ҚАЗІРГІ ТАҢДА КӨГІЛДІР ЭКРАННАН КӨРЕРМЕН ҚАУЫМҒА ЖОЛ ТАРТЫП, КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒЫП ЖҮРГЕН ОТАНДЫҚ ТЕЛЕСЕРИАЛДАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ — «ХАБАР» АРНАСЫНАН ЕКІ МАУСЫМ БОЙЫ КӨРСЕТІЛГЕН «АҚЫЛДЫҢ КІЛТІ.
ӨМІРДАСТАН» ТЕЛЕЭПОПЕЯСЫ. ОСЫ СЕРИАЛДЫҢ БАСТЫ РӨЛДЕРІНІҢ БІРІН СОМДАҒАН АКТЕР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛЬДЕРІНІҢ ЛАУРЕАТЫ, ЖЕРЛЕСІМІЗ ЕРБОЛ ИДРИСОВ ЖУЫРДА ҒАНА МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ «ӨНЕРПАЗ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ БАСШЫЛЫҚ ТІЗГІНІН ҰСТАҒАН-ДЫ.
– Ербол Мүсәлімұлы, «Өмір өткелдері» сериалы – ең алғашқы дебютті рөліңіз екен. Сол арқылы халықтың әсіресе, жерлестеріңіздің ықыласына бөленіп үлгердіңіз. Одан кейін де талай сериалдарда бой көрсеттіңіз. Актерлік өнер жолында 11 жыл бойы білім алғаныңызды да білеміз. Бір сұхбатыңызда біреу шығарып жібермесе, театрдан кетпейтіндігіңізді айтып қалдыңыз. Әсем Алматыдан туған жеріңізге оралуыңызға не себеп болды?
– Туған жер әрқашанда ыстық қой. Соңғы кездері ауылға қатты тартып жүрді, себебі, кезекті демалыс кездері ауылға келгенде ауыл жайнап, құлпырып жатқанын көрдім, дамып жатқанын сездім. «Мәдениет саласында, оның ішінде театр саласында 14 жылдай қызмет еттің. Оның үстіне халықтың 70-80%-ы таниды. Білген-көргеніңді, жиған-тергеніңді ауданның мәдениетіне салсаңшы» деген ұсыныстар түсті. Содан 30 сағат ойланып, 40 сағат толғанып, бір тұжырымға
келдім де, отбасыммен туған жерге қоныс аудардым.
– 2013 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі болып, қызмет еттіңіз. Театр және кино саласында азды-көпті тәжірибе жинаған беделді әртістердің біріне айналып келе жатқан едіңіз. Әлде ауылда жүрсеңіз де рөлдерге шақырту аласыз ба?
– Негізі шығармашылығымды тоқтатпаймын, қатар алып жүремін. Кинодан ұсыныстар түсіп, кастинг директорлары шақырып жатса, әлбетте түсірілім алаңына барамын. Ал театр жағынан ойымда жүрген 1-2 материал бар, соларды қорытып, жинақтап алсам, моноспектакль шығару ойымда бар.
– Кино, театр саласында жинаған тәжірибеңізді ауданда іске асыруға, көрсетуге мүмкіндік туып тұрған сыңайлы. Бұл тұрғыда сахна мен камерадан қысылмайтын жастарды жинап, театрландырылған қойылымдарды қою, қысқаметражды фильмдерді түсіру ойда жоқ па? Жалпы ауылдың жастарын бір арнаға тоғыстырып, бұрын-соңды ауданда болмаған дүниені сізден және сіз бастаған командадан күтетіні анық.
– Ауданда мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылатын игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді. Ауданға келгеннен кейін сан түрлі оймен, жоспармен келесің ғой. Іске асыратын біраз шаруаларым бар. Ол енді уақыттың еншісінде.
– Жалпы «Өнерпаз» мәдениет үйінде осы жылы қанша шара өткізу жоспарланды? Соңғы 4 айда қанша ісшара өткізіліп, көрермен тартылды?
– Мәдениет үйі маған дейін жоспарларын бекітіп қойған, сол жоспар бойынша жұмыс жасалып жатыр. Арасында форсмажор жағдайлар болып қалады. Сол кезде өзгерістер жасаймын. Ал енді көрерменді тарту мәселесі қазіргі таңда облыс, аудан мәдениет ұжымдарының басты проблемасы. Сол үшін көрермен тарту жағын ойластырып жатырмыз. Көрерменді таң қалдыру үшін не істеу керек, ол қандай өнімді қалап тұр, оған маркетингтік амал жасауды зерттеу керек. Алдымызда аздаған уақытты талап ететін жұмыстар тұр.
– Аудан әкімдігінің қолдауымен қандай мәдени шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылуда? Алдағы уақытта халықты елең еткізер қандай жұмыстарды бастамақ ой бар?
– Қаржы бөлініп, мәдениет үйіне штаттар саны көбейсе, біраз шаралар, байқаулар, жаңа жобалар жасауға болады. Облыс және аудан әкімдігі қаржыландырса, Қазақстан театр қайраткерлер одағымен, театр Ассосациясымен ақылдасып, аудан жастарынан «Жастар театрын» ашсақ деген жоспарым бар. Тек қаржылай қолдау көрсетсе...
– Мәдениет үйі қызметкерлерінің шығармашылығын шыңдау бағытында қандай жұмыстар жасалады? Бір орында отырмай, өздігінен ізденіп жүретін жастарға қолдау көрсетіледі ме?
– Осы жылы мәдениет қызметкерлеріне, оның ішінде шығармашылық топты аттестациядан өткіземіз. Саралайтындарын саралап, категорияларын көтерсек, шығармашыл адамдарға үйірмелерді көбейткіміз келеді. Мәдениет үйінің қызметкерлері балалардың, жасөспірімдердің, жастардың бойындағы талантын дамыту арқылы өзі де шығармашылығын шыңдауға жұмыс жасалады деп білемін. Ізденісте жүрген жастарға да үлкен мүмкіндіктер болады.
– Әңгімеңізге рахмет. Ауданның мәдениет саласын дамытуда зор үлесіңізді қосатыныңызға сенім білдіреміз.
Сұхбаттасқан: Қазбек АЙТҚАЛИҰЛЫ