болуы керек, көп әншімен бірге Ғарекең келіп, «Көк айдайды» беріле шырқапты. Өзі ол кезде алты жастағы ойын баласы болса да белгілі әншінің қысқа толқынды қайратты қара шашы барын да ұмытпағанын еске алды. Ұзақбай ағамыз отыз жылдай мәдениет саласында еңбек еткенін, Ғарекеңнің әнін талай рет шырқағанын, өзінің бір тойда ән салып, белгілі мәдениет қайраткері Н.Үлкенбаевтың көзіне түсіп, келесі күні жұмысқа алынғанын айтты. Ол да автоклубта жұмыс істеп, талай рет Ғарекең әндерін шырқағанын тілге тиек етті.

Танымал ақын С.Сейтовтің «Ғарифоллаға арнау» өлеңін кітапханашы Ж.Сарина мәнерлеп оқыды. Н.Жантурин атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері, З.Ещанова атындағы өнер мектебінің мұғалімі Ханзада Сахипова осыдан 10 жыл бұрын Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығы тойланғанын, соңғы кездері домбыраны қойып, жастар эстрадаға бет бұрып кеткеніне қынжылысын жасырмады. Ол З.Ещанова атындағы өнер мектебінде дәстүрлі ән сыныбы ашылғанын, өзі сонда дәріс беретінін, ағайлар патефоннан үйренсе, өзі пластинкадан Ғарекең әндерін жаттағанын еске алды. Әр жақта әр мектеп қалыптасқанын, мәселен, Арқа жақта-Біржан, Сәкен мектебі болса, Жамбыл, Кенен мектептерімен қатар Маңғыстауда жыршылық мектебі бөлек қалыптасқанын тілге тиек етті. Ханзада ел-жұрқа танымал әншіні өмірінің соңғы кезінде демалып отырған кезінде көріп қалғанын айта кетті.

Сонымен қатар Ғарекеңнің алғашқы талантты шәкірттері М.Төрешов, Ә.Еңкебаев, Қ.Бекбосынов, Қ.Құлышеваттері Қ.Рахимова, Қ.Орашева, Ж.Сарсенғалиев, А.Дәрібаева, С.Тапақова, Г.Сүндетова, Б.Махамбетова, А.Биғалиева, Қ.Бердіғалиев, С.Жанпейісоваларды жақсы білетінін айтты. Ол көп жылдан бері өзі дәстүрлі әнді насихаттап жүргенін, өнер мектебінде дәстүрлі әнді Б.Набиева, К.Әлиевалар да насихаттайтынын, бұл кешке өнер мектебінің вокал сыныбында оқитын кішкентай Әминаны ерте келіпті. Жалпы Ғарекеңнің қойылымдарда, спектакльдерде ойнағанын, операда ән шырқағанын, халық әндерін, Мұхит әндерін өңдегенін, бір ғасырда бір туатын адам болғанын еске алды. Мұндай талантты тұлға, кемеңгер әншіге арналған кешті өнер мектебіне өткізуге ұсыныс жасады.

Әнші Ханзада Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші даусы», Сыпыра жырау термесін, тағы бір әнін домбырамен төгілте орындады. Одан әрі кітапханашы Г.Есқалиева мультимедиадан викториналық сұрақтар қоюға көшті.

Аудандық кітапхананың бибиографиялық-әдістемелік бөлім меңгерушісі К.Суханғалиева кештің өнер тарланы Ғ.Құрманғалиевқа арналғанын айтып, Ғарекең әнін орындаушы әрі байырғы оқырманы ретінде қатысқандарға алғысын жаудырды.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT