Есболдықтар өнерлерін ортаға салды

«Ел рухын көтерген Астанаға - 20 жыл!» атты ауылдық округ өнерпаздарының сазды бағдарламасына есболдықтар да жақсы дайындықпен келіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Алдымен сөз алған Есбол ауылдық округінің әкімі Мереке Әділғалиев барша махамбеттіктерді мерейлі мерекемен құттықтады.

-Биыл қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты.

Ғасырлар тоғысында тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз Астана салынды.Осыдан тура 20 жыл бұрын 1994 жылдың 6 шілдесінде Парламент қабылдаған шешім шын мәнінде тарихи да тағдырлы шешім болды.

Астананың мерейтойы-ел өміріндегі аса ірі оқиға, Қазақстан халқының мерейлі мерекесі.Елдіктің рухын көтерген Елорда мерекесі құтты болсын! – деді Мереке Бағытжанұлы. Ауыл әкімінің құттықтауынан соң сұлу қыздар қазақ биін тарту етті. Әншілер Перизат Қадырова «Жайна, Астана!», Мақым Орынбасаров «Құралай», Динара Нугманова «Елімнің жүрегі – Астана!», Еламан Ғафуров «Аманат», Исатай Атшыбаев «Біздің елдің жігіттері», Ақжан Нығыметова «Айт» әндерін әуелете шырқады. Домбыраны серік қылған Елжан Қамашев Құрманғазының күйі «Балбырауынды» күмбірлетті. Бишілер тобы «Бәйтерек», «Жастар» биін билеп, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Жайнар Ардаққызы «Астана» өлеңін нақышына келтіре оқыды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521